*2015 – – Қазақ хандығының 550 жылдығы
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «2015 жыл – ұлттық тарихымызды ұлықтау және бүгінгі биіктерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы. Қазақ хандығының 550 жылдығын, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциямыздың 20 жылдығын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өтеміз. Осынау тарихи белестер жаңа қазақстандық патриотизмді ұрпақ жадына сіңіруде айрықша рөлге ие», деп атап көрсетті. Тәуелсіздігінің ширек ғасырға жуық жаңа шежіресінде өркениеттік даму үрдісімен төрткүл дүниені таңдандырған Қазақстанның мемлекеттігі кейбіреулер айтқандай кеше ғана басталмаған. Оған Мемлекет басшысының 2014 жылғы 22 қазанда Астана қаласы активімен кездесуіндегі: «Керей мен Жәнібек 1465 жылы алғашқы хандықты құрды, қазақтың мемлекеттігінің тарихы сол кезден бастау алады», деген сөзі дәлел. Осыған орай төл тарихын білгісі келетін қалың оқырманға Қазақ хандығының төрт ғасырлық шежіресінің елеулі кезеңдерінен сыр шерткен қысқаша танымдық шолуды ұсынып отырмыз.
Осыдан бес ғасырдан астам уақыт бұрын Көк Орда билеушісі Орыс ханның ұрпақтары Керей мен Жәнібек сұлтандар Әбілқайыр ханға бағынудан бас тартып, Шу өзенінің бойындағы Қозыбасы атты қоныста дербес хандықтың туын көтерді. Еркіндік аңсаған елін азаттық ұранымен жігерлендірген батыр бабаларымыз Керей мен Жәнібек жаңа бір ұлыстың дербестігін жариялап, жаңғырған қазақ этносының атауын алған тарихта тұңғыш тәуелсіз Қазақ хандығын құрды. Атақты тарихшы Мұхамед-Хайдар Дулатидің қалдырған нақты деректеріне сүйене отырып, тарихшы-ғалымдарымыз Қазақ хандығының құрылған кезі 1465 жылы болғанын белгіледі.
Алғашқыда Керей мен Жәнібек сұлтандардың соңына еріп, қазақ болып бөлінген халықтың саны екі жүз мың адам екен. Сол заман үшін бұл санның да көп халық болғанымен, байтақ ұлысты жайлаған қазақтардың қандастары бұдан сан есе артық болатын. Шу бойына ту тіккен жаңа хандық біраз орныққаннан соң бүкіл Көк Орда жерін түгел қайтару жолындағы жорықтарын бастады.
Сонымен 1465 жылы атамекенімізде тұңғыш рет Қазақ хандығы атты тәуелсіз мемлекет дүниеге келіп, бүгінгі біртұтас қазақ халқының негізі қаланды. Қазақ ордасы құрылғанда алдымен жасы үлкен Керей сұлтан ақ киізбен хан көтеріліпті. Одан кейін Жәнібек хан билік құрды. Тарих сахнасына шыққан біртұтас Қазақ мемлекетінің ұлттық ұраны – «Алаш», мемлекеттік Елтаңбасы – «Төре таңба», яғни көне түрік заманынан келе жатқан бас таңба. Бас байрағы – төре таңбалы қызыл ту, Астанасы – қасиетті Түркістан қаласы болды.
Қазақ хандығының төрт ғасырға созылған шерлі шежіресінде жиырмадан астам хан билік құрған екен. Ел билігін қолға ұстаған бұл тарихи тұлғалардың талайым тағдырлары да сан қилы, билік құрудағы қабілеттері де әр деңгейде болды. Мемлекет іргесін нығайтып, туған халқының мәңгілік сүйіспеншілігіне бөленгендері де, елін тоздырып, дұшпанға таба қылғандары да жоқ емес. Бірақ олардың бәріне ортақ бір қасиет – өз замандарының қалыптасқан жағдайларына байланысты қал-қадірінше хандық туын жықпауға тырысты. Төрт ғасыр Қазақ хандығының билігін ұстаған тұлғалар мыналар еді:
Керей хан Болат сұлтанұлы 1465-1474 жылдары билеген. Жәнібек хан Барақ ханұлы 1474-1480 жылдары билеген. Бұрындық хан Керей ханұлы 1480-1511 жылдары билеген. Қасым хан Жәнібек ханұлы 1511-1522 жылдары билеген. Момыш хан Қасым ханұлы 1522-1523 жылдары билеген. Тайыр хан Әдік сұлтанұлы 1523-1533 жылдары билеген. Бұйдаш хан Әдік сұлтанұлы 1533-1538 жылдары Жетісу өңірін билеген. Тоғым хан Жәдік сұлтанұлы 1533-1537 жылдары билеген. Ахмет хан Жаныш сұлтанұлы 1533-1535 жылдары Сырдария маңын билеген. Хақназар хан Қасым ханұлы 1538-1580 жылдары билеген. Шығай хан Жәдік сұлтанұлы 1580-1582 жылдары билеген. Тәуекел хан, Шығай ханұлы 1582-1598 жылдары билеген. Есім хан Шығай ханұлы 1598-1628 жылдары билеген. Жәнібек хан Есім ханұлы 1628-1643 жылдары билеген. Салқам Жәңгір хан Есім ханұлы 1643-1652 жылдары билеген. Батыр хан Бөлекей сұлтанұлы 1652-1680 жылдары билеген. Тәуке хан Жәңгір ханұлы 1680-1715 жылдары билеген. Қайып хан Хысырау сұлтанұлы 1715-1718 жылдары билеген. Болат хан Тәуке ханұлы 1718-1729 жылдары билеген. Әбілмәмбет хан Болат ханұлы 1729-1771 жылдары билеген. Абылай хан Көркем Уәли сұлтанұлы 1771-1781 жылдары билеген. Кенесары хан Қасым сұлтанұлы 1841-1847 жылдары билеген.
Иә, төрт ғасыр бойы дәуірлеген Қазақ хандығының тарихында нелер болмады. «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалап» қалың қазақ мамыра-жай тірлік кешкен дәуірлеу кезеңі де, жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартып кең сахараны бұлт торлап, ер етікпен қан кешкен күйзелген кезеңдер де өтті. Енді бүгінгі тарихшылардың, зерттеушілердің, қаламгерлердің әр кезеңде жарық көрген деректі дүниелеріне сүйене отырып, сол бір аумалы-төкпелі төрт ғасырлық тарихи шежірені санамызда саралап, тағы да бір зерделеп өтейік.
Көнеден келе жатқан небір тарихи деректерде бүгінгі тәуелсіз Қазақстан Республикасы алып жатқан ұлан-ғайыр аймақ ежелден-ақ қазақ халқының этникалық негізі болып табылатын қазақ тайпаларының атамекені болатын. Қазақ хандығының құрылуы қарсаңында XIV-XV ғасырларда): үйсіндер өздерінің байырғы заманнан бергі мекені – Жетісу өңірінде, дулаттар – Іле, Шу, Талас өзендерінің сағаларында, Ыстықкөлдің оңтүстігін, Оңтүстік Қазақстандағы «Отырар жасыл алқабын», қаңлылар – Қаратау баурайын, орта Сырдария мен Жетісудың батыс бөлігін, арғындар – Ертістен батысқа қарай Орталық Қазақстанды, Сырдарияның алқаптарын және Жетісудың батысын, наймандар – Ұлытаудан Есілге дейінгі аймақтарда, қоңыраттар – Түркістан мен Қаратау өңірлерін, керейлер – Тарбағатайда, Ертіс бойында, Зайсан көлінен Ом және Тобыл өзендерінің аңғарларына дейінгі ұлан даланы жайлап жатты.
Сібірден Сыр бойына, Ертістен Жайық атырабына дейінгі жарты әлемді алып жатқан қазақ тайпаларының арасында қыпшақтардың орны ерекше еді. Тіпті, сонау XIII ғасыр тарихшыларының деректерінде Алтын Орда хандары «Қыпшақ патшалары» деп аталды. Алтай тауларынан Дунайға дейінгі ұлан-ғайыр аймақты түгел қамтыған Алтын Орда атты алып мемлекеттің еуропалық бөлігі – оң қанат, ал азиялық бөлігі – сол қанат деп есептелген еді. Атақты қаламгер Мұхтар Мағауин «Қазақ тарихының әліппесі» атты еңбегінде: «Алтын Орданың оң қанаты – Ақ Орда, сол қанаты – Көк Орда деп аталады. Бұл арада көне түрік тілінде ақ сөзі – батыс, көк сөзі – шығыс дейтін мағына беретінін айта кету керек. Сондықтан совет тұсындағы кейбір тарихи еңбектердегідей бұл екі орданың орнын шатастыруға болмайды. Алтын Орданың шығыс бөлігі, яғни Көк Орда негізінен қазіргі Қазақстан Республикасының территориясын қамтыды» деп тұжырымдайды.
Осындай құрылымдар еліміздің батыс өңірінде де құрылып жатты. Әрине, оның бәрін тізбелеп жату газет мақаласының аясына сыймайды. Ендеше, сайын дала ешқашан иесіз жатқан емес. Кешегі отаршылдық езгі есімізді алып, бодандық бұғауында болған соңғы ғасырлардағы «аға халық» өкілдері санамызды улап, миымызға сіңдірмек болғандай «бұратана халық, тексіз, мемлекетсіз, жалпақ даланы малша жайылып жүрген жабайы тайпалар» емес екенбіз. Сан ғасырлар бойы дәуірлеген мемлекеттерімізді жоққа шығарып, тарихи шындықты қасақана бұрмалаудан ештеңе шықпады. Жалпы, жалғандықтың құдіретті уақыт алдында дәрменсіз екендігін тарих тағы дәлелдеді.
Осы орайда ойымызды жинақтай айтсақ, бүгінгі азат алаш елінің түп қазығы – көне Түрік қағанаты, Алтын Орда – одан кейінгі бабаларымыз орнатқан ұлы мемлекетіміз, Көк Орда қазақ жұртының этникалық бірлігінің бастауында тұрған қазаққа ғана тиесілі мемлекет болса, Қазақ хандығы халқымыздың есімімен көрінген, этнос ретінде түбегейлі орнықтырған тәуелсіз мемлекеттік құрылымымыз.
1428 жылы Көк Орданың билеушісі Барақ хан опасыздың қолынан опат болды. Өз заманының тарихшылары ақылды, қайсар да батыл әмірші деп бағалаған. Барақ өмірінің барлық күресін Көк Орданың қуатын арттыруға арнады. Ол өзі билік құрған кезде бұл мақсатын орындады. Осы әміршінің кезінде Көк Орда мүлде дербес мемлекет ретінде танылды.
Барақ ханның қазасынан кейін біржола ыдырауға бет бұрған Алтын Орданың шығыс бөлігіндегі елдің де ішіне іріткі кіріп, билікке таласқан сұлтандар мемлекет бірлігінің тамырына балта шапты. Көк Орданың іргесі сөгіліп, оның орнына Әбілқайыр хандығы мен Ноғай одағы құрылды. Жошыдан тараған Шайбани бұтағынан шыққан Әбілқайыр хан билік құрған жылдарында қол астындағы халықты алалап, Орта Азияның отырықшы аймақтарына бүйрегі бұрды. Бұл Орда – Ежен, Тоқай-Темір әулеттерінен тараған тұғыры берік сұлтандарға ұнамады. Ұзақ уақыт толассыз жүрген қантөгіс соғыстар мен ішкі билікке таласқан қырқыстар Әбілқайыр хандығының іргесін шайқалтты, халықты ауыр күйзеліске ұшыратты.
Ауыр тауқымет тартқан халық бейбіт өмірді, Әбілқайыр ханның үстемдігінен құтылып, тәуелсіз тіршілік етуді арман етті. Қазақ халқы ашық азаттық айқасына шықты. Міне, нақ осы тарихи сындарлы шақта Көк Орданың атақты билеушісі Орыс ханның ұрпақтары Керей мен Жәнібек сұлтандар Әбілқайырдың үстемдігіне қарсы көтерілген қазақ тайпаларының көсеміне айналып, тәуелсіздік жолындағы қасиетті майданға шықты.
Қалың қазақ тайпаларын бастап Батыс Жетісуға қоныс аударған Керей мен Жәнібек Моғолстан ханы Есенбұғадан (1434-1462 ж.ж.) қоныс сұрады. Есенбұға жауынгер қазақтарды Әбілқайырға қарсы пайдалану үшін қарсы алып, қоныс берді. Керей мен Жәнібек осы жерде Қазақ хандығын құрды. Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и-Рашиди» атты еңбегінде былай делінеді: «Жәнібек хан мен Керей Моғолстанға көшіп барды. Есенбұға хан оларды құшақ жая қарсы алып, Моғолстанның батыс шетіндегі Шу мен Қозыбасы аймақтарын берді…».
Тәуелсіздік туын көтеріп, дербестігін паш еткен Қазақ хандығының атағы шығысымен-ақ Дешті Қыпшақ жұрты Әбілқайыр ханның қыспағынан құтылып, бөгетін бұзған тасқын судай ағылып, жаңа хандыққа қосыла бастады. Әбілқайыр хан өзіне қарсы шығып, дербес хандық құрған қазақтарға қылышын қайрап, жойып жіберуді көздеді.
1468 жылы қыс айында Әбілқайыр хан Қазақ хандығын жойып жіберу үшін ұзақ дайындалған жорығына аттанды. Бірақ оның қалың әскері Қазақ хандығына қарсы соғысқа құлықсыз еді. Олар іштей азаттық аңсаған халықтың қасиетті күресіне жақтас болатын. Өйткені, олар да Керей мен Жәнібектің туы астындағы жұрттың қандастары – бір халық өкілдері, бәрі бір Алаштың ұлдары еді. Сөйтіп, Әбілқайыр ханның бұл жорығы діттеген жеріне жете алмады. Күтпеген жерден алапат суық соғып, әскердің жолын бөгейді. Сол жерде Әбілқайыр ханға кенеттен кесел жабысып, қайтыс болады.
Әбілқайыр өлген соң оның әскері тарап кетеді. Оның елінде қиян-кескі тақ таласы басталып, хандық ыдырай бастайды. «Әбілқайыр хан дүние салды да, өзбек ұлысының шаңырағы шайқалды. Ірі-ірі шиеленістер басталды. Оның үлкен бөлігі Керей хан мен Жәнібек ханға көшіп кетті» (Мұхаммед Хайдар Дулати, «Тарих-и-Рашиди»).
Иә,осы бір тағдыр тартқан тиімді жағдайды қазақ хандары Керей мен Жәнібек дер кезінде, барынша пайдаланды. Олар дереу атқа қонып, өздері осыдан біраз жыл бұрын еріксіз тастап кеткен атамекені – Дешті Қыпшаққа қайта оралды. Еркіндіктің қасиетті туын көтеріп, не өлу, не жеңу күресіне шыққан қазақ халқының тұңғыш хандары, жаужүрек көсемдері Керей мен Жәнібек Әбілқайыр ханның мұрагерлеріне қарсы бітіспес соғысты бастады. Халықтың шексіз сеніміне ие болған және азаттық жолындағы адал күресте парасаттылықтарын таныта білген қазақ хандары бастаған істерінің ақ екендігін аз уақытта дәлелдеп, ірі табыстарға жетті.
Көреген Керей хан мен Жәнібек атамекенді азат ету жолындағы бұл қанкешті соғыстарда Әбілқайырмен ұзақ жылдардан бері билікке таласып келе жатқан Жошы ұрпақтары – Ахмет хан мен Махмұд сұлтандардың, батыс Сібірдің билеушісі Ибақ ханның да күшін шебер пайдалана білді. Сондай-ақ, өздеріне іш тартатын Ноғай одағының билеушілерімен де сенімді одақтас болды.
Қазақтардың жойқын күшіне төтеп бере алмаған Әбілқайыр ханның мұрагері Шайх Хайдар ойсырай жеңіліп, жазасын алды. Дешті Қыпшақта үстемдік қылмақ болған Өзбек ұлысының сан мыңдаған әскері ыдырай қашты. Әбілқайыр ханның немерелері Мұхаммед Шайбани мен Махмұд сұлтан Астраханьға барып паналады. Әбілқайыр ханның мұрагерлерімен болған азаттық күресінде толық жеңіске жеткен Керей мен Жәнібек Дешті Қыпшақ даласын түгелдей Қазақ хандығының игілігіне қаратты. Әбілқайыр ханның 40 жылға созылған езгісінен құтылған көптеген қазақ тайпалары атамекендерінде дербестігін алған Қазақ хандығының туы астында топтасты. Әртүрлі ұлыстарда бытырап жүрген қазақ рулары енді қазақ деген ұлттық атауға ие болып, жөке халық, дербес мемлекет ретінде тарих сахнасына шықты. Қазақ хандығының халқы бір миллионға жетті. Ол заманда мұндай халқы бар мемлекет саусақпен санарлықтай ғана еді.
Міне, өркениетті елдер шоғырында еңсесін биіктетіп, Көк байрағын асқақ желбіреткен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 23 жылдығын артқа тастап үлгерді. Бұл – сонау ғасырлар қойнауынан атойлаған бабалар үрдісі жалғасының салтанат құруы. Ұлы даланың қас перзенті – қазақ халқының азаттық жолындағы қасиетті күресінің асыл шежіресі, сол жолда елін бастап, ту көтерген бабаларымыздың өшпес есімдері біз үшін қашанда қымбат. Әлі көмескіліктен арыла алмай келе жатқан осы асыл шежірені, ардақты есімдерді жарқырата паш етіп, ұрпағымыздың ұлттық мақтанышына айналдыру – кезек күттірмес парыз.
Осы орайда, халқымыз үшін еңбегі ерен, есімі қасиетті екі тұлға бар. Олар – Қазақ хандығының іргесін қалаған, мызғымас мемлекет құрған, халқымыздың біртуар ұлт болып бірігуіне мұрындық болған – Керей хан мен Жәнібек хан. Бұл екі тұлғаны бір-бірінен ажырата бағалау артықтау болар. Екеуі де – елі үшін басын бәйгеге тігіп, ұлтының ұлылығын асыруда аянбаған парасат иелері, халық сүйген перзенттері. Қазақ хандығы құрылғанда жасы үлкен Керей хандық тізгінді ұстаса, одан кейін Жәнібек билік жүргізді. Қазақ Ордасының іргеленуі мен іріленуі Жәнібек хан тұсында болған. Жаңа хандықтың мемлекеттік құрылымы мен заң жүйесі де Жәнібек заманында жүйеленіп, келер ұрпаққа мұра етілген.
Халқымыздың қасиетті шежіресінде Жәнібек ханға ерекше айшықты орын беріледі. Ол ел естелігінде ақылгөй, данагөй және әділетті әмірші ретінде мәңгі қалған. Халық оны жай ғана Жәнібек хан демей, Әз-Жәнібек деп айрықша әспеттейді. Сондықтан да, бұл кесек тұлға, тарихи қайраткер Тәуелсіз Қазақстанның жаңғырған жаңа тарихында жан-жақты зерттеліп, лайықты зерделенуі тиіс.
…одан соң інілер қаған болды
Қазақ мемлекетінің бұдан кейінгі төрт ғасырлық шежіресінде халқымыздың қасиетін арттырып, іргелі елдігін өрістетуге ұйытқы болған ірі тарихи тұлғаларымыз: Қасым хан, Хақ-Назар хан, Тәуекел хан, Еңсегей бойлы ер Есім хан, Салқам Жәңгір хан, Әз-Тәуке хан, Абылай хан, көкжал Кенесары хан газетіміздің алдыңғы нөмірінде сөз еткен Әз-Жәнібек ханның тікелей ұрпақтары болып келеді.
Атамекенінде азаттық туын көтеріп, дербес іргелі хандық құрған қазақ халқының талайым тағдыр алға тартқан тар жол, тайғақ кешулері осымен тәмам бола қалған жоқ. Тәуелсіз жас мемлекеттің бітіспес қас дұшпанына айналып, кек қуған Әбілхайыр ханның немересі Мұхаммед Шайбанимен жұлқыласқан соғыс отыз жылдан астам уақытқа созылды. Бұл қанкешу шайқастар Керей ханның ұлы Бұрындық ханның (1480-1511) тұсында аса шиеленіскен сипат алды.
Әз-Жәнібек хан қайтыс болғаннан кейін Қазақ хандығының билігі Керей ханның ұлы Бұрындықтың иелігіне көшеді. Бұл – 1480 жылдың шамасы болатын. Кешегі Көк Орда ұлысында, Дешті Қыпшақ даласында азаттық күресін бастап, Тәуелсіздік туын тіккен Қазақ хандығы осы ширек ғасыр уақытта төрт тағанына нық тұрып, төңірегіндегі елдерді санасуға мәжбүр еткен іргелі мемлекет ретінде қалыптасып алды. Ақылына іскерлігі сай Әз-Жәнібек өзі дара хандық құрған жеті жыл ішінде мемлекеттің құрылымын, басқару және заңдық жүйесін, әскери тәртібін жасап, берік орнықтырып кетті.
Қазақ хандығының алғашқы басқару жүйесінен кейінгі кезеңдеріне дейін жалғасқан озық үрдіс алғаш осы Әз-Жәнібек қалдырған заңдарда нақты көрініс тапса керек. Оның ішінде ерекше көңіл аударарлығы – хандық биліктің әкеден балаға емес, ағадан ініге көшуі. Ол – ағайын арасындағы алауыздықты болдырмай, туыстықты берік жалғастыруға, інінің ағаны, кішінің үлкенді құрмет тұтуына негізделген ұлттық дәстүрді нығайтуға бағытталған көрегендік саясат еді. Ол – сонау Түрік қағанаты кезеңінен ұлттық қанымызға сіңген ізгілікті үрдістің лайықты жалғасы болатын. Оған көнедегі VIII ғасырдан бізге жеткен Білге-қаған ескерткішіндегі «Әуелі әкелер қаған болды, одан соң інілері қаған болды, содан кейін балалары қаған болды» деген қасиетті шежіре жазулары айқын дәлел.
Төрт ғасыр бойы дәуірлеген Қазақ хандығының алғашқы «алтын ғасыры» тарихында осы бір ұлағатты үрдісті барынша бұлжытпай ұстауға күш салынғаны анық байқалады. Әз-Жәнібектің өзінен туған Махмұт, Еренші, Әдік, Қасым, Жаныш, Таныш сияқты ел ішінде естілігімен де, ерлігімен де аттары шыққан, өңкей сырттан тоғыз ұлы бола тұра, хан тағының аға баласы – Керейдің ұлы Бұрындыққа берілуінен де осы бабалар дәстүрін жаңа мемлекеттің заңдарында орнықтырып, ұрпаққа ұлағат етіп қалдыру мақсатынан туған ізгілікті үрдістің нақты жалғасын көреміз. Данагөй әкенің парасатты өнегесіне сөзсіз бағынған тоғыз сұлтан ата дәстүрін берік орнықтырып, қазақ елінің мерейін асырды. Олардың ешқайсысы Бұрындық ханның алдында тексіздік танытпады. Тіпті, сол кездің өзінде айбары асқан, «тақсыз хан» атанған Қасым сұлтанның өзі де Бұрындық ханға қарсы келмеді. Осы ұлағаты зор озық дәстүрді сол заманның тарихшылары да: «Бір кезде өз әкесі Жәнібек Керей ханның билігіне бас ұрғаны сияқты, Қасым да Бұрындық ханды ұлық тұтты», – деп ерекше мән бере жазған.
Бұрындық хан билік құрған кезеңде Қазақ хандығы ата жауларының үздіксіз жүргізген басқыншылық соғыстарына күйрете соққы бере отырып, ел іргесін де кеңейте түсті. Қазақ хандығы Көк орданың байырғы астанасы Сығанақ қаласымен бірге Сырдарияның жағасындағы стратегиялық маңызы зор Созақ, Сауран, Аркөк, Үзкент, Аққорған сияқты қалалары мен шұрайлы аймақтарын өзіне қаратты. Сонымен бірге, қасиетті Түркістан, атақты Сайрам, ежелгі Отырар қалалары дұшпандардың көз құртын жеген қазақ мемлекетінің иелігі еді.
Сырдария бойындағы бай қалаларды жаулап алу жолында бітіспес қанды шайқастар жүргізген Қазақ Ордасының қас жауы – Мұхаммед Шайбани болды. Сол сияқты Әмір Темір әулетінен шыққан Әмір Мұхаммед Мәзит Тархан хан мен Моғолстан билеушісі Жүніс хан да қазақтардың стратегиялық маңызы зор бай қалаларын өздеріне қаратып алуды көкседі. Мұхаммед Шайбани Сырдың бойындағы қалаларды басып алу және атасы Әбілхайырдың Дешті Қыпшақта құлаған үстемдігін қайта орнату үшін қазақтармен 30 жыл үздіксіз соғысты. Бұл соғыстарда ол бірде Әмір Темір әулеттеріне, бірде Ноғай одағына, бірде Моғолстан хандарына иек артты. Шайбани хан өзінің осы пиғылын қайткен күнде жүзеге асыру үшін Қазақ еліне төрт рет жойқын басқыншылық жорық жасады.
1509 жылы Мұхаммед Шайбани мұздай қаруланған 100 мың әскермен қаңтардың қақаған қысында Сырдарияның мұзынан өтіп, Әз-Жәнібектің ұлы Жаныш сұлтанның ұлысына шабуыл жасады. Қамсыз жатқан бейбіт елді қырып-жойып, Аркөк, Үзкент, Түркістан (Ясы) қалаларын басып алып, Жаныш сұлтанның қыстаулары Қарабдалға жетеді. Тосын жауға қарсы Жаныш сұлтан бүкіл ұлысын көтереді. Сол кезде Жаныш сұлтан ұлысында барлығы 100 мыңдай халық бар екен, содан 30 мыңдай азамат атқа қонып, қанқұйлы жауға қарсы тұрыпты.
Күш тең емес еді. Бірақ Жаныш сұлтан бастаған қазақ әскері басқыншылармен шайқаста туған жердің әрбір қаласы мен қырат-қырқасы үшін бастарын бәйгеге тікті. Өздерінен үш-төрт есе көп жаумен жанталаса арпалысқан Жаныш сарбаздары Шайбани қосындарының қатарын селдіретіп-ақ тастады. Бірақ кенеттен соқтыққан көп жау дегенін жасады. Ұзақ қантөгіс шайқастан кейін қазақ әскері түгелдей майдан даласында қаза тапты. Жаныш сұлтанның жаужүрек баласы Ахмет те осы соғыста мерт болды.
Мұхаммед Шайбанидің жартылай қансыраған ызалы әскері бейбіт жатқан қазақ халқын қырып-жойып, мыңдаған бала-шағасын құлдыққа, қыз-келіншектерін күңдікке алды. Жау қолына түскен мал-мүлік те қисапсыз еді. Шайбани әскерінің құрамында болған, кейіннен “Михманнама и-Бұхара” атты аса құнды тарихи еңбек жазған тарихшы Фазлаллах ибн Рузбеханның айтуы бойынша, қазақтардың бала-шағалары мен жүктерін артып, көшіп жүре беретін “жылжымалы үйлерінің” (арба үстіне тігілген кигіз үйлі күймелер) өзінен он мыңнан астам үй олжа болған. Үйір-үйір жылқы, табын-табын түйе мен қой қолды болған.
Жеңіске желігіп, оңай олжаға құныққан Мұхаммед Шайбани Қазақ хандығын біржолата талқандап, ата кегін қайтару үшін 1510 жылы тағы қыс айында өзінің соңғы, төртінші жойқын жорығына шықты. Бұл жолы да Сырдарияны көктей өтіп, бейбіт қазақ қалалары мен ауылдарын қырып-жойып, әскерінің негізгі бөлігін Сарыарқаға аттандырады. Жаудың бір жыл бұрынғы басқыншылық жорығынан сабақ алған қазақ жұрты қамсыз емес еді. Жаужүрек қолбасшы Қасым сұлтан «жау қосындары қай қиырдан, қай мезгілде тиіседі» дегендей әскерін томаға-тұйық ұстап, Ұлытаудағы ордасында жатқан болатын. «Аттан!» деген алғашқы жаушы хабарынан кейін-ақ Мойынсыз Қасен батыр бастаған әскерінің алғашқы легін жауға қарсы аттандырады.
Жаужүрек баһадүр Мойынсыз Қасен жау қосындарын Кішітау маңында қарсы алады. Қазақ сарбаздары Мұхаммед Шайбанидің баласы Темір мен немересі Ұбайдолла сұлтандар бастаған басқыншылардың тас-талқанын шығарды. Үрейленген жауды түре қуып, көп шығынға ұшыратты. Әскердің қалдығы Сыр бойындағы Көк Кесене бекінісінде жатқан Шайбани қосындарына келіп қосылады. Шайбани әскерінің басын құрап үлгергенше қазақтардың негізгі жасағын бастап, Қасым сұлтан басқыншыларды қоршауға алады. Кескілескен шайқас ұзаққа созылды. Туған жерін қанға бөктірген жауға деген кек жігерлендірген қазақ сарбаздары Шайбанидің есін жиғызбады. Оңай олжа қуып келген он мыңдаған басқыншылар жер жастанды. Бар әскерінен айрылған Мұхаммед Шайбанидің өзі бас сауғалап, зорға қашып құтылады (Мұхаммед Хайдар Дулати, «Тарих-и-Рашиди»).
Отыз жыл бойы қазақ даласына дүркін-дүркін соғыс ашып, бейбіт елдің берекесін қашырған Мұхаммед Шайбанидің сағы мүлде сынды. Кір жуып, кіндік кескен атамекендерін ешбір жауға таптатпайтындықтарын іс жүзінде дәлелдеген қазақ халқының қайсарлығын ата жау да еріксіз мойындады. Ғұлама тарихшы Фазлаллах ибн Рузбехан: «Бұл қазақтар – өздерінің қайтпас ерлігімен де, қуат-күшімен де бүкіл әлемге танылған халық. Егер қазақтар рулы елімен бас құрап, ту көтеріп, уақытында шеп түзей алса, ешбір жауға алдырмайды», деп сүйсіне жазды.
Сол кездің тарихшылары орта ғасырлық ірі мемлекеттің іргетасын қалаған, Әбілхайыр әулетінің құлдыраған беделін қайта көтерген білікті хан, бүкіл өмірін жаугершілікпен өткізген дарынды қолбасшы деп бағалаған Мұхаммед Шайбанидің қазақтармен соғыста шын сағы сынып, бағы тайды. Бұрынғы күшінен де, беделінен де айырылып, қайта оңала алмады.
Қазақ еліне жасаған осы соңғы жорығынан соң шамалы уақыт өткеннен кейін бұрынғы ұлы қосындарының қалған-құтқанымен еліне тиіскен Иран әскерлерімен қарсы соғыста қоршауға түсті. Исмаил шахтың әскерлері Шайбани қосындарын түгелдей дерлік қырып жіберді. Мұхаммед Шайбанидің өзі осы соғыста Мерв қаласының түбінде қаза тапты. Мұхаммед Шайбани өлген соң, оның ұрпақтары билікке таласып, өзара абыройсыз қырқысқа түсті. Бұдан былайғы ширек ғасырға тақау уақытта Орта Азия тақ таласы үшін болған қанкешу соғыстың орталығына айналды.
Отыз жылға созылған басқыншылық соғысқа қарсы тұрып, Орта Азия әміршісі Мұхаммед Шайбаниді біржолата талқандағаннан кейін Қазақ хандығының мерейі өсіп, атақ-даңқы төрткүл дүниеге тегіс тарады. Сыр бойының қос жағалауына қоныс тепкен қалалардың барлығы Қазақ ордасына қарап, бейбіт өмір қалыптасты. Қазақтың жеңімпаз әскерінің бас қолбасшысы Қасым сұлтанның атағы бір жағы Мәскеу княздігіне, бір жағы Иран мен Үндістанға жетті. Өзара жауласқан Орта Азия билеушілерінің арасындағы бітіспес кикілжіңді Қасым тиімді пайдаланып, қазақ елінің шырқын бұзатындай бұл жақтан ешқандай қауіптің болмауына қол жеткізді. Қазақ хандығының іргесі нығайып, халқы бейбіт тіршіліктің берекесін көрді.
Бұрындық хан Қазақ ордасының ішінде ешқандай алауыздық болдырмады. Ол Әз-Жәнібек ханның ұлағатын жалғастырушы Қасым сұлтан бастаған жаужүрек туыстарының көмегіне сүйене отырып, елінің босағасы бекіп, берекесі артуына тиімді жағдай жасай білді. Әз-Жәнібек қалдырған іргелі хандықтың күш-қуатын одан әрі арттырып, нығайта түсті. Ата кегін қуған Мұхаммед Шайбанидің отыз жылдық басқыншылық соғысына төтеп беріп, бітіспес жауды тізе бүктірді.
Отыз жыл билік құрған Бұрындық хан бар өмірін елінің тәуелсіздігін сақтап, бірлігін берік қылу жолында бел шешпей, ат үстінде өткерді. Ол аталары мирас етіп қалдырған қасиетті таққа да, қазақ елінің қолы жеткен азаттыққа да қылау түсірген жоқ. Ежелден еркіндік аңсаған халқымыздың тарихында Қазақ мемлекетінің іргесін шайқалтпай, жан-жақтан көз алартқан басқыншыларға таба қылмай, тәуелсіздік мұратын биік ұстап, ел бірлігін сақтай білген Бұрындық ханның алар орны ерекше. Төрт ғасыр дәуірлеген Қазақ хандығының ұлы билеушілерінің бірі – Бұрындық ханның есімі тарихшылар еңбегінде лайықты бағасын алуға тиіс.
Кемеңгер әмірші
Қасым сұлтанның атақ-даңқы ел арасында шарықтай көтеріліп, оның беделінің алыс-жақын елдерге де кеңінен танылғанын Бұрындық хан дер кезінде көре білді. Ол аға баласының мерейі өскендігіне іштарлық көрсетпеді. Бұрындық хан аталары мұраға қалдырған туыстар арасындағы татулықтың одан әрі салтанат құруын ойлады. Қасым сұлтанның ел басқарудағы қасиеттерін танып, өз мүддесінен мемлекет мүддесін жоғары қойды. Сондықтан да парасаты биік Бұрындық хан тақтан өз еркімен бас тартып, аталардан қалған қасиетті үрдіспен Әз-Жәнібектің баласы Қасым сұлтанға жол берді. Бұрындық құдай жолын қуып, шамалы нөкерлерімен Мәуеренахр жеріне қоныс аударды.
Ата салтымен Қасым сұлтан ақ кигізге қондырылып, хан көтерілді. Қазақ халқының қасиетті шежіресінде «Қасым ханның қасқа жолы» деген атауға ие болған Қазақ ордасының нығайып, дәуірлеу кезеңі басталды. Үндістандағы Ұлы Моғол империясының негізін қалаған ұлы билеуші, ғұлама Бабыр өзінің атақты «Бабырнама» атты кітабында: «Қазақ халқының бұрын-соңғы хан, сұлтандарының ішінде Қасым хандай құдіретті әмірші болған емес. Оның үш жүз мың әскері бар еді», – деп жазды.
XV ғасырдың соңы мен XVІ ғасырдың алғашқы он жылдығында Қазақ хандығының саяси және экономикалық жағдайы ерекше нығайып, әскери күш-қуаты барынша артты. Қазақ мемлекетінің атағы төрткүл дүниеге түгел тарап, сол кезеңдердегі барлық империяларды өзімен санасуға мәжбүр етті. Моңғол шапқыншылығынан кейінгі заманда қазақ рулары мен тайпалары берік этностық негізі қалыптасқан біртұтас халық ретінде тұңғыш рет бір мемлекеттің туы астында топтасты. Қазақ мемлекетінің бірлігі бекіп, іргесінің нығаюына Қасым ханның сіңірген тарихи еңбегі өлшеусіз.
Заманының заңғар перзенті, озық ойлы мемлекет қайраткері, дара тұлға Қасым ханның есімі содан бергі дәуірлерде халық жадында мәңгі жатталып, ұрпақтан-ұрпаққа ұлағат тұтар ұлылығымен паш етіліп келеді. Орта ғасыр шежіресін жасаған тарихшылар мен ғұлама ғалымдардың қай-қайсысы болмасын осы бір ұлы тұлға туралы шығармаларында пікір айтпай кеткені жоқ. Атап айтқанда, Әлкей Марғұлан өзінің еңбектерінде XV-XVІ ғасырларда өмір сүрген бірқатар тарихшы-ғұламалардың Қасым хақында айтқан пікірлерін, осы тарихи тұлғаға замандастары берген бағаларын жан-жақты атап көрсеткен.
Мәселен, «Мұхаммед Хайдар Дулати өзінің «Тарих-и Рашиди» атты еңбегінде, Жошы ханнан соңғы дәуірлерде Қасым ханға жететін құдіретті әмірші болған емес деп бағаласа, Ғафаридің айтуынша, Қасым хан Дешті Қыпшақтың ең ұлы білімпазы, Хайдар Разидің пікірінше, Жошы ұлысында Қасым ханның тәртібіндей ұлы бірлік жасау бұрын-соңды болмаған еді» (Ә.Марғұлан, «Таңбалы тас жазуы», «Жұлдыз». №1, 1988). Ал ғұлама ғалым Хантемір (Хондемир) өзінің «Хабиб ассиир» атты еңбегінде: «Қасым хан өзінің ұлы кемеңгерлік және жойқын ерлігімен Дешті Қыпшақты билеушілер арасында бәрінен де ерекше болды. Оның қасына ерген билері де, ел басқарушылар да өзіндей білгір, әскері де орасан көп еді. Оларды басқарушы – Мойынсыз Қасен, бәрі соның айтқанын екі етпейтін. Қасым ханның жойқын күшінен жеңілген Шайбани хан енді Сыр бойына бара алмай шаршап, Хорасанға келіп, сол жерде сафавиттер қолынан өлді» деп жазған екен. Тарихшы Қадырғали Жалаиридің еңбектерінде де Қасым хан туралы деректер мол.
Сонымен, Қасым хан Қазақ хандығының негізін қалаған қасиетті Әз-Жәнібектің бел баласы. Анасы – Жаған-бегім (Шахан-бикем). Болашақ ұлы хан 1445 жыл шамасында дүниеге келген. Есейген шағында дербес Қазақ Ордасының құрылуын көзімен көріп, атқа қонған азамат кезінде елінің тәуелсіздігін сақтап қалу жолындағы қанды шайқастарға қатысып, еркіндік үшін болған күрестерде шынығады. Ел еркіндігін, халық бірлігін ту етіп көтерген қасиетті әке ұлағаты, атамекенді жауға таптатпау жолындағы аға ұрпақ күресі Қасым сұлтанның ерекше тұрпаттағы қайраткер ретінде қалыптасуына ықпал етті.
Қазақ хандығының төртінші әміршісі – Қасым хан ұлыстың тыныштығын, мемлекетінің ежелгі Көк Орда аумағында біржола бекіп, іргеленуін барлық билік саясатының тұғырнамасына айналдырды. Қасым ханның туы астында мұздай қаруланған жер қайысқан әскері бола тұра (оның әскері үш жүз мыңнан асты «Бабырнама»), жаңа жерлер жаулап алу үшін басқыншылық соғыстар жасамай, барлық күш-қуатын елінің тыныштығын қорғауға, мемлекетінің тұтастығын нығайтуға арнады. Кемеңгер Қасым осы халықтың көкейкесті мұраты жолында Орта Азия мемлекеттерімен көршілік татулық орнатып, ат тұяғы жетер жердегі іргелі елдермен дипломатиялық қарым-қатынас жасады.
Заманының шебер дипломаты Қасым хан алғашында Моғолстан мемлекетімен достық одақ орнатып, Шайбанилардың Жетісуға төндірген қаупіне тосқауыл қойды. Ойрат-жоңғар билеушісі Амасанжының Моғолстанға жасаған шабуылдарына қарсы күресті, Ноғай одағы, Сібір хандықтарымен одақтаса отырып, Әбілхайыр ханның мұрагерлерін тізе бүктірді. Қазақ ордасының бітіспес ата жауы – Мұхаммед Шайбаниді талқандағаннан кейінгі кезеңде Қасым хан мемлекетінің төңірегіндегі елдермен түгел тату, бейбіт жағдайда болды. Ірге көтергеннен бергі елу жыл ішінде үнемі басқыншыларға қарсы соғыс жүргізген қазақ халқы үшін бұл таптырмас тиімді саясат еді.
«Қасым ханның қасқа жолы»
«Қасым хан ұлы князь үшінші Василий билеген Москва князьдігімен дипломатиялық байланыс орнатты. Қазақ халқы дербес ел ретінде батыс Еуропаға әйгілі болды. Австрия дипломаты Сигизмунд Герберштейн өзінің еңбектерінде бұл жайында құнды пікірлер жазған». («Қазақ КСР тарихы», 1979 ж.)
Қасым ханның мемлекет мүддесін, ел тыныштығын бәрінен жоғары бағалаған, бейбітшіліксүйгіш саясатын Мұхаммед Хайдар Дулати шежіресіндегі мына бір оқиғадан анық байқауға болады: 1512 жылы Қасым ханның ордасына Моғолстан билеушісі Саид хан келеді. Ол қазақтарды өзбектерге қарсы соғысқа шақырған өтінішін айтады. Саид ханның өтінішін қабыл алмау, одақтас екі мемлекет арасындағы достыққа көлеңке түсіретін еді. Сондықтан Моғолстан билеушісінің меселін қайтарып, ренжітуге болмайды. Екінші жағынан, жойқын соғыстардан қалжыраған халықтың енді ғана тыныштыққа қолы жетіп, бейбіт өмір сүріп жатқанда ел шырқын бұзу да қазақтарға өте тиімсіз еді. Қасым хан Моғолстан билеушісін құшақ жайып, зор құрметпен қарсы алады. Шежіреде былай делінген: «Қасым ханның Саидты жақсы қарсы алғаны сондай, хан өз өмірінің соңғы күндеріне дейін осы ілтипатты кездесуді ұмытқан жоқ. Қашанда, реті келгенде хан, Алла рухына иман берсін, Қасым ханды еске түсіріп, мақтап, оның ізгілігін еске түсіріп отырушы еді». («Тарих-и-Рашиди», «Қазақ хандығы тарихының материалдары» 1969 ж.).
Моғолстан билеушісі қазақ ханының ордасында шексіз құрмет пен сыйға бөленіп, жаздай қонақ болады. Қасым хан қадірлі қонағына көптеген бағалы сый-сияпат жасайды. Атағы алыс елдерге жайылған, арқасына хан тақымынан басқа жел де тимеген қос арғымағының бірі – Оғланторы атты сәйгүлігін сыйға тартыпты. Сонымен жаз өте шығып, қазақтар Қасым ханның шешімімен қыстауға жылжыды. Қасым хан қол астындағы елінің қыс қамына кіріскенін, бұл уақытта әскер жасақтауға болмайтынын айтып, қонағын зор құрметпен шығарып салады. Қазақ елі билеушісінің шексіз ілтипаты мен зор құрметіне, мол сый-сияпатына риза болған Саид хан риясыз алғысын айтып, еліне, Әндіжанға қайтыпты. Тарихта «қазақтармен бейбіт бітім» деп аталған осы сапардан кейін Қасым хан «қой да аман, қойшы да тыныш» дегендей елінің бейбіт өмір, мамыражай шаруашылығын басқара беріпті.
Кемеңгер Қасым хан ел басқару жүйесінде ата жолын берік ұстап, ескі билерден қалған қазақтың заңдық ғұрыптарын қадірлеп, оларды заманға бейімдеп, жаңа жағдайға сәйкес жаңа низам жүйесін жасады. «Қасым ханның қасқа жолы» аталған бұл көне жарғы сол кездегі қазақ қауымының қоғамдық, құқықтық қатынастарын қалыптастырды, әдет-ғұрып, тұрмыс-салт ережелерін бекітті, адамдар және ру-тайпалар арасындағы барлық қатынас жүйелерін реттеді.
Академик Ә.Марғұлан «Қасым ханның қасқа жолы» заңдарын былай түсіндіреді: «Қасым ханның қасқа жолының» негізі орта ғасырларда Қыпшақ, Шағатай ұлыстары қолданған «Ярғу» заңдарынан алынған, қазақша «Жарғы» деген ұғым береді. Түпкі мәні жарудан, нәрсенің салмағын бір жағына аудармай, тең бөлуден дәл, әділ айтудан шыққан. Дауды әділ, тура шешкен билерді халық ардақтап, «қара қылды қақ жарған» деп мақтаған. Өзінің мазмұны бойынша, бұл заңның түбегейлі идеясы ежелгі әскери-демократия арнасына барып тіреледі. XV-XVI ғасырларда Бұхардың Ишан қазылары қазақ өлкесіне діни үгіт таратып, «ежелгі Жарғы заңынан бас тартыңдар. Ол көкке табынатын дінсіздіктің ісі, оның орнына шариғат қағидасына ауысыңдар. Ант бергенде, көк соқсын деп айтпаңдар, құран соқсын деп құранды бастарыңа көтеріңдер», – деп үгіттейді. Бірақ, халық бұқарасы оған селқос қарап, көп заман шариғат қағидасына ойыса қоймады. Бұл тарихи жағдайларды жақсы түсінген Қасым халық тілегіне жақын ежелгі «Жарғы» заңын жаңадан күшейтті. Халық Қасымның шариғатты алмай, ежелден қалыптасқан билер заңы – «Жарғыны» жаңадан көтергенін қатты ұнатып, оны «Қасым ханның қасқа жолы» деп атап кетті» (Ә.Марғұлан «Қасым ханның қасқа жолы» ҚСЭ, 1975 ж., 6-том).
Озық ойлы Қасым хан заманының халық болашағына пайдалы жаңалықтарын көре білді. Шариғат заңдарын қабылдамағанмен, ислам діні уағыздарының жақсы жақтарын да көре білді. Исламнан Қасым ханға ерекше ұнағаны – араб жазуы болды. Ол дереу араб жазуын жаппай үйренуді бұйырды. Араб жазуын жастарға, хан ордасының жылнамасын жүргізетін, ресми хат жазатын абыздарға үйретіп, діннің санкриттік түрін кеңінен пайдаланды (Ә.Марғұлан, «Таңбалы тас» жазуы).
Сыртқы саясатта көрегендік дипломатиялық қатынастар жасай отырып, Қасым хан елінің ұзақ уақыт тыныштықта тіршілік етуіне жағдай жасай келе, мемлекетінің іргесін кеңейтіп, шекарасын нығайтуда да асқан дарындылық танытты. Қаһарман қолбасшы Қасым хан Сыр бойындағы, Түркістан аймағындағы қалаларды түгел өзіне қаратты. Хандықтың шекарасы оңтүстікте Жетісу жерінің дені, солтүстікте Ұлытау өңірі мен Балқаш көлінен асып, Қарқаралы тауларына дейін жетті. Батыс солтүстікте Жайық өзенінің алабын қамтып, Сарайшық қаласын бағындырды.
Қасым хан мемлекетінің ішкі жағдайын да нығайтып, елдің бірлігін бекітті. Тарихи деректерден хан Ордасының бірде Жетісуда, Қаратал өңірінде, бірде Шу бойында, енді бірде Арқада, Ұлытауда немесе батыста, Жайық жағасында болғанын көреміз. Бұл кемеңгер билеушінің халық ортасында жиі болып, мемлекетінің бірлігін арттырып, тұтастығын танытудағы көрегендігі болса керек. Міне, осындай парасаттылықтың арқасында ол Қазақ хандығының мерейін биікке көтеріп, әскери күш-қуатын жеңімпаздық дәрежеге жеткізді. Ол хандық құрған жылдар қазақ мемлекетінің тарихындағы жан-жақты даму, шекарасы нығайып, дербес әскери-державалық ел ретінде кеңінен танылу, сауда, дипломатиялық қарым-қатынастардың дәуірлеу кезеңі болды.
Осындай мемлекеттік дәрежедегі ірі қайраткерлігімен қатар Қасым хан мол ақыл-парасатымен де, жеке басындағы ізгі адамгершілік қасиеттерімен де, жан-жақты білімімен де замандастарынан көш бойы озық тұрған тұлға болды. Ол халқына тән барлық асыл қасиеттерді бойына сіңірген жан еді. Ұлы ханның даналығын, көреген көсемдігін, халқының қамын жеген парасаттылығын, батырлығымен бірге ғұламалығын сол заманның тарихшылары мен ғалымдары жарыса жазып кетті. Көнеден жеткен сол мұраларда Қасым ханға халқының бақытына туған дара тұлға деген бірауызды баға берілген. Хас перзентінің туған елі үшін, атамекен жері үшін атқарған жанқиярлық ұлы істерін халқы да қастерлеп, ұлы ханның есімін ұрпақтан-ұрпаққа ұмытылмас ұлағат, мақтан тұтар мәңгілік мұра етіп қалдырып келеді. Бұл тарихи тұлғаның есімі мен еңбегін терең зерттеп, ұлттық мақтанышымыздың символдарының біріне айналдыру – тарихшы-ғалымдарға аманат.
Ерлік пен елдік сыны
Тарих сахнасына екпіндей кіріп, жарты әлемге танылып үлгерген Қазақ хандығы Қасым хан қайтыс болғаннан соң өзінің ішкі-сыртқы саясатында біршама тоқырау кезеңін бастап өткерді. Қырсық шалғанда, ұлы таққа отырған Қасым ханның баласы Момыш хан (1522-1523) бір жыл өтпей жатып, қанды соғыстардың бірінде қаза тапты. Енді ұлы таққа Қасым ханның ағасы Әдік сұлтанның ұлы Тайыр (1523-1533) отырды. Тарихшылардың айтуынша, Тайыр әскери-саяси істерге шорқақ, дипломатиялық дарыны төмен, мінезі қытымыр адам болса керек. Ол ішкі бақталастық қырқысуларды өршітумен бірге, төңіректегі елдердің бәрімен жауласып үлгереді. Қазақ хандығымен үнемі жауласып келген Шайбани әулетімен ғана емес, мемлекеттің сенімді одақтасы болып келген Ноғай ордасындағы маңғыт мырзаларымен де, Моғолстан хандарымен де текетіреске түсті. Ішкі билікте халыққа рақымсыз қаталдық көрсету, сыртқы саясатта дос пен қасты айырмай жаппай елмен жауласу Тайыр ханның түбіне жетті.
Қарауындағы халықтың наразылығы күшейіп, маңайында аз ғана әскері қалған Тайыр хан Қасым заманынан бері қазақтармен бір ұлыс болып келе жатқан қырғыздардың арасына барып паналайды. Тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулатидың, Тарих-и-Рашиди» атты еңбегіндегі деректер бойынша: «Алғашқыда Тайыр ханның қол астына қараған 1 миллион халықтан кейін 400 мыңдай адам ғана қалған, бастапқыда 10 лек болған әскерден 2 лек әскер ғана қалған. Ақыры ол қырғыздарды ғана билеп қалған». 1533 жылдар шамасында Тайыр хан қайтыс болды. Енді Қазақ Ордасының ұлы ханы болып Әз-Жәнібектің тағы бір немересі, Жәдік Сұлтанның баласы Тоғым (1533-1537 жылдар) ақ кигізге көтерілді. Алайда, осы кезеңде Тайыр хан билік құрған он жыл ішіндегі келеңсіз істер ел ішіне терең іріткі салып, ұлы хандықтың іргесі шайқалып, әрбір өңірде жеке хандар билік құра бастады. (Мәселен, Әдік сұлтан ұлы Бұйдаш хан Жетісу өңірін билесе, Жаныш сұлтан ұлы Ахмет хан Сырдария маңында билік құрды).
Тайыр ханның дарынсыз билігі Қазақ хандығының өркендеу дәуірін тежеп, елдің дамуына үлкен нұқсан келтірді. Дегенмен, бір кездегі Керей мен Жәнібек негізін салып, Бұрындық хан мен Қасым хан әрі қарай нығайта шыңдалған Қазақ мемлекетінің елдік қасиеті өзінің көшелі арнасынан әлі де жаңыла қойған жоқ еді. Тоғым хан «қар жастанып, мұз төсене» жүріп, береке-бірліктен айырылып, бытырай бастаған қазақ ұлыстары мен қырғыз елінің басын қосып, қайтадан бір арнаға ұйыстырды. Қазақ хандығының әскери-саяси әлеуетін қайтадан қалпына келтіру үшін жан аямады. Тоғым ханның талайым тағдырына орай, Қазақ мемлекетін тарих сахнасынан біржола өшіріп жіберуге ұмтылған жаулары – бір жағынан қалмақ, бір жағынан моғол, бір жағынан өзбек тоқтаусыз соғыс салып, қыспаққа алды.
Қазақ Ордасының күлін көкке ұшыруды көксеп, өзара одақ құрған өзбек ханы Ұбайдолла мен моғол ханы Әбдірәшид 1537 жылдың жазында бірі Мәуеренахр жақтан, бірі Шығыс Түркістаннан лап қойды. Жау хабарын естіген Тоғым қазақ пен қырғыздың біріккен жасағымен шеп құрды. Моғол мен өзбектің жер қайыcқан әскері Ыстықкөл маңында қосылды. Тарих бойынша, 944 жылы, 18 сафар, яғни 1537 жылдың 27 шілдесінде Тоғым ханның тас түйін әскері басқыншыларға қарсы шайқасқа шықты. Бірақ күш тең емес еді. Өзбек пен моғолдың біріккен әскері қазақ-қырғыз жасағынан әлденеше есе көп еді.
Жау әскерінің сан жағынан сөзсіз басымдығын біле тұра, Тоғым хан ерлік пен елдік сынға түскен ұлы шайқасқа тайсалмай түсті. 1537 жылдың 27 шілдесінде таң азаннан, түн қараңғылығына дейін созылған қиян-кескі шайқаста қазақ-қырғыз жасағы түгелге дерлік қырғынға ұшырады. Елінің еркіндігі жерінің азаттығы жолында көзсіз ерлікке барған қазақ-қырғыз жасағының барлық әскер басы – Тоғым хан бастаған 37 сұлтан ұрыс даласында мерт болды. Оның ішінде Тоғым ханның тоғыз ұлы бірдей қыршын кетті…
Халқымыздың тарихындағы толып жатқан ақтаңдақтың бірі – елінің ертеңі үшін ондаған мың боздақтар жер жастанған осынау Санташ соғысы. Тарихшылар осы бір сұрапыл жылдардың ақиқатын ашып, кіндігінен тараған тоғыз ұл, бүкіл әулетімен қазаға ұшыраған Тоғым ханның өшпес ерлігінің шежіресін жасауы керек. Ел тәуелсіздігі жолында шейіт болған ұландар өрлігін ұрпаққа ұлағат ету парыз.
Орнында бар оңалар. Тарих сахнасында өзінің орнын ойып алған Қазақ хандығының алғашқы жүзжылдық даму кезеңіндегі қайтадан дәуірлеу жылдары басталды. Қазақ хандығының қайтадан нығаюы, Қасым хан заманындағы дәрежесіне көтеріліп, сол замандағы ірі де іргелі мемлекетке айналуы – Хақназар (Ақназар) ханның есімімен байланысты.
Хақназар – қасқа жолды Қасым ханның бел баласы. Ол билік құрған кезеңде (1538-1580) ел іргесін кеңейтіп, мемлекеттің беделін арттырып, халқының сенімін нығайтып, Қазақ Ордасын берік ұйыстырды. Ол ел басқаруда, мемлекеттің әскери-саяси істерін жүргізуде қабілеті мол қайраткерлік танытты. Сонымен бірге, аса күрделі сыртқы жағдайларда дипломатиялық дарыны мол майталман екенін көрсетті. Қасым хан заманында пайда болған қазақ-қырғыз одағын үздіксіз нығайтты. Тіпті сол заманның тарихи деректерінде Хақназар хан «Қазақтар мен қырғыздардың патшасы» (Хайдар иби Әли әл-Хұсайн Рази «Тарих-и-Хайдари») деп атап көрсетілген.
Хақназар хандық құрған дәуірде Қазақ хандығының сыртқы жағдайында аса ірі тарихи оқиғалар орын алды. Бұл кезеңде Қазақ мемлекетінің батысындағы орыс патшалығы тым күшейе бастаған еді. Орыс патшалығы шекарасын шығысқа қарай кеңейту мақсатындағы соғыстарды сәтті жүргізді. 1552 жылы Қазан хандығы, 1556 жылы Астрахань хандығы тізе бүгіп, Ресейге бағынды. Орыс шапқыншылығының салдарынан Ноғай ордасы ыдырай бастады. Хақназар хан билігіндегі Қазақ хандығының күшеюі және халық тұрмысының жақсаруы Ноғай ордасына қарасты көшпелі тайпалардың бір бөлігі – қаңлылар, қыпшақтар және басқалар Қазақ хандығына қосылуымен тұспа-тұс келді. Хақназар еліне келіп қосылған тайпаларды құшақ жая қабылдады. Онымен ғана шектелмей, қажет кезінде Ноғай билеушілерімен ашық соғыс жүргізіп, Қазақ хандығының батыс шекарасын Еділ мен Жайықтың сағасына дейін созды. Ыдыраған Ноғай ордасы бірнеше топқа бөлінді. Мәселен, Ысмағұл мырзаның тобы – Мәскеу княздығына қосылуға ұмтылды, ал оған қарсы топ Қазақ хандығына қосылуға күш салды. Осы жағдайды пайдаланып, Хақназар хан Ноғай ордасының бірқатар ұлыстарын (олардың көпшілігі алшын одағына кіретін қазақ тайпалары болатын) өзіне қосып алды. 1557 жылы Ысмағұл орыс патшасы IV-Иванға хат жазып: «Менің туыстарым қазір Жайықтың арғы жағында, бізден қалып қойып, қазақ патшасына қосылып кетті» (В.Веньяминов-Зернов «Қасым хандығын зерттеу») деп шағымданды.
1569 жылы Ноғай одағы мемлекет ретінде өмір сүруін тоқтатты. Бұрын Ноғай одағына қараған қазақ тайпалары өздерінің этникалық атамекені қазақ хандығына бірікті. Ноғай одағының астанасы болып келген Сарайшық қаласы да Қазақ хандығының құзырына өтті. Орыс патшалығы мен Қазақ хандығы арасындағы ұлан-ғайыр өңірді алып жатқан Ноғай одағының құлауы, Шығысқа қарай кеңейіп келе жатқан орыс мемлекетінің шекарасын қазақ мемлекетінің шекарасымен жақындата түсті. 1563 жылы Сібір хандығының билігін тартып алған Көшім хан қазақтарға қарсы соғыс ашты. Моғол билеушілері де қуаты артқан Қазақ хандығына шабуылдауын қоймады. Осындай күрделі жағдайларды жете түсінген Хақназар хан мемлекетінің сыртқы саясатын өзгертті. Қазақ хандығының бітіспес жауы – Мәуреннахрдағы Шайбани әулетімен одақтастық байланыс орнатуға ұмтылды. Сөйтіп Шайбани әулетінен шыққан Бұхара ханы Абдолла ІІ-мен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Екі мемлекет арасындағы соғыс қимылдары біраз уақыт тоқтады. Осы кезеңдегі Хақназар ханның жеңісті жорықтарының нәтижесінде бүкіл Шығыс Түркістанды иеленіп отырған, күні кеше Жетісуға ауыз салған Моғолстан мемлекеті күйрей жеңілді. Енді ол Қазақ елі үшін қатер болудан қалды. Моғол қонысы Тәңіртаудың арғы бетіне ысырылды. Оқтын-оқтын тұтанып жорықтар ұйымдастыруды әдетке айналдырған қалмақтарды ойсырата жеңіп, бетін қайтарды.
Осылай Қазақ хандығының саяси ахуалын нығайтып, халықаралық жағдайын қалпына келтірген соң Хақназар хан мемлекетінің болашағы үшін үлкен қауіп болып отырған Өзбек-Бұхар хандығына қарсы жүйелі күресін бастады. Бұл кезде, Бұхара ханы Абдолла ІІ-нің тұсында Ташкент маңайын Норозахмет (Барақ) ханның баласы Баба сұлтан биледі. Ол Бұхараға бағынбай, үнемі Абдолла ханмен соғысты. Хақназар хан өзбек билеушілерінің өзара қырқысында біресе Абдоллаға, біресе Баба сұлтанға жақтас болып, олардың бодандығында болған Түркістан, Сауран сияқты бірқатар қалаларды қайтарып алды. Абдолла ханға қарсы ұйымдастырылған шешуші соғыс қимылдары басталған 1580 жылдың көктемінде Қазақ Ордасының одақтасы, Ташкент әміршісі Баба сұлтан опасыздық жасап, бірге аттанған жорық жолында хан шатырына тұтқиылдан шабуыл жасап, Хақназар ханды қапыда өлтіреді. Осы опасыздық салдарынан Қазақ хандығының бірқатар әскербасы, оның ішінде Хақназар ханның екі ұлы, інісі Жалым сұлтан және оның екі ұлы өкінішті қазаға ұшырайды.
Қазақ хандығының төрт құбыласын кеңейтіп, мерейін өсірген Хақназар ханның кенеттен болған қазасы артындағы халқын, жорық үстіндегі қалың әскерін үлкен дағдарысқа тап қылады. Осындай күйзелісті кезеңде қайрат танытып, қалың қолды жауға қарай бастаған Шығай сұлтан болды. Кешікпей Жәдік сұлтанның баласы, Әз-Жәнібек ханның немересі Шығай сұлтан ақ киізге салынып, хан сайланды.
Шығай хан (1580-1582) опасыздық жасаған Баба сұлтаннан кек қайтаруды мақсат етті. Шығай хан мен оның ұлы Тәуекел сұлтан Абдолла ханмен бірлесе отырып, бірнеше жорық жасады. 1582 жылы қазақ-өзбек әскері Баба сұлтан әскерін ойсырата жеңді. Осы ұрыста Шығай хан мерт болды. Сол жылдың маусым айында Түркістан қаласының түбіндегі қанды шайқаста Тәуекел сұлтан бастаған қазақ қолы Баба сұлтан әскерін толық талқандап, Баба сұлтанды өлтірді. Қас жауын жойғанға риза болған Абдолла хан Самарқанд өлкесіндегі Афойкент уалаятын Тәуекелге тарту етті. Сонымен бірге, Сырдария бойындағы Сауран, Түркістан, Отырар, Сайрам сияқты қала-бекіністер де Қазақ хандығының құрамына берілді.
Шығай хан соғыста шейіт болғаннан кейін Қазақ хандығының тағына оның ұлы Тәуекел сұлтан отырды. Тәуекел әкесі Шығайдың тірі кезінде-ақ қол бастаған дарынды баһадүр еді. Тарихшы Хафиз Таным өз еңбектерінде: «Бүкіл Дешті-Қыпшаққа даңқы шыққан Тәуекел сұлтан ерлігі жөнінен де, мәрттігі жөнінен де, қажыр-қайраты жөнінен де әлемде теңдесі жоқ дара туған жан», – деп сипаттайды. Тәуекел хан кезеңінде (1582-1598) Қазақ хандығы мен Ресей патшалығы арасында дипломатиялық қарым-қатынас күшейе түсті. Ресейдің мақсаты: Қазақ хандығымен одақтасып, Сібір билеушісі Көшім ханға қарсы күресу, Тәуекел хан мен Иран шахы Аббас І арасында Бұхара хандығына қарсы одақ құрғызу еді. 1595 жылы Тәуекел хан В.Степанов бастаған орыс елшілігін қабылдады. Сөйтіп, Қазақ хандығы мен Орыс мемлекеті арасында Сібір ханы Көшімге және Бұхара ханы Абдоллаға қарсы одақ қалыптасты.
Есім ханның ескі жолы
Бұл кезеңде ойраттардың бір бөлігі Тәуекел ханға бағынды. Тәуекел хан Мәскеуге жолдаған грамотасында өзін қазақ пен қалмақтың патшасы деп атаған. 1598 жылы Тәуекел хан Ташкент қаласының түбінде Абдолла ханның әскерін талқандады. Көп ұзамай Абдолла хан қайтыс болып, орнына баласы Абдылһұмин хан болды. Иран шахы Аббас оған қарсы аттанбақ болды. Бірақ одан бұрын 100 мыңнан астам қазақ әскерімен Тәуекел хан Мауреннахрға басып кірді. Қазақ қосындары қарсыластарын күйрете қуып, Ахсы, Әндіжан, Ташкент, Самарқан қалаларын басып алды. Тәуекел ханның осы жеңісті жорықтары бүкіл Орта Азия тарихындағы ірі оқиға болды. Орта Азияның алынбас қамалға айналған қала-бекіністері бірінен кейін бірі Тәуекел ханның жеңімпаз әскері алдында тізе бүкті.
Тәуекел хан жиырма мың әскермен туған інісі Есім сұлтанды Самарқанда қалдырып, өзі 70 мың қолмен ұлы жорықты толық жеңіспен тәмамдау үшін Бұхараға аттанды. Қарсы шыққан әскерді қирата жеңіп, қазақ қосындары Бұхара қаласын қоршауға алды. Қазақ әскерлері Бұхараны 20 күн қоршауға алып, жойқын соғыс жүргізді. Қаланың құлауына санаулы күндер қалған еді. Өкінішке орай, осы кезде қала бекінісі түбіндегі шайқаста Тәуекел хан тура тиген жау жебесінен ауыр жараланады. Қазақ әскері қаланы қоршаудан босатып, бір түнде Ташкентке қарай шегінеді. Тәуекел ханның жараланғанын естіген Есім сұлтан шұғыл аттанып, 20 мың қолымен негізгі әскерге келіп қосылады және бүкіл қазақ әскерінің қолбасшылығын қолға алады.
Ауыр жарақаттан оңала алмаған Тәуекел хан Ташкент қаласында қайтыс болды. Тәуекел ханның орнын басқан Есім хан 1598 жылы Бұхара мен Самарқанның билеушісі Мұхаммедпен бітім шартын жасасты. Бұл бітім Қазақ хандығының ұлы жеңісін паш етті. Бітім бойынша, Сырдарияның ұзына бойындағы Түркістан, Отырар, Сауран бастаған отызға жуық қала, Ташкент қаласы бүкіл уәлаятымен Қазақ хандығының құрамына қосылды. Сонымен бірге, қазақтар Әндижан қаласымен қоса Ферғана жазирасының солтүстік бөлігіне иелік ететін болды.
Туған ағасы Тәуекел қайтыс болған соң Қазақ мемлекетінің билігін тарихта «Еңсегей бойлы ер Есім» деген атпен әйгілі болған Есім хан (1598-1628) қолына алды. Дарынды әскербасы ғана емес, білікті саясатшы, парасатты мемлекет қайраткері ретінде Есім хан Қазақ хандығының сыртқы шекарасын нығайтумен қатар, елдің ішкі жағдайын да жақсартты. Есім ханның кезінде ел мамыражай әрі сенімді тіршілік кешті. «Есім ханның ескі жолы» атты атақты заң желісі мемлекеттің тұғырлы әрі берік ішкі және сыртқы саясатын қалыптастырды.
Жұмыр жер бақталастық пен тақ таласының алаңына айналып, әрбір билеуші өз үстемдігін жүргізуге ұмтылған жаугершілік заманда Еуразияның кіндігіндегі алып далада Қазақ хандығы сияқты іргелі мемлекет қалыптасып, оның қанатын кең жая бастағаны бүйірлеріне шаншудай қадалып, көз алартушылар көбейе түсті. Әсіресе, көшпенділерден көп запа шеккен Ресей мен Қытай іргелерінде Қазақ хандығы сияқты ірі де іргелі мемлекеттің күшейгенін қаламады. Қайткенде де бұл мемлекеттің іргесін сөгуді ойлады. «Іздегенге сұраған» дегендей бұл кезде, XVI-XVII ғасырлар тоғысында Моңғолияның батыс аймағында Жоңғар хандығының іргесі қаланды. Ғасырлар бойы тау суындай тасқындап, Шығыста Қытайды, батыста Ресейді және бүкіл Еуропаны ықтырып келген көшпелілер мекенінде пайда болған Қазақ хандығы мен Жоңғар хандығы көршілерін бейтарап қалдырмады. Олар осынау екі мемлекетті бір-біріне айдап салып, ғасырлар бойы бүйірлеріне қадалған «шаншудан» құтылуды ойластырды. Осы орайда, әсіресе, Ресей белсенділік танытып, жоңғарлармен шұғыл елшілік байланыс орнатып, оларды астыртын отты қарулармен жасақтап, Қазақ хандығына қарсы арандату шараларын жасады. Ресей патшалығының Жоңғар елінің Торғауыт, Дүрбіт, Қошауыт сияқты үлкен тайпаларына Еділ бойынан қоныс бөлуі қазақ пен қалмақ арасындағы жүз жылдық соғыстың тұтануына себеп болды. Осынау жүз жылдық соғыс салдарынан салт атты көшпелілердің үш мың жылдық өркениеті толық күйреп, қазақтардың Ресей патшалығына бодан болғаны, ал жоңғарлардың ата жұртынан мүлде жойылып кеткені тарихтан аян. Міне, осы қатерлі қасіреттің алғашқы дауылымен Есім хан беттесті.
1620 жылы жоңғар қонтайшысы Қара Құла Қазақ хандығының иелігіне тұтқиылдан шабуыл бастады. Бейбіт елді қатты қырғынға ұшыратып, асқан қатыгездік танытты. Еліне жау тигенін естіп, Есім хан шұғыл жорыққа аттанады. Қазақ әскері жоңғарларды тас-талқан етіп, Сібірдегі орыс қалаларының іргесіне дейін айдап салды. Сол замандағы орыс жазба деректерінде: «Қазақ Ордасының Есім ханы қалмақтарды қатты қырғынға ұшыратты. Қалмақ тайшылары өте қиын халге түсті», деп атап көрсетілген. 1627 жылғы ұлы жорықта Есім хан жоңғарларға тағы ойсырата соққы беріп, алғашқы Ойрат одағын ыдыратып жіберді. Еңсегей бойлы ер Есім ханның бұл ұлы жеңістері Қазақ хандығына енді ешкімнің тісі батпайтындай сыртқы жағдайды қалыптастырып еді. Өкінішке орай, дәл осы кезеңде өзін хан деп жариялаған Тұрсын сұлтанның дербес саясатының салдарынан Қазақ хандығында үлкен күйзеліске ұрындырған азамат соғысы басталды. Ташкент қаласы қазақтарға қараған соң, көп ұзамай оны Жәнібек ханның немересі Жалым сұлтан ұлы Тұрсын сұлтан билеген еді. Бертін келе ол тәуелсіз хан болуды көксейді.
Сол заманның тарихшысы Махмұд бен Уәлидің жазуынша, Есім хан 1627 жылы жоңғарларға қарсы жорыққа аттанғанда, Тұрсын сұлтан бар әскерімен Түркістан қаласын шабады. Бейбіт жұртты қырып-жойып, ат тұяғы жеткен жердің бәрін ойрандайды. Есім ханның әйелдері мен бала-шағасын тұтқындайды. Енді Есім ханның өзін құртпақ болып, ауыр соғыстан оралып келе жатқан қазақ әскеріне тұтқиылдан шабуыл жасайды. Бірақ Есім ханға хабар бұрын жетеді. Екі әскер Сайрам қамалының түбінде беттеседі. Есім хан ант бұзған Тұрсын сұлтанның жақтастарын қирата жеңіп, Ташкент бекінісіне дейін тықсырады. Бар әскерінен айырылған Тұрсын сұлтанды нөкерлері тұтқындап, жауының қолына тапсырады. Есім хан опасыз Тұрсынның басын алып, оның қолтығына су бүркіп, қандастарына қарсы соғысқа айдап салған Бұхар ханы Имамқұлға сәлемдемеге жібереді. Тұрсын «ханның» опасыз өлімі туралы Марқасқа жырау былай дейді:
«Ей, Қатаған хан Тұрсын!
Кім арамды ант ұрсын.
Жазықсыз елді жылатып,
Жер тәңірісіп жатырсың.
Хан емессің қасқырсың,
Қара албасты басқырсың!
Алтын тақта жатсаң да
Қазаң жетті қапылсың!
Еңсегей бойлы ер Есім,
Есігіңе келіп тұр,
Шашқалы тұр қаныңды,
Кешікпей содан қатарсың!»
Тарихшы Махмұд ибн Уәли «Бахыр әл-асырар» атты еңбегінде Есім хан 1628 жылы қайтыс болды деген дерек келтірсе, «Қазақ совет энциклопедиясының» мәліметіне қарағанда Есім хан 1645 жылы қайтыс болған көрінеді. Ал кейбір тарихшылар 1628 жылдан бастап 1643 жылға дейін Есім ханның ұлы Жәнібек хандық құрды деген пікірді алға тартады. Қайткен күнде де Қазақ хандығының шежіресіндегі осы бір жылдардың тарихы көмескі. Нақты деректер де, зерттеулер де жоқтың қасы.
Сөйтіп, Есім хан дүние салған соң Қазақ хандығының тағына оның ұлы Жәңгір хан (1643-1652) ие болады. Елі үшін еңіреп туған Жәңгір таққа отырмастан бұрыннан халық арасында зор құрметке бөленіп, елінің, жерінің азаттығы жолында жанқиярлықпен күрескен тарихи тұлға еді. Жәңгір сұлтанның қайраткерлік істерінен оның хан болып жарияланғанға дейінгі жылдардың өзінде мемлекет саясатын, әскер билігін ұтымды басқарғанына тәнті боламыз. Хан Жәңгірдің ғажайып ерліктері қалың қазақ жұрты былай тұрсын көрші елдерге кеңінен мәлім болды. Халық оны Салқам Жәңгір деп құрметтеді.
Жәңгір хан билік құрып тұрған кезеңде Қазақ мемлекеті мен Жоңғар хандығы арасында үш ірі соғыс болғаны тарихтан мәлім. Оның біріншісі 1635 жылы, екіншісі 1643-1644 жылдары, үшіншісі 1652 жылы болған еді. 1635 жылғы шайқастың толық қалай аяқталғаны туралы нақты мәлімет жоқ. Бірақ осы шайқаста Жәңгір сұлтан қолға түсіп, көп ұзамай тұтқыннан қашып шығады.
1643 жылдың соңғы айларында, қақаған қыста бүкіл Жоңғар жұртын бір тудың астына топтастырып, Жоңғар хандығының еңсесін көтерген Батұр қонтайшы Қазақ хандығының иелігіне басып кіреді. Орыс деректері бойынша, Жоңғар басқыншылары ең алдымен, Алатаудағы қырғыздарды шауып, бейбіт жұртты қырып-жойып, Тоқмаққа дейін жетеді. Ол заманда қырғыз халқы Қазақ хандығының құрамындағы бір ұлыс болатын. Ел шетіне жау тигенін естіп, Жәңгір шұғыл аттанып, шағын нөкерлерімен қырғыз арасына жетеді. Жау бетінің қатты екенін түсінген Жәңгір қалың әскерінің келуін күтпестен, аз ғана жанкешті жасағымен жоңғарлардың 50 мыңдық әскеріне қарсы тұруға шешім қабылдайды. Соғыс тарихында 600 жасақпен басқыншы жаудың мұздай қаруланған 50 мың әскеріне қарсы ерлік күрес ашқан оқиға бұрын-соңды болып көрген емес еді. Әскербасы шеберлігінде шендесі жоқ Салқам Жәңгірдің көзсіз ерлігі сол заманның бүкіл соғыс шежіресіне бетбұрыс жасады.
Соғыс тарихында ұлы ерліктің баламасыз бұл оқиғасы туралы тарихи жазба деректерде былай делінген: «Жәңгір өз жасағының бір бөлігіне жоңғарлар биік таудан асып өткенше, екі тау арасындағы тар шатқалдан ор қазып, бекініс жасауға бұйырады. Ал өзі қалған жасақтың шағын тобымен таудың екінші жағына жасырынады. Батұр қонтайшы ор қазып, бекініп алған қазақтарға бар күшімен шабуыл жасады. Оңтайлы сәтті күтіп тұрған Жәңгір жаудың ту сыртынан қырғидай тиді. Сөйтіп, жоңғарларды қатты жеңіліске ұшыратқаны сонша, олар жақтан 10 мыңнан астам адам өлді. Ұрыс бітуге жақындағанда 20 мың әскермен Жалаңтөс батыр Жәңгірге көмекке келіп үлгерді. Батұр қонтайшы қатты жеңіліске ұшырап, шегінуге мәжбүр болды» («Қазақ совет энциклопедиясы», 6 том, 380-бет.)
1643-1644 жылдардағы үлкен майданда біріккен жоңғар әскерін күйрете талқандау және оларды ел шетінен асыра қуып тастау – Қазақ хандығының тарихындағы аса елеулі және даңқты оқиғалардың бірі. Майданның алғашқы күнінен-ақ басқыншыларға қарсы ауыр күрес жүргізген Тиес би бастаған қырғыз халқының ерлігінде де шек жоқ. Осы соғыста одақтастық шартын берік сақтап, өзбек әскерін бастап көмекке келген алшын Жалаңтөс баһадүрдің еңбегі де ерен. Тарихи деректер нақты айғақтағандай, жоңғар басқыншылығына қарсы азаттық күресте туысқан үш халықтың мерейі үстем шығып, қазақ-қырғыз-өзбек әскери одағы тамаша жеңіске жетті. Ұрпақтары ұлағат алар бабалар ерлігі осылай түйінделеді.
Қисапсыз қырғынға ұшырап, масқара жеңіліс тапқан Батұр қонтайшы Жоңғарияға оралысымен жаңа соғысқа әзірлене бастады. Жоңғардың шегірткедей қаптаған әскеріне ондаған есе аз жасағымен қарсы тұрып, оңдырмай сағын сындырған Салқам Жәңгір ханнан қайткен күнде де кек қайтаруды көкседі. Қазақ хандығы мен Жоңғар хандығының арасындағы келесі жойқын соғыс 1652 жылы болады. Ыза мен намыс буып, кек қайтару соғысына мұқият дайындалған Батұр қонтайшы 1652 жылы қазақ еліне тағы басқыншылық соғыс ашады. Бұл соғыс туралы тарихи деректер мардымсыз. Кейінгі тарихшылардың «бұл соғыста қазақ жасақтары жеңілді» деген біржақты пікірлері де ақиқаттан алыс жатқан сияқты. Өйткені, алдағы жылдардағы тұтқиылдан шапқан соғыстардағыдай қазақ әскері қапысыз емес еді. Батұр қонтайшының кек қайтару жорығына дайындығынан да Жәңгір хабардар болатын. Ендеше, сыралғы жаудың бұл шапқыншылығынан қазақ әскерлерінің жеңіліс табуы ешбір мүмкін емес. Тарихшылардың қазақ жасағы жеңілді деген тұжырымының туындауына майдан даласында Жәңгір ханның қапыда қаза табуы негіз болған сияқты.
Сол заманның соғыс стратегиясында дос та, дұшпан да мойындаған қолбасшылық біліктілікті асқан дарындылықпен жүзеге асырған, шайқас тәсілдеріне теңдессіз өзгерістер енгізген, қазақ әскерін үнемі жеңіске бастаған Жәңгір ханның қан майдандағы қазасы қазақтар тарапынан соғыс қимылдарын күрт тоқтатуға мәжбүр етті. Қазақ әскері кейбір тарихшылар болжағандай, бұл соғыста жеңілген жоқ, керісінше жеңісті шабуылдарын өз еріктерімен тоқтатты. Өйткені, қалың әскер қатты құрмет тұтатын ержүрек баһадүрді құрметпен соңғы сапарға шығарып салу – сансыз жорық жолдарында бірге болған әрбір жауынгердің парызы еді. Қаһарман ханның асыл сүйегінің Қазақ мемлекетінің астанасы – қасиетті Түркістанға әкелініп, Әзірет Сұлтанның саясына ақ арулап жерленуі осы ойымыздың айшықты дәлелі болса керек.
«Алтын ғасырлар» соңы
Жәңгір ханның ұрыс даласында мерт болған қасиетті қазасынан кейін Қазақ хандығының шекара нығайтқан жеңімпаз жорықтары шектеліп, стратегиялық әскери әлеуеті бәсеңси бастаған сияқты. Екі жүз жылдан астам даңқты тарихы бар ортағасырлық ірі де іргелі мемлекет – Қазақ хандығының шежіресінде 1652 жылдан 1680 жылдың аралығындағы кезең ең бұлдыр уақыт болып саналады. Бұл жылдары Қазақ хандығының тағында Бөлекей сұлтан ұлы Батыр хан отырды деген дерек бар. Осы бір отыз жыл шамасында Қазақ мемлекеті ірі соғыс оқиғаларына араласпай бейбіт кезеңді бастан кешірген сияқты. Өкінішке орай, осы кезеңде біртұтас мемлекетті нығайтып, оның қорғаныс қуатын арттыру мақсатында да шыбық басы сындырылмағанға ұқсайды. Қайта сұлтандар арасындағы бақталастық бәсеке белең алып, іргелі мемлекеттің іргесін шайқалтудағы алғашқы сызаттар түсе бастаған. Сұлтандар арасындағы бақталастық ашық тақ таласына ұласпаса да жүзге бөлінудің алғашқы шоғын бықсытып, жалпы қазақ халқының бірлігіне орасан нұқсан келтірді. Бір мақсатқа, бір орталыққа жұмылған біртұтас хандықты әлсірете бастады.
Бірақ Қасым, Есім, Жәңгір сияқты өз замандарының озық ойлы қайраткерлері іргесін нығайтқан ірі мемлекет уақыт сынына төтеп берді. Тек тарих сахнасындағы өзінің орнын ойып алып, бірлігін сақтап, беделін паш етті. Қазақ хандығының іргелі ел екенін танытып, беделін күшейткен Салқам Жәңгір ханның ұлы – Тәуке хан (1680-1715) тарихтағы халық берген есімі – Әз Тәуке, яғни дана Тәуке болатын.
Әз Тәуке қазақ тарихында біртұтас мемлекетті күшейтуге бағытталған бірқатар реформалар жүргізген реформатор мемлекет басшысы ретінде қалды. Тәуке мемлекеттік билікті бейбіт күнде қолға алды. Оның мемлекеттік қайраткер ретінде қалыптасуы да отыз жылдық бейбіт кезеңмен тұспа-тұс келеді. Тәукенің қол бастаған жауынгер хан емес, ақылман хан ретінде билік құруының түп төркіні де осында жатса керек. Тәуке ханның ел үшін сіңірген тарихи еңбегі негізінен екі қырынан айқындалады. Біріншісі, елдің іргесін аман сақтауда сыртқы саясатты шебер ұйымдастырып, сырттан көз алартқан көп жауға дес бермей, мемлекетті сақтауы, екіншіден, елдің ішкі жағдайын реттеуде саяси-құқықтық реформалар жүргізуі болып табылады.
Әсіресе, терістіктегі қатерлі де қуатты көршісі Ресей патшалығымен елшілік алмасып, сауда істерін жүргізуге ден қойды. Әз Тәуке Бұхара хандығымен бейбітшілік қарым-қатынаста болуға, Орта Азиядағы барлық қалалармен сауда-саттық жасауға тырысты. Қазақ хандығының шын қатерлі жауына айналып, дүркін-дүркін шабуылдап жүрген Жоңғар хандығымен де тату көршілік орнатуды ойлады. Қазақ ханының елшісі ретінде барған Қаз дауысты Қазыбек бидің жоңғар қонтайшысына айтқан атақты толғауынан да мемлекет мақсаты айқын аңғарылады:
«Қазақ-қалмақ баласы,
Табысқалы келгенмін.
Табысуға көнбесең,
Тұрысатын жеріңді айт,
Сен қабан да мен арыстан
Алысқалы келгенмін».
Мемлекеттің ішкі құрылымын реформалау барысында Әз Тәуке алты алаштың тізгінін алты биге ұстатты. Яғни, Ұлы жүзде үйсін Төле би, Орта жүзде Қаз дауысты Қазыбек би, Кіші жүзде алшын Әйтеке би, Қырғызда Қараш би, Қарақалпақта Сасық би, Құрамада Мұхамед би тізгін ұстады.
Әз Тәукенің қазақ мемлекеттілігінің тарихындағы ең үлкен еңбегі – «Жеті жарғы» аталатын заң жүйесін жасауы. Шын мәнінде Тәуке ханның «Жеті жарғысы» қазақ халқының этникалық болмысын, әлеуметтік-шаруашылық және мәдени ерекшеліктерін ескере отырып, халықтық географиялық қоныстануы негізінде жасалған мемлекеттік, саяси-құқықтық заң болатын. «Жеті жарғы» арқылы далалық демократия мемлекеттің саяси-құқықтық, әлеуметтік-экономикалық өмірінде нақты көрініс тапты. Тәуке ханның тарихи еңбегі, бұған дейінгі сан ғасырлық өмір тәжірибесін, көшпелілердің демократиялық үрдістерін жан-жақты қорыта келіп, елдің береке-бірлігіне қызмет ететін жаңа мемлекеттік-құқықтық жүйені жасай білуінде. Сондықтан да халқы оны «Әз Тәуке» деп құрмет тұтты.
1715 жылы Әз Тәуке хан дүние салып, Қазақ хандығының билігіне Хысырау сұлтан ұлы Қайып сұлтан келді. Қартайып қалған Қайып хан халық арасында бедел ала алмады. Әз Тәуке іргесін нығайтқан ірі мемлекетті жүйелі басқарудың жөнін білмеді. Билігі босаң Қайып ханды Әбілқайыр сияқты көкжал сұлтандар толық мойындамады. «Жұт жеті ағайынды» дегендей бұл кезеңде қылышынан қан тамған Жоңғар одағы да қазақ даласына басқыншылық соғысын күшейткен еді.
Қайып хан үшін басты міндет – ел іргесін сөккен жауға қарсы қимыл таныту еді. Қал-қадерінше басқыншыларға қарсы шайқасқа дайындалып, 1717 жылы Қайып хан мен Әбілқайыр сұлтан Қазақ хандығының отыз мың сарбазын бастап, жоңғарға қарсы аттанады. Кешегі Қасым хан кезінде үш жүз мың әскер шығаратын Қазақ хандығы басқыншыларға қарсы елді азат ету жорығына бар болғаны 30 мың жасақ шығара алды. Осыдан-ақ Қайып ханның қауқарын аңғаруға болады. Осы жорықтан Қайып хан мен өркөкірек Әбілқайыр сұлтан бар әскерінен айырылып қарақан бастарын ғана аман алып қалыпты.
1718 жылы жоңғарлармен болған кезекті бір шайқаста Қайып хан қаза табады. Алты алаштың игі жақсылары жиналып, Әз Тәукенің бел баласы Болатты ақ киізге салып, хан көтереді (1718-1730). «Жақсыдан жаман туар – бір аяқ асқа алғысыз, жаманнан жақсы туар – адам айтса нанғысыз» дегендей Болат ханның аты затына сай болмай шықты. Қабілетсіз әрі болжыр Болат хан үш жүз жылдық даму тарихы бар Қазақ хандығын тоқырауға ұшыратты. Болат ханның кезінде орталық хандық билік мүлде әлсіреп, әр жүздің өз ханы дербес билік құрды. Дәл осы Болат ханның тұсында Жоңғар одағы қазақ мемлекетін жаулап алып, қазақ халқы «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаға» ұшырады. 1730 жылдан 1771 жылға дейін билік құрған Тәуке ханның немересі Әбілмәмбет хан іс жүзінде тек Орта жүздің ғана ханы болды. Себебі, Болат ханның тұсында-ақ Кіші жүзді бөлектеп, хан атанған Әбілқайыр 1731 жылдың 10 қазанында Ресей патшалығына бодандығын мойындаған болатын. Дегенмен, бұдан кейін де Қазақ хандығының тарихында ер етікпен қан кешкен күйзелген кезеңдер де, ел еңсесін көтеріп, бірлік туын асқақтатқан (Абылай мен Кенесары хандар тұсы) кезеңдер де өтті. Қалай болғанда да Болат ханның билік құрған жылдарымен бірге төрт ғасыр дәуірлеген Қазақ хандығының «алтын ғасыры» аяқталған еді..
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».
ЖАҒЫПАРҰЛЫ Жылқыбай, Қазақ хандығы // Егемен Қазақстан. - 2015. - 1, 6, 7, 9 қаңтар



ЭБС "Библиороссика"
ЛитРес: библиотека
Қазақстанның ашық кітапхана
Казахстанская национальная электронная библиотека
Қазақстанның ашық кітапхана
Электронное правительство
Рухани жаңғыру
Послание президента
Государственные символы