Эстафета символы – елордада

Ертең, 23 сәуірде Қазақстан халқы Ассамблеясының 22-ші сессиясы өткізіледі

Кеше Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайының алдындағы алаңда 2015 жылдың 6 ақпанында Президент белгілеген «Қазақстан халқы Ассамблеясының жылына» арнаған сапарына Астанадан аттанып, еліміздің барлық аймақ­тарын аралап шыққан «ҚХА 20 жылдығына – 20 ізгі іс» эста­фетасының символы – Тайқазанды қарсы алу рәсімі болды.

Салтанатты қарсы алуға Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, Ассамблеядан сайланған Мәжіліс депутаттары, қала басшылығы, өнер ұжым­дары, БАҚ өкілдері, шаһар жұрт­шы­лығының өкілдері жиналды.

Тайқазанмен бірге жүріп, еліміздің барлық 16 аймағын аралап шыққандар арасынан Ассамблея мүшесі, атақты балуан Ислам Байрамуков «ҚХА 20 жылдығына – 20 ізгі іс» акциясының аясында 35 мыңнан артық мұқтаж жандарға қайырымдылық көмектер көрсетіліп, 620 мыңнан артық адам қатысқан 2500 іс-шаралар ұйымдастырылғанын жеткізді. Іс-шаралардың барлығы ҰОС ардагерлері мен мүгедектерін, сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға бағытталыпты. Тіпті, қайырымдылық акциялары барысында әлеуметтік маңызы бар нысандар да іске қосылған екен. Сонымен қатар, 1 мыңнан артық ағаш көшеттері отырғызылып, аулалар мен көшелер абаттандырылыпты. «Қайырымдылық акциясына барлық аймақтардың жастары белсене араласып, ассамблеялықтардың бастамасын іске асыруға қолдан келген көмектерін жасады», – деді И.Байрамуков.

Еліміздің барлық аймағын аралап шыққан акцияның «Тайқазан» деп аталуының да нышандық мәні бар. «Қазан аузы жоғары» дейді қазақ, онысы Құдайдың берер несібесі, шашар ырыздығы мол болсын, келер жерін кең қыла көр дегені. Сөйтіп, қазан қазақ үшін байлықтың, барлықтың символы ретінде аталады. Ал ассамблеялықтардың осы символды ұстануының да зор маңызы бар. Бір қазаннан ас ішіп, қазақпен бір үйдің баласындай болған барлық Қазақстан халқының татулығы мен тәттілігінің, байлығы мен бақуаттылығының символы қазан болмай не болушы еді?! Оның үстіне, бұл жай қазан да емес, қазақтың темірді қамырдай илейтін, өркениетке ерте заманда-ақ жеткен ежелгі ел, өркенді жер екенін көрсетіп, жұртты таңғалдырған Тайқазан. Қазір Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде тұрған осы ғажап Тайқазанның акция барысында алып жүретін шағын макетін Носир Хомрақұлов жасапты.

Тайқазан Қарағанды трассасының бойынан қарсы алынып, жол полициясының алып жүруімен Бейбітшілік және келісім сарайына жеткізілді. Мұнда жиналған қалың көпшілік оны ұрандап, қызғылықты қуаныш, көңілді сезімдермен қарсы алды. Құрамында сегіз қыз және сегіз жігіт болған мемлекеттік «Наз» театрының бишілері көңілді бимен осы жердегі сахналық көріністерді ашты. Ортаға қазақ абызының киімін киген ақсақал (Горький атындағы орыс драма театрының әртісі Б.Керейбаев) шығып: «Атқан таңмен таласып, жылы лепке үн қосып, құстары ән салып, қозы-лақтары жамырап, бұлақ сылдырымен оянған қазақ даласындағы ғасырлар сырын бойына жиған бірлік пен ынтымақтың, тоқшылық пен татулықтың нышаны – Тайқазан, қош келдің!», деді.

Одан әрі еліміздің төрт құбыласын түгендеп, Оңтүстік пен Солтүстік, Батыс пен Шығыстың өздеріне тән түсті киімдерін киген «Томирис» бишілер ұжымы мен Қорғаныс министрлігінің әртістері шығып, би биледі. Одан әрі ресми адамдар арасынан Тайқазанды қарсы алуға арнаған құттықтау сөзді алғашқы болып Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов айтты. «Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы дегеніміз – Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, бұл – Қазақстан Конституциясының 20 жылдығы, бұл – бірліктің, елдіктің, халық достығының жылы», – деді ол.

Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев жиналғандардың бәрін Тайқазанның Астанаға оралуымен құттықтады. «Тайқазан – молшылық қана емес, береке-бірліктің де символы. Ол еліміздің түкпір-түкпіріне жақсылықтың, молшылықтың, бірліктің рухын сеуіп ортамызға оралды. Сондықтан да бұл бәрімізге қуанышты оқиға», – деді ол.

Мәжіліс депутаты, чешен этномәдени бірлестігінің төрағасы Ахмед Мұрадов өзінің сөзінде қазақтың кеңпейілдігі мен жомарттығының символындай болған Тайқазанның арқасында бүгінгі күнге аман жеткендерін айтты. «Сондықтан, біз оны өзіміздің құтқарушымыздай көреміз», – деді ол.

Бұлардан басқалар да сөйлеп, Тайқазанның маңызы мен мағынасына тоқталды. Салтанат соңында абыз бата беріп, елімізге бірлік пен береке, бейбітшілік пен татулық тіледі.

Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».
АСТАНА.
Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ.


Самрат Ж. Эстафета символы – елордада // Егемен Қазақстан. - 2015. - 22 сәуір

Возможно вам будет интересно

Семен Голопятов

Семен Голопятов

                                                                                        Семен Голоп... Читать полностью.

Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы мәре алды

Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы мәре алды

          Кеше Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы еліміздің барлы... Читать полностью.

Андреева И. Чтобы жизнь повторилась сначала // Провинция. - 2012. - №2. - С.79-83

Андреева И. Чтобы жизнь повторилась сначала // Провинция. - 2012. - №2. - С.79-83

   Родилась в г. Петропавловске, окончила отделение биологии-химии Петропавловского госуда... Читать полностью.