Ата жұрты бұқара
Өз қолыңда болмаса,
Қанша жақсы болса да,
Қайратты туған ер ғаріп.
Асан Қайғы.
ӨЗБЕК-НОҒАЙ-ҚАЗАҚ ҰЛЫСЫ
Қазақстанның орта ғасырлар тарихында ХV ғасырдың орны ерекше. Біріншіден, көп ғасырлық этностық үдерістер нәтижесінде қазақ халқы жеке хандық құрды. Екіншіден, құрылған хандықтың алғашқы кезеңінде ауыр жағдайларға қарсы тұра білді, халық өсімінің негіздері қаланды, тұрғылықты аумақты кеңейте, шаруашылық-мәдени өмірді нығайта алды. Қазақ қауымы ұлт болып қалыптасты.
Қазақ хандығының құрылу тарихы XIX ғасырда Шоқан Уәлиханов зерттеулерінде былайша беріледі: «…ауызша аңыз әңгіме бойынша қырғыздар (қазақтар) Барақтың ұлы Жәнібекті өздерінің ханы санайды. Қалай болғанда да, аңыз бойынша Жәнібек Жошы ұрпағынан шыққан қазақтардың бірінші ханы болған… орданың екі жақыны, ноғайлар мен қазақтардың тұрмыстары бірге болған. Жәнібектің билік құрған кезеңі қырғыздың поэмасында «Алтын ғасыр» ретінде жырланады. Далалықтар арасындағы Жиренше шешеннің (дана), әз-Жәнібектің және ноғай философы Асан қайғының адамгершілік жөніндегі жыр-аңыздарының басым бөлігі қазіргі кезеңге дейін қолданыста». Бұл жерде Ш.Уәлихановтың кейінгі тарихи кезеңдегі бір-бірінен ажыраған туыс халықтар, қазақ және ноғайды бірге айтуы да бекер емес-ті.
Хандықтың атауының өзі, тарихи аренаға шыққан ұлттық және бұрын-соңды белгісіздеу жаңа мемлекеттің пайда болуы туралы айғақтады. XV ғасырдың ортасында Орталық Азияның кең даласында өздерін «қазақ» деп атаған қауымдастық тарихи аренада пайда болып, Қазақ хандығы құрылуымен Қазақстанның жеке тарихы басталады (түрік те және Алтын орда дәуірі емес). Қазақ хандығының құрылуы Алтын Орда, Ақ Орда және Моғолстан сияқты мемлекеттердің даму тарихы мен өмір сүруінің жалғасы болды. Бірақ, Орталық Азияның саяси картасында мықты Қазақ хандығының пайда болуының өзі Шыңғыс ұрпағы – Әбілқайыр хан және оның жақын туысқандары Жәнібек (басқа нұсқа бойынша – Абулсағит) пен Керей сұлтандардың есімдерімен тікелей байланысты болды.
XV ғасырдың бірінші жартысында Әбілқайыр хандығы (Ақ Орда, Өзбек ұлысы) иелігіндегі Дешті-Қыпшақ даласы, қазіргі Орталық Қазақстан (Ұлытау), Батыс Қазақстанның бір бөлігі Орталық Азияның мықты мемлекеттік бірлестіктерінің бірі болатын. Билікқұмарлығымен белгілі болған Әбілқайыр хан маңайындағы сұлтандарға қаталдығы олардың қарсылығын туғызды.
Осындай шиеленіс, әсіресе, Орда Ежен, Шайбани және Тоқа Темір ұрпақтары арасында де тереңдей түсті. Сол кезеңде Мұхаммед Хайдар Дулатидің жазып кеткеніндей, Әбілқайыр билік үшін күрес жолындағы бәсекелестеріне қысым жасап, Орда-Ежен ұрпақтарын мазалап отырған. XV ғасырдың алпысыншы жылдарына дейін Орда-Еженнің бірбеткей ұрпақтары – Жәнібек пен Керей қолдаушыларының жеткіліксіздігінен әрі билеушілеріне тәуелді болғандықтан Әбілқайырға тегеурінді қарсылық көрсете алған жоқ. Әбілқайыр тарапынан қауіп-қатерлерді сезінген сайын бұл сұлтандар одан бойларын аулақ ұстауға тырысты. Көрегендігі таяздау Әбілқайырдың жүргізген саясаты салдарынан үзіліссіз соғыстар болып тұрды. Шаруашылықтың тұрақсыздығы, билеушілердің өзара қырқысы мен қарамағындағыларды қорқыныш пен қысымда ұстауы, қалың бұқараны қиыншылық пен материалдық игіліктерден айыруы, шексіз қатал іс-әрекеттер, өлкенің экономикалық жағдайын күйзеліске ұшыратты. Онымен қоса,
Әбілқайыр кезінде көршілерімен соғыс жиі болып тұратын. Әбілқайыр хандығының ішкі жағдайының осы кезеңдегі тұрақсыздығын жас сұлтандар дер кезінде пайдалана білді. Олар қазіргі Қазақстанның батыс бөлігі аймағында хан билігіне қарсы топтардың өзіндік одағын құрады. Өжет, тәкаппар сұлтандар өте сақтықпен өздерінің қолдарына бірқатар ірі қалалар, сауда орталықтары және су көздері мен жайылымдық жерлерді берік ұстай білді. Бұл кезеңде олар өздерінің қарамағындағы рулармен Орталық және Батыс Қазақстанның кең далаларында көшіп-қонып жүрді. Кейде олардың қонысына сансыз қырқыстарға және хан саясатына наразылық білдіргендер де, яғни Әбілқайырдың жақтастарының бір бөлігінің қосылып отырған кездері де аз болмады.
Әбілқайыр хан бұған жауап ретінде, Керей мен Жәнібек сұлтандардың бөлектенуіне қарсы күрес бастап, өзінің әскери күшін олардың бақылауындағы өңірге жылжытады. Ханмен тікелей айқасудан бойларын аулақ салған сұлтандар Жетісудың оңтүстігіне қоныс аударады. Осы кезеңдегі болған оқиға туралы орта ғасыр авторы Махмуд бен Вали былайша баяндайды: «Әбілқайыр өзінің жауларынан Дешті-Қыпшақ даласында үстем түскенде, Жошы ханның кейбір ұрпағы, мысалы, Керай хан (мәтінде осылай – Б.А.) және Жәнібек хан бағыну мен бойұсынудан бас тартып, отанын тастап кетуді ұйғарды. Мұраға қалған жерден (ата-бабаларынан) бас тартып, бөтен елге апаратын жолға бағыт алды. Олар «өздерін мойындаған лайықты» адамдар тобымен Моғолстан бағытындағы жолды таңдады». Сұлтандарға ергендер қатарында Асан Қайғы, Қодан-Тайшы, Жиренше шешен және басқа да белгілі қайраткерлер болған.
Белгілі Ресей тарихшысы Тұрсын Сұлтанов Әбілқайыр мен жас сұлтандар Керей мен Жәнібектің бөлінуі жөнінде мынадай дерек береді: өзара қырқысу және билік үшін күрес кезінде Әбілқайырдың баласы – Шах-Бұдақ сұлтан қайтыс болады. Оның артында ұлдары – Мұхаммед және Махмұд сұлтандар қалады (кейінірек, Әбілқайырдың бұл немерелері өзбек-қазақ қатынастарында маңызды рөл атқарады – Б.А.). Т.Сұлтанов «Шах-Бұдақ сұлтан, әкесі Әбілқайырдың тағына таласушылармен болған үш шайқастың бірінде, оны қорғау үстінде қайтыс болуы мүмкін… Әбілқайыр үлкен ұлының өлімі үшін кек қайтарған болу керек, Жошы тұқымынан шыққан бірқатар ханзадаларды қырып салғандығын» алға тартады. Сонымен қатар, Т.Сұлтанов «Бахр ал-асрар-ға…» сілтеме жасайды. Одан әрі зерттеушінің жорамалдауынша, Шайбанилердің саяси қарсыластарының ішінде бақытына қарай, тірі қалғандар – Ұрұс хан ұрпағы, Керей және Жәнібек сұлтандар. Кейбір деректер бойынша Шах-Бұдақтың өліміне Керей сұлтанның қатысы бар. Біздің ойымызша, сол кезеңдегі дәстүр бойынша «қанға-қан», «кек алу» дәстүрі болғанын ескерсек, жоғарыдағы болжам негізсіз емес секілді. Жәнібек сұлтанның қастандыққа, оның ішінде Шах-Бұдақ сұлтан өліміне жанама немесе тікелей қатысы болған-болмағанына қарамастан, тағдыры шешіліп қойылған еді. Демек, оларға одан әрі, Әбілқайырдың маңайында қалудың мәні қалмаған.
Айрықша көңіл бөлетін тұс – оқиғалардың Ұлытау бөктерінде болуы. Халық игілігі, бүкіл қазақтың аңызға айналған ата-бабалары – Жошы хан мен Алаша хан мавзолейі сонда орналасуы. Шалкиіз, Асан Қайғының жырлары Қазақ хандығының құрылуы мен нығаюының куәсі және солай болып қалары анық. Бірақ, қазақтың ежелгі және орта ғасыр деректеріне кеңес кезеңіндегі идеологиялық кедергілер салдарынан көңіл бөлінбеді және айтылмады. Кітаптардан күшпен алынып тасталды. Қазақтың ауызша тарихи деректерін білмегендіктен зерттеушілерге белгісіз күйінде қалды. Айта кету керек, қазіргі кезеңде де зерттеу жұмыстарында ауыз әдебиеті немесе басқа да жазбаша деректерді пайдалану өзекті болып тұр.
Тарих ғылымында Қазақ елі тек Әбілқайыр ұлысынан бөлініп шыққан деген біржақты пікір бар. Ал ақиқатына келсек қазақ тайпалары негізінен Ноғай ордасынан ықпалды себептермен қоныс аударғаны мәлім. Оған дәлел – бізге жеткен халық ауыз әдебиеті жырларындағы Асан Қайғы, Қодан-Тайшының ноғайлы-қазақ, ноғайлы ұлысы жөніндегі жыр шумақтары. Бұл жөнінде Сәкен Сейфуллин де («Қазақ әдебиеті», 1932 ж.) ашық ойын білдірген еді. Сондықтан қазіргі қазақ пен ноғай еліне – Асан Қайғы, Шалкиіз, Жиренше шешен, Қазтуған жыраулар ортақ мұра болып табылады. Бүгінгі ноғай халқында өз-өзіне қолы жетіп, отау құрған балаларын «қазақ болып кетті» дейді екен. Ал қазіргі қазақтарды қалай атайсыздар деген сұраққа былайша жауап қайтарды: «Сіздерді «Алаш баласы» дейміз». Бұл түбі бір екенін дәйектейді.
Асан Қайғы жырларында айтылғандай, Керей мен Жәнібектің қоныс аударуы Әбілқайыр ұлысының ыдырауын жеделдеткен толассыз текетірес, өзара қырқыс салдарынан болды. Оның үстіне алыс өлкеге «жаңа қазақтарға» қоныс аудару да оңайға соқпады. Қонысынан, туғандарынан айырылу адамдар бойында ашу мен ызаны туғызды, мұндай реніштер Асан Қайғының өлеңдерінде «Жәнібек ханға Асан Қайғы айтты» жырында нақтылап көрсетілген.
Бұл арнауда кезінде батыс өңірінен оңтүстікке қоныс аударған Жәнібек сұлтанды жазғыру сезіледі. Ақылгөй ақын, Жәнібек саясатын сынға алушылардың бірі болды. Асан Қайғының сұлтанға арнауы мемлекеттік басқарудың кемшілігін көрсете, көсемнің уайым-қайғысыз және мамыражай әрекеттеріне соққы береді. Жазушы-ғалым Мұхтар Мағауин Асан Қайғының құлдыраған Алтын Ордадағы жер иеліктері үлесі үшін болған өзара қырқысуды ғана уайымдамағанын, ол хандықтың әлсіреуінің, өзара талас-тартыстың қауіптілігі жөнінде ескерткенін және көрші мемлекеттің өсіп келе жатқан даму ауқымына мән бергенін пайымдайды.
ӘБІЛҚАЙЫР
Атты мен жаяудың сәлемі жараспас.
Жиренше шешен.
Мақаланы дайындау барысында талданып отырған мәселеге орай, қазақ, ноғай, өзбек ғалымдарының зерттеулеріне мән беруді жөн санадым. Әбілқайыр хан туралы өзбек ғалымдары да кеңірек жазған. Н.Норқұлов пен У.Жораев VIII сыныпқа арналған оқулықтарында (Ташкент қ., «Шарк», 2001ж.): «XV ғасырдың 20-жылдарынан бастап Шайбани ұлысы күшейе бастайды: Шайбанидың ұрпағы Әбілқайыр хан (1412-1468) Дешті-Қыпшақтың шығыс бөлігін жаулап алып, өзінің мемлекетін орнатады.
Әбілқайыр хан 1446 жылы Сырдарияның орта ағысындағы қалаларды – Сығанақ, Аққорған, Аркөк, Үзген және Созақ, Чинга-Тураны (қазіргі Ресей Федерациясындағы Тюмень қаласы) иелігіне қосты, мемлекет астанасын Сығанақ қаласына көшірді. 1447 жылы Шахрухтың өлімі туралы білген соң және Мәуереннахрдағы Ұлықбектің жоқтығын пайдаланған Әбілқайыр хан Самарқандтың төңірегіне шапқыншылық жасайды. 1449 жылы Ұлықбектің өлімінен кейін, Самарқандта билік үшін Темір ұрпағы ханзадаларының өзара күресі үдей түседі. Бұл жағдайды пайдаланған Әбілқайыр, 1451 жылы Самарқандқа жорық ұйымдастырады және Темір ұрпағының ішіндегі өзінің жақтасы Абулсайд сұлтанның таққа отыруына көмектеседі.
Әбілқайыр жорықтан түскен мол олжасымен отанына, Сығанаққа оралады. Көрсетілген көмегі үшін ризашылығын білдірген Абулсайд сұлтан Әбілқайырға Ұлықбектің қызы – Рәбие Сұлтанбегімді ұзатады». Бұл дерек алда айтқан оқулықтың 8-9-беттерінен алынып отыр. Өзбек ғалымдары Әбілқайыр ханның отанына қайтып оралу фактісін келтіре отырып, оның отаны қай жерде екенін айтпайды. Біз үшін Әбілқайыр ұлысының «отаны» немесе астанасы қайда екенін айқындау өте маңызды.
Алтын Орда тарихын зерттеушілердің бірі – М.Г.Сафаргалиев белгілі ғалымдарға (В.Бартольд, С.Ибрагимов) сілтеме жасай отырып, Әбілқайыр ұлысының астанасы бірнеше жыл Орда-Базар болғандығын айтады. Әбілқайыр 1430 жылы өзі мемлекетінің астанасы Орда-Базар қаласы екенін жариялаған көрінеді. М.Г.Сафаргалиев бұл қаланың қай жерде орналасқанын нақты айта алмаған. Зерттеулерге зейін қойсақ Орда-Базар Орталық Қазақстандағы Ұлытау бөктерінде болғанын көрсетеді.
Шындығында, көшпелі мемлекет пен кең ауқымды территорияны тиімді басқаруға ыңғайлы, жоғары хан ставкасы – Дешті-Қыпшақтың орталық бөлігінде болуы тиіс еді. Әбілқайырдың Орда-Базардағы қолдаушылары сол ғасырдың 40-жылдарының ортасында: «Ең жақсы қыстауға ие болу үшін, Сығанақ қаласына шабуыл жасауға бекінді. Әбілқайырдың қалың әскерін көрген қала хакімі (билеушісі), өз еркімен бағынғанын білдіріп қала кілтін тапсырады», депті. Сығанақ қаласы Оңтүстік Қазақстан территориясында орналасқан.
Осы тұста, өзбек тарихшылары Әмір Темір әулеті билік құрған жерлерде, Мәуереннахр ісіне Әбілқайыр бірде-бір рет араласпағаны жөнінде айтады.
Ұлы сұлтандардың, оның ішінде Керей де қатысы болды деген Шах-Бұдақтың сарайдағы өлімі Сығанақта болса керек. Бұл оқиға одан кейінгі оқиғалар көрсеткендей, ерекше рөл атқарғаны мәлім. Дағдарысты жағдайға 1457 жылы Өз-Темір қалмақтарымен болған Әбілқайыр әскерінің жеңілісі де кері әсер еткен. Ғылыми-зерттеулер Әбілқайырдың қалмақтармен келісімінің ел ішінде қатты наразылық тудырғаны жөнінде де мәлімет береді. III.
ҚОНЫС АУДАРУ …
Арғымақтың баласы
Арыған сайын тың жортар,
Арқа мен қосым қалар деп.
Ақ дария толқын күшейтер…
Алаң да алаң, алаң жұрт,
Ағала ордам қонған жұрт…
Қазтуған жырау.
Сұлтандар атбасын оңтүстікке, Моғолстанға қарай бұрды. Бұл бөлініп шыққан топтың Әбілқайырдың қарамағындағылар мен оны жақтаушыларынан айырмашылығы бар еді. Жәнібек пен Керейді қолдаушылардың бір бөлігі, өздерін «қазақтармыз» деп атай бастады. Моғолстан халқының өмір сүру салты, тілі және мәдениеті бойынша, Әбілқайыр хандығындағы тұрғындардың айырмашылығы алшақ емес еді. Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» еңбегінде, негізгі оқиғалар былайша беріледі: «…Сол заманда Әбілқайыр ханның Дешті-Қыпшақ даласына түгелдей билік жүргізіп отырған кезі еді. Ол Жошы ұрпағының сұлтандарына жорық жасады, Жәнібек хан мен Керей хан одан қашып, Моғолстанға келеді. Есенбұға хан оларды құрметтеп қарсы алып, қоныстануға Моғолстанның (қазіргі кезеңде бұл мекен – Хантау, Хан тауы (төбесі) деп аталады) батыс жағындағы Шу өзені алабындағы Қозыбасыны берді. Олар бұл аймақта тыныш өмір сүрген. Әбілқайыр хан қайтыс болған соң өзбек ұлысы бір-бірімен шайқасып, араларында үлкен келіспеушілік туды. Жұрттың көпшілігі Керей хан мен Жәнібек ханның жанына кетіп қалды. Олардың саны екі жүз мың адамға жетті, оларды өзбек-қазақ деп атай бастады. Қазақ сұлтандары билігінің бастауы 870 (1465-1466) жылдан басталады. Ал Алла жақсы біледі. 940 (1533-1534) жылға дейін қазақтар Өзбекстанның көп бөлігіне өз биліктерін толық жүргізген еді». Мұндағы ақпарат бойынша мұсылман жыл санауындағы (хижра) 870 жыл, қазіргі күнтізбе бойынша 1465 жылға сәйкес келеді.
Сонымен қатар, әртүрлі мәліметтер негізінде Мұхаммед Хайдар Дулати: «Тамызда келген ханзадаларды құрметпен және ризалықпен «күтіп алды», яғни қуғындалушылар емес, сарай өкілдері ретінде», – деп көрсетеді. Себебі, ол кезеңде Әбілқайыр хан жағынан да, ойрат-жоңғар билеушілері тарапынан да мықты қысым көргендіктен, Моғолстан билеушілері үшін қазақтардың көшіп келгені және олармен одақ жасау пайдалы болды. Бұл Жәнібек пен Керей үшін де тиімді еді. Қазақ сұлтандарына сүйене отырып, Есенбұға негізгі қарсыластары жоңғарларға қарсы жаңа одақтастарын бағыттау арқылы өзінің кейбір сыртқы саяси міндеттерін шеше алды. Орта ғасырлық автор Махмұд ибн Уәли Жәнібек пен Керейдің жауынгерлерінің Моғолстан өңіріндегі ойраттар және қырғыздармен бірнеше жыл шайқасқанын және оларды ығыстырғаны жөнінде дерек береді. Бұл оқиғалар көрнекті ғалымдар – В.Юдин, М.Әбусейітова, К.Пищулина тарапынан терең зерттелінгенін айта кеткеніміз ләзім.
Біздің пайымдауымызша, Әбілқайырдан Керей мен Жәнібектің бөлінуі, қазақ мемлекеттігі құрылуының алғашқы қадамы ғана болған-ды. Бес томдық «Қазақстан тарихының» (1998 және 2010 жж.) екінші томындағы мәлімет бойынша, қоныс аударған тұста Жәнібек қырық жас шамасында болғандығы алға тартылады. Ал Керей болса, одан бірнеше жас үлкен екен. Бұл тәжірибелі, ақылды саясаткерлердің алдын ала ойласа және келісе шешкен қадамы көрінеді. Бірақ бұл шешімнің ауырлығы, үдере көшу кезінде ел де екіге айырылатындығы еді. Екінші жағынан, оларға мұндай қадам жасауға Әбілқайырмен қатынасын үзуге түпкілікті шешім қабылдаған көшпелі тайпалардың жаппай көңіл күйі мен олардың ниеттері де әсер етті. Жәнібек пен Керейді қолдаушылардың жылдам қарқынмен өсе түсуі, осы бағытты бекіте түседі. Бірақ, Есенбұғаның 1462 жылы қайтыс болуымен Жетісуда қазақ билеушілеріне қарсы тұра алатын нақты күш болған жоқ. Есенбұғаның інісі Жүніс хан бұл кезде Ташкентте жүрген. Моғолстандағы өзара қырқыстардың басталуы – Жәнібек пен Керейдің саяси бағытының алмасуына негіз жасады. Көп уақыт өтпей-ақ, табанды қазақ сұлтандары Моғолстан билеушілеріне бағынудан бас тартып қана қоймай, Жетісу аумағын өздеріне бағындырып, патшалық таққа отырды. Осы кезеңнен сұлтандар лауазымы өзгереді, оларды енді өздері сенімді түрде хандар деп атай бастайды.
( жалғасы бар)
Керей мен Жәнібек Қазақ хандығының негізін салушылар // Егемен Қазақстан. - 2015. - 4 маусым
ЭБС "Библиороссика"
ЛитРес: библиотека
Қазақстанның ашық кітапхана
Казахстанская национальная электронная библиотека
Қазақстанның ашық кітапхана
Электронное правительство
Рухани жаңғыру
Послание президента
Государственные символы