Әдебиет және тарих ғылымдарын зерттеуші, өлкетанушы, шежіреші, Жамбыл ауданындағы Айымжан ауылының тумасы Қаратай Биғожин көзінің тірісінде бабалары Қожаберген жырау, Сегіз сері (Мұхамедқанапия Баһрамұлының) шығармаларының оқырманға жетуіне өлшеусіз тер төгіп, зор еңбек сіңірді. “Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді” демекші, өлшеулі ғұмырын әдебиет пен тарихты зерттеуге арнаған оның өзі өмірден өтсе де, есімі жүрегімізде мәңгілік сақталып қалды.
Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры Аманжол Күзембайұлы: “Бүкіл ғұмырын шежіре жинауға арнаған Сегіз серінің тікелей ұрпағы, фольклоршы-ғалым Қаратай Биғожин көзі тірісінде бірде-бір кітабын жарыққа шығара алмады. Денсаулығының дімкәстігіне қарамастан, ол Қазақ елін, көршілес Ресейдің қандастарымыз мекендейтін өңірлерін түгелге жуық жаяулап-жалпылап жүріп, аралап шықты. Оның назарынан бірде-бір шежіреші қарт тыс қалған емес. Қолына түскен тарихымызға байланысты материалдарды “Мәдениет”, “Қазақ әдебиеті”, “Ауыл”, “Орталық Қазақстан”, “Солтүстік Қазақстан”, “Сарыарқа”, “Жаңа Сарыарқа”, “Қазақ батырлары” және де басқа газет-журналдарға жариялап тұрды. Қожаберген жырау шежіресін жалғастырып, баспасөз беттеріне жариялаған да осы кісі”, – деп Қаратай Биғожин ағамыздың еңбегіне әділ бағасын беріпті.
Фольклортанушы жерлесіміздің өмірбаянын тарқатып жазу үшін Айымжан ауылында тұратын оның туған қарындасы, тарихтың түп-тамырын білуге баулыған, жол нұсқаушы ұстазым Күлләрәй апаймен арнайы кездесіп, біраз мәліметке қанықтым.
Сегіз сері шежіресінің бір данасын оның үшінші баласы Мұсайын ақын өзіне қалдырып, екінші данасын құдасы Мырзай Тұяқұлы деген әншіге берген екен. Мырзай ақсақал Сегіз сері шежіресі бар хадимше (арабтың ескі әрпімен) жазылған қолжазбаларды Сегіз серінің шөбересі Нұрғожа Нұрмұхаммедұлына 1948 жылы жазда табыс етіпті. Алайда, 1963 жылы 7 қыркүйекте Нұрғожаның үйі өртеніп кетеді. Содан кейін Сегіз сері мұраларын фольклортанушы Қаратай Биғожин ел аралап жүріп, ауыз әдебиеті білгірлерінен жазып алып, оларды бір-бірімен салыстырады.
1965 жылы тамыз айының басында Қаратай Биғожин Қызылжар қаласында ауыз әдебиеті білгірлерінің бірі Мәлік Рамазанұлынан Сегіз сері жинап құрастырған қазақ шежіресінің және соның ішіндегі керей шежіресінің бас жағын жазып алыпты. Мәлік Рамазанұлынан Сегіз сері мұраларын біраз адамдар жазып алған көрінеді. Солардың бірі – әдебиетші-ғалым Төлеш Сүлейменов екен. Көшебе шежіресін Төлеш Әушахымұлы Сегіз серінің шөбересі Нұрғожадан да жазып алғандығы белгілі. Оған 1963 жылы жаздың басында Нұрғожа ақсақал Сегіз серінің мұраларының біразын табыс еткен.
Туған өлкесінің тарихын жаңғыртқан Қаратай Биғожин 1936 жылы 20 наурызда Айымжан ауылында дүниеге келген. Құжат бойынша Қаратайдың әкесі Биғожа болғанымен, оның туған әкесі Нұрғожа (Нұрғожаның баласын Биғожа бауырына салған). Биғожа өз заманында рабфакта оқып, агрономдық білім алған соң Айымжан ауылында агроном болып жұмыс істеді. Кейін екінші дүниежүзілік соғыста мерт болды.
Құрсағында тоғыз ай, тоғыз күн көтерген анасының есімі – Сағынай. “Ағам жарық дүниеге әкелген анасы туралы: “Анам Сағынай қолыма қалам ұстатып, жазу-сызуды үйретті. Маған өмір сыйлаған абзал жанның мінезі жұмсақ, кеңпейіл болатын деп еске алушы еді”, – дейді қарындасы Күлләрәй Тырқаева.
Қаратай Биғожин кіндік қаны тамған Айымжан ауылында жетіжылдық білім алған. Мұғалімнің айтқанын тез ұғып алатын зерек, алғыр, оқуға қабілетті шәкірттердің алды болған. Ол сүйікті ұстазы туралы: “Сағдат Өркешовтың алдынан тәлім алдым. Ағай менің білімімді әділ бағалайтын, берген жауабыма дән риза болатын”, – деп шәкірттік шағын ерекше сағынышпен есіне алып отыратын. Талабы таудай боз бала оқуын одан әрі Баян орта мектебінде жалғастырады. Қызылжар қаласындағы техникумда экономист-есепші мамандығын алды. Есеп-қисапқа жүйрік жас туған ауылына оралып, есепші болады. Алғыр жігіт Қарағанды қаласындағы педагогикалық институттың тарих факультетін тамамдағаннан кейін Булаев (қазіргі Мағжан Жұмабаев) ауданындағы Сарытомар орта мектебінде тарих пәнінен сабақ берді.
Әдебиет әлеміне құштар Қаратай Биғожин Талдықорған қаласындағы тарихи мұрағатта, республикалық ғылыми-зерттеу институтының “Қазақ батырлары” бөлімінде еңбек етті. “Керей” шежіресі, Сегіз сері, Қожаберген жырау, Салғара бабалардың мұраларын зерттеп, зиялы қауымның бел ортасында жақсы жағынан танылды. 1974 жылдан бастап Алматы қаласындағы М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының қоғамдық тілшісі және ауыз әдебиеті мұраларын жинаушы қызметінде өз еңбегімен көзге түсті. Айымжан ауылының және орман, көл атауларының шығу тарихын зерделеп-зерттеуге ғұмырын сарп етті. Ауыз әдебиетін зерттеуші, фольклоршы ретіндегі еңбектері 1990 жылдың басында шыға бастады.
Қожаберген жыраудың шығармалары Биғожаның ағасы Нұрғожаның шаңырағында сақталған. Солақай саясат өз үстемдігін жүргізіп тұрған уақытта жырау туралы айтуға, шығармаларын оқуға тыйым салынған. Қаратай атамыз баһадүр батырдың шығармаларымен таныс болған. Ақын-шежірешілер жайында жыр-дастандарды атасы Нұрмұхаммедтен (лақап аты Тырқай) тыңдап, санасына құйған. Өзінің айтуы бойынша, мектеп қабырғасында оқып жүргенде шежіремен айналысқан. “Жарықтық атам Нұрмұхаммед үлкен шежіреші еді”, – деп есіне алатұғын. Ел мен жер тарихын көнекөз қариялардан сұрастыру арқылы зерттеп, жинаған деректерін салыстырып отырған. Нақты қорытындыға келу үшін ақиқаттың шындыққа жанасуына баса назар аударды. Ол шағын денелі болса да, бойында ерік-жігер басым еді.
Қорыта айтқанда, табанын тоздырып ел аралады, барған жерінен бос қайтпай құнды деректерді жазып әкелді. Іссапарда көп жүріп, діттеген мұратына қол жеткізу үшін мыңдаған шақырымды артқа тастаса да, маған атақ, даңқ, марапат беріңдер деген жоқ. Әдебиет пен тарих жанашырының қалдырған мол мұрасы өшпейтініне, өміршең екендігіне сенеміз.
Игілік РАХМЕТОВ.
Жамбыл ауданы.
ЭБС "Библиороссика"
ЛитРес: библиотека
Қазақстанның ашық кітапхана
Казахстанская национальная электронная библиотека
Қазақстанның ашық кітапхана
Электронное правительство
Рухани жаңғыру
Послание президента
Государственные символы