Алаш ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлы «Біздің заманымыз – өткен дәуірдің перзенті, келер заманның атасы», деген екен. Ұлттың қамын ойлап, қазақтың қараңғы көзін ашуға «масадай» ызыңдап өткен Ахаңның сөзінің жаны бар. Тегінде, тарихтан сабақ алмаған елдің ешқашан бағы жанған емес. Тарихты сараптап, жас ұрпақ бойына сіңіріп қана біз кемел келешектен үміттенуімізге болады. Елбасының ұйғаруымен биылғы жылы ұлт болып ұйысып, алты алаш жұрты болып жұмылып Қазақ хандығының 550 жылдығын дүбірлете атап өтуіміздің мәні де осында деп түсінемін.
Бүгінгі ең басты құндылығымыз тәуелсіздігіміз десек, оған жетудегі соқтықпалы-соқпақты, сан-салалы бұралаң қалтарыстардың барлығы да иісі қазақ баласының көкірегінде сарнап тұруы керек. Тәуелсіздіктің бізге берген толайым мүмкіндіктерін дұрыс игеріп, талай жыл бұғауда болып, ашыла бермеген құпиялар мен заманында ұлт келешегі үшін тер төккен арыстардың сара жолдары тарих бетіне толығымен шығып, бүгінгі жастарға үлгі болуы тиіс. Қазақтың маңдайының бағына жаралған Керей, Жәнібек, Қасым, Есім, Тәуке, Абылай сынды елдің іргесін сөкпей, керегесінің кеңейіп, босағасының беріктігін бекемдей білген айтулы хандар мен оларға ел басына түскен қиын-қыстау күндерде аңдысын аңдап, байыпты кеңесін, қара мен ақтың әділ төрелігін бере білген Төле, Қазыбек, Әйтеке, басқа да билердің, «толғамалы ала балталарын асынып», «егеулі найзаларын қолға алып» елдің шетін ағат басқан қас дұшпанға қарсы шапқан Бөгенбай, Қабанбай, Қарасай, Наурызбай секілді батыр бабалардың ұрпаққа тағылым еткен аманаттары жүзеге асуы тиіс.
«Біздің тарих – бұл-дағы қалың тарих», деп арқалы ақын Қадыр Мырза Әли айтпақшы, сан қабатты тарихымыздың Керейдей еңселі ханымыз бен айбынды Жәнібек ханның жаңа мемлекеттің босағасын қағып, шаңырағын көтерген тұстарына назар салсақ, оның нағыз ел тарихындағы белесті кезең екенін танимыз. Олай дейтініміз, Дешті Қыпшақты жайлаған дала жұртының Шыңғыс ұрпақтарының өзара қырқысынан діңкесі құрыған шағында екі сұлтанның Шу алқабына, Қозыбасыға қарай қоныс аударып, батылдық танытып, Қазақ хандығын құруы тарихымыздағы айтулы оқиға еді. Қазақ хандығының қарамағындағы екі жүз мыңнан астам халық бір орталыққа бағынып, Керей хан мен Жәнібек сұлтанның әділетті билігіне бас иіп, тонның ішкі бауындай татулықта болып, бірлігін сақтағандығынан аз уақыттың ішінде сол кездегі қуатты мемлекеттің біріне айналды. Елдіктің туын тігіп, ұлт болып ұйысқан қазақ жұрты сол кездегі өзге бауырлас түркі халықтарынан өмір сүру салты, этностық мәдениетімен де ерекшелене білді.
Жастайынан батырлығы мен батылдығы арқасында танылған Керей Қазақ хандығының тұңғыш ханы болып сайланып, «көк аспанда күн күймесінің еркін қозғалғанындай, сайын далада еркін көшіп-қонып» жүрген көшпелілердің өмір сүру салтына негіздей, әдет-ғұрып нормаларын саралап, жаңа заң жүйесін қалыптастыра білді. Тарихи деректерден Керей ханның қуатты әскер қатарын құрудағы жаңа-шыл принциптерін де тани аламыз.
Керей ханнан соң өзінің аталы жолымен тақты иемденген Жәнібек ханның да тарихтан алар бағасы зор. Өз заманында Жәнібек Керей салған жолмен өкшелей басып, ұлттың ұлылығын арттырып, мерейін тасытып, елдің ірілігін асырып, зерделі ой, зерек көңілімен «қаумалаған қалың жұрттың» ықыласына бөленіп, халқынан «Әз-Жәнібек» деген бағасын алды.
«Түгел сөздің түп атасы болған» Майқы бидің «Хан әділ болса, халық ынтымақты болады», дегеніндей Керей мен Жәнібектің әділетті билігі, тыңнан тұңғыш жол салып жасаған алғашқы заң жүйесі, халықты жұмылған жұдырықтай бірлікте ұстауы – бүгінгі татулықты ту еткен, әлем назарын жасампаздығы мен қарқынды даму стратегиясымен өзіне аударған қуатты Қазақстанның негізі болды. Қос ханның тұсында пайда болып, көшпелі қазақ қоғамының тірегі болған билер соты да өзгерген өмірге, қоғам мен саясатта болған түбегейлі өзгерістерге қарамастан, бүгінгі құқық саласында қызмет етіп жүрген ұрпақтарының да игілігіне айналды.
Халықтың бірлігін нығайтып, анталаған көп жаманның діттегеніне жеткізбеу үшін қасқайып қарсы тұрған, елдің әл-ауқатын жақсарту үшін барынша қарманып, қазақ даласына нағыз «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» шуақты күндерді орнатып, нар тұлғасымен ел жадында мәңгілікке сақталған хандардың бірі – Әз-Тәуке еді. Тәуке хан өз жанына даланың дана философтарына айналған, талас-тартыстың небір қиын шырмауларынан алып шыға алған, тауып айтар шешендігімен өзара араздықтан сыйластық пен бейбітшілікке жол бастай білген, «қырық кісінің ары мен білімін бойына қондырған» Төле, Қазыбек, Әйтеке сынды дара ділмарларды топтастырып, елдің берекесін қашырар дау-жанжалды дер кезінде тыйып, игілікті істі бірге бастап, халықтың әл-ауқатын едәуір биікке көтерген еді. «Ел иесі құтты болса, халықтың ала болмайтынын» өзінің парасатты ісімен өз заманына да, бүгінгі жас ұрпаққа да дәлелдеп, үлгі бола білді. Даланың қоғамдық-саяси өмірінің қазыларына айналған бұл тұлғалар кез келген мемлекеттің ішкі тәртібінің сақталуы мен оның нығаюының алғышарты болатын, елдің әрбір мүшесінің мүдделерін қорғай алатын құқықтық жүйенің қажет екендігін білген еді. Осы негізде жасалған жеті бағыттағы әдет-ғұрыптық заңдар жүйесінен құралған, «Қасым ханның қасқа жолының», «Есім ханның ескі жолының» жалғасы Әз-Тәукенің «Жеті Жарғы» заңдар жинағының бағасы бүгінде арта түспесе, өз биігінен түскен жоқ. Басты мақсаты Қазақ мемлекеттілігінің құрылымын қорғауға және оның шекарасының бүтіндігін, ұлттың бірлігін сақтауға, текті қазақтың тұнығын лайламауға бағытталған бұл дала заңы бүгінде Тәуелсіздігімізбен егіз ұғымдай болған Ата Заңымыздың негізгі тірегіне айналды.
Тәукенің төбе биі болған Төле бидің тәрбиесін алған, ешнәрседен тайсалмайтын, жанап кетсе қиып түсер наркескендей, қасарысқанға қасқайып қарсы тұратын, аруақты, батыр туған Абылайдың ел билеген кезеңінен де жас ұрпақтың тағылым алар тұстары мол. Қазақ тарихының ерлікке толы кезеңдерінің бірі – ХVІІІ ғасырда он сан қазақтың тізгінін ұстаған ер Абылайдың алға ұстаған мақсаты – халқының бостандығы мен еркіндігі, мемлекеттілігі мен тәуелсіздігі еді. Бір орталыққа бағынған қуатты мемлекет құруды көксеген Абылайға үш жүздің көптеген рулары қолдау көрсетеді. Қазақ тарихындағы ғасырлар қатпарын аудара қарап шықсаңыз Абылайдай әділ, Абылайдай терең, Абылайдай батыр туған қолбасшы болған емес дейді. Абылайдың кеңесшісі, оның бүкіл ісіне ақыл-кеңесімен де, жырымен де қолдау көрсете білген Бұқар жыраудың жырларында әділдіктің ақ туын жықпаған хан бейнесі:
Жетім менен жесірге
Ешбір жаман қылмадың,
Әділетпен жүрдіңіз,
Әдепті іске көндіңіз, деп жыр болып өріледі.
Шоқан Абылай хан жайлы «Қазақтардың аңыз-әңгімелерінде Абылай айрықша қасиеті бар киелі, керемет құдірет иесі болып саналады. Абылай дәуірі – қазақтардың ерлігі мен серілігінің ғасыры», дейді. Ғалымның «ерлік ғасыры» деуінің себебі: осы кезеңде қазақтың талай батырлары ат үстінде жүріп, елін-жерін қасықтай қаны қалғанша жаудан қорғап, «отша жайпап, бөріше бүріп», ел тұтастығын сақтауға аянып қалмаған кезі еді. Осы ғасыр тарих сахнасына қазақтың Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Шапырашты Наурызбай сынды ер-ұландарын тудырды.
Абылай ханның билеуші ретінде елдің тұтастығын сақтап, халықты бір орталыққа біріктіріп, ел саясатын жүргізуде ешкімге бағынбай, тәуелсіз шешім қабылдай алуы – қазақтың бытырамай, атадан балаға мұра боп қалған қастерлі жерінің толық сақталуына тірек болды. Бүгінде әлем кеңістігінде өз тағдырын өзі шешетін, ешкімге бағынышты емес, тәуелсіз ел болып танылған Қазақстанның қазіргі болмысына Абылай ханның өлшеусіз үлесі бар деп білеміз.
Бабаларымыздың көрегенділігі мен ел билеу үлгісін бойына сіңіре білген Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «…Тарих ғылым үшін ғана зерттелмейді, өткеннен өнеге-үлгі, сабақ алу үшін жазылады», деп тарихты танудың маңыздылығын нақтылап айтқан болатын. Ендеше, тарихымызды дұрыс зерделеп, бабаларымыздың елдік жолында кешкен ауыр жолдары мен ерлік істерін жас жеткіншектердің бойына сіңіріп, олардың отансүйгіштік қасиетін арттыруымыз керек.
Қазақ хандығы өзіндік мемлекет болып құрылған сәттен бастап әскердің орнына ерекше маныз бөлінген. Тіпті, қазақ хандығы әуелден әскери ұжым болып құрылып басталған десек артық айтпаған болар едік.
1465 жылы Керей хан мен Жәнібек хан Шу мен Талас өзендерінің арасындағы аймаққа орналасып қазақтың туын тігіп, қазақ хандығын құрғанда, олардың көшінің басы әскер болған. Қор-ғаны жоқ халықтың құрып кететінін елбасы болған хандар әуел бастан түсініп, әскердің орнын ерекше бағалаған. Ел болып еңсесін енді көтерген халықтың досынан дұшпаны көп болғаны айдан анық.
Жәнібек ханның баласы Қасым хан билеген кезеңде «Қасым ханның қасқа жолы» деген заңдар жинағын қолданысқа енгізгенде, оның бір тарауы әскери заңға арналған еді. Оның тараулары: мүлік заңы; қылмыстық заң; әскери заң; елшілік заңы; жұртшылық заңы деп бөлінген.
Қасым ханның әскери заңында – соғыс кезінде халықтың әскерге баруы мен бағынуы, әскери бөлімнің құрылу қағидасы, әскери табысты бөліп алу туралы қағидалар болған.
Есім ханның тұсында «Есім ханның ескі жолы» атты заңдар жинағы жасалған, бұл жинақта әскерді жинау, әскерді басқару ханның уәзірлерінің қолында болғанын, сондай-ақ қазақ халқының тарихында соғыс кезінде қол жинаған, «рубасы», «жүзбасы», «елбасы» деген ұғымдарды енгізді.
Тәуке ханның (1680-1718 ж.) билік еткен тұсында хандықтың батысында астрахандықтармен Сырдария бойындағы қалалар үшін, ал оңтүстік-шығысында жоңғарлармен соғыс кезі, қазақ халқының ең күрделі және ауыр кезеңімен тепе-тең келеді. Алайда, осы аласапыран заманда Тәуке хан соғыс жағынан да, халықтың қамын ойлау жағынан да асқан даналықты көрсетіп, үш жүз билерінің басын қосып, «Жеті Жарғыны» қазақтың Ата заңы ретінде қалыптастырды. Тәуке ханның «Жеті Жарғысының» 3-бөлімі әскери мәселелерге арналған. Аталған заманда бас қолбасшылық Тәуке ханның қолында болды. Соғыс жылдары әскердің саны 80 мың сарбазға жетіп, ал бейбіт кезде 500-1000-ға жуық тұрақты әскер болған. Бейбіт кездегі әскердің негізгі міндеті хан ордасын ішкі бүлікшіліктен қорғау және ханның қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылған. Бұл кезде қазақ хандығында әскерлер тек әскери істермен емес, сондай-ақ саяси істермен, елшілік міндеттермен де айналысқан. Сол кезде Тәуке ханға тікелей бағынатын «Барлаушылар жасағы» арнайы дайындықтан өткен атты сарбаз болған. Бұл жасақ соғысатын мемлекеттің ішіне кіріп, сол жақтағы әскердің саны мен ұрыс тактикаларын Тәуке ханға жеткізіп отырған.
«Жеті Жарғының» ішінде саяси тұрақтылық пен әскери тәртіпке қатысты нормалардың бірі ретінде «көтеріліс жасап, бүлік шығарған кісілерге өлім жазасы бұйырылсын», «жау шапты, аттан» деген суық хабар келгенде әрбірі қару ұстап жауға қарсы шабуыл жасауға міндетті» деген нормаларды айтуға болады.
Соғыс кезеңінде қару-жарақты, соның ішінде қылыш пен садақты ер-азаматтар өздерімен бірге, ал тыныш заманда тек пышақ сияқты қаруды алып жүруге міндетті болған. Сол кездің өзінде сатқындарға қатал жаза қолданылған, «Ұлы Түрік қағанаты» мемлекеттілігінің тамаша ынтымақтастығының негізінде күшті болғанын ескере отырып, «Жеті Жарғыда» «Түркі халықтарының мүддесін сатып, елге опасыздық еткендер өлім жазасына бұйырылсын» деген норманы бекіткен. Аталған нормалар әлі күнге дейін өзінің өзектілігін көрсетіп отыр. Елге деген опасыздыққа қатысты Тө-ле би Тәуке ханға «Ерді намыс – қоянды қамыс өлтіреді», «Өлімнен ұят күшті», «Сатқында – ұят жоқ, опасыздарға обал жоқ. Опасыздарға бақ пен дәулет қонған жоқ» деп кесіп айтқан болатын. Соғыс кезеңдерінде тұтқында болу, тұтқынға алу көп кездескен. Тұтқында болса да өз мемлекетін сатпау, әрбір адамның парызы деп санаған. 1742 жылдың көктемінде қалмақтармен соғыс кезінде Абылайды Қалден Церен тұтқынға алғанда, Қазыбек би жоңғар басшысына барып, өзінің шешендігінің, көре-гендігінің арқасында 1743 жылы Абылай елге оралады. Аталған оқиғадан билердің рөлі тек сот емес, елші екенін де байқауға болады.
Қазіргі таңдағы әскери соттың қазақ халқы үшін таңсық нәрсе емес екендігіне, қазақ хандығының өзінде де әскери қызмет қағидаларының болғандығы, олардың мемлекет үшін қызмет атқарғанын байқауға болады.
Белгілі академик С.Зимановтың: «…көне дәуірдің мұрасы ретінде ұрпақтар үшін қазақтар екі мәңгі құндылықты сақтап қалды. Ол – сөз құдіреті мен заң құдіреті» дегеніне қарап, қазақ хандығы тұсындағы заңдардың өзіндік тарихи рөлі мен қанша уақыт өтсе де ұрпақтан-ұрпаққа жеткендігінің өзі зор мағынаны білдіретінін атап кету керек.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев халыққа Жолдауында: «2015 жыл – ұлттық тарихымызды ұлықтау және бүгінгі биіктерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы. Қазақ хандығының 550 жылдығын, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциямыздың 20 жылдығын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өтеміз. Осынау тарихи белестер Жаңа Қазақстандық Патриотизмді ұрпақ жадына сіңіруде айрықша рөлге ие», деген болатын. Осы орайда Жоғарғы Сот Төрағасы Қ.Ә.Мәмидің бекітуімен мамыр айында «Қазақ хандығындағы дәстүрлі құқық және сот билігі» тақырыбында конференция өткізілмек. Аталған шараның өтуіне біздің республикалық Әскери соттың судьялары да өз үлестерін қоспақ. Бұл конференцияда біздің тарапымыздан өз заманында елдің ауызбіршілігін сақтай білген Мөңке, Ақтайлақ, Қанай билердің бітімгерлік қасиеттері зерделенеді. Ғасырлар қойнауынан аттары бізге мұнартып жеткен бұл үш тұлғаның билер соты жүйесінен алар орны ерекше. Олардың ел ішіндегі алуан түрлі даулы істерді шешуде ұстанған билік жолы толығымен танылуы керек. Бүгінгі атқарылған игілікті істің бәрі де кемел болашақтың кепілі, жалпыұлттық идеямыздың тірегі болмақ.
Мәңгілік Ел идеясын қайта жаңғырту арқылы Қазақ мемлекеті өзін баяғы Ұлы хандықтардың мұрагері ретінде танытуда. Н.Ә.Назарбаев 2014 жылғы Жолдауында: «Мәңгілік Ел – ата-бабамыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы екенін барлығымыз білеміз. Біз үшін болашағымызға бағдар етіп ұлтты ұйыстыра ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – Мәңгілік Ел идеясы. Ендігі ұрпақ – мәңгілік қазақтың перзенті. Ендеше, қазақ елінің ұлттық идеясы – Мәңгілік Ел», деп, келешектегі мақсатымызды айқындап, мүддемізді анықтап берген болатын. Ендігі кезекте барша қазақ баласы осы жолда аянбай тер төгіп, бабалардың сара жолын жалғастырып, Қазақ елі мәңгілік елге айналуы керек!
Сәкен АБДУЛЛАЕВ,
Қазақстан Республикасы Әскери сотының төрағасы.
Абдуллаев С. Ұлт тарихы – ұрпаққа өнеге // Егемен Қазақстан. - 2015. - 23 сәуір

ЭБС "Библиороссика"
ЛитРес: библиотека
Қазақстанның ашық кітапхана
Казахстанская национальная электронная библиотека
Қазақстанның ашық кітапхана
Электронное правительство
Рухани жаңғыру
Послание президента
Государственные символы