XVI ғасырда Қазақ мемлекетінің қуатын биік шыңға жеткізген Қасым хан өзін баршаға үлгілі мұсылман ретінде танытқанын қалың жұртшылық біле бермейді. Мұхаммед Хайдар Дулати: «Қасым хан жайлы айтатын болсақ, ол бүкіл Дешті Қыпшақты өз билігіне бағындырды», деп жазады. Көшпелілерге тән менталитет Қасым ханның аса діндар мұсылман болуына еш кедергі келтірген жоқ. Сол сияқты ханның сопылық фәлсапасына да көзқарасы оң болды. Деректерден Қасым ханның бұхаралық шейх Әбу Бәкір Са’дтың мүриді (шәкірті) болғаны белгілі.
Діндарлық қасиет қазақ ханының ұстанған идеологиясы мен мемлекеттік қызметінен тікелей көрініс тапты. Халықтың жадында Қасым хан тұлғасы әскери салаға қарағанда бейбіт жасампаздыққа жақындығымен, тыныштық сүйгіш, әділ басшылығымен сақталып қалды. Хан елді ұйымдастыру, тәртіп пен құқық мәселелеріне баса назар аударып жергілікті түркі-ханафилік дәстүрге сай заң жинағын бекіткен. Қарапайым халық ол заңнаманы сүйіспеншілікпен «Қасым ханның қасқа жолы» деп атап кетті.
Қасым хан Моғолстан ханы Сұлтан Саидтың Шайбанилерге қарсы бірігіп әскери жорық жасау туралы ұсынысынан сыпайы түрде бас тартқан. Мұның орнына ол Шайбани әулетінің ханы Ұбайдоллаға өзінің қызын тұрмысқа беріп өзбек хандарымен татуласуды және туыс болуды оң қадам деп санады. Тарихшы Мұхаметжан Тынышпаев: «Осындай қуаты мен әскери күшіне қарамастан Қасым хан бейбіт сүйгіштігімен ерекшеленді», деп дұрыс атаған. Біз ханның мінез-құлқына ислами руханият жағымды әсер еткен деп пайымдаймыз.
Сол дәуірде Қазақ елінің мұсылман Шығыс елдерімен рухани байланыстары берік болды. Қасым ханның ұстазы Қожа Са’д XVI ғасырда Орталық Азияның саяси және рухани өмірінде үлкен рөл атқарған ірі қайраткер саналады. XVI-XVIII ғасырларда Қазақ елі билеушілерінің Орталық Азия сопыларымен байланысы айтарлықтай тұрақты болды. Бұған 1598-1599 жылдардағы әскери оқиғалардың нәтижесінде Түркістан, Ташкент және Ферғананың бір бөлігінің белгілі бір уақытқа Қазақстанның құрамына енуі нақшбандийа сопылық ордені шейхтарының мәмілегерлігімен қазақ және өзбек хандарының арасында келісімшартпен бекітілуі дәлел бола алады. Жалпы, шиеленістер мен қақтығыстар жиілеп кеткен тұста діни лидерлер бар жерде тыныштық пен саяси тұрақтылықтың орнығуына жәрдемдесе жүріп бітімгершілік рөл атқарды.
1512 жылы Мәуереннаһрды қайтарудан әлі де болса үмітін үзбеген Әмір Темір ұрпағынан шыққан Бабыр парсылармен одақтаса отырып өзбектерге (шайбанилерге) қарсы шабуыл жасайды. Орталық Азиядағы саяси ахуалдың шиеленіскен тұсында сол дәуірдің даңқты сопы шейхтарының бірі Қожа Ислам өзіне Қазақ мемлекетінен, нақты айтқанда Қасым ханның жанынан пана табады. Дереккөзде айтылғандай, танымал, сыйлы дін ұстазының келгенін білген Қасым хан патша болса да шейхты алдынан шығып, күтіп алып «оған ұзақ уақыт бойы қонақжайлық көрсетеді». Ислам мен оның жанындағы адамдардың Қазақ хандығында ұзақ уақыт болуы байтақ далада ислам негіздерінің берік тамыр жайып, қазақтардың ислам орталықтарымен байланыстарының нығаюына оң ықпал еткені сөзсіз.
Бұдан кейінгі оқиғалар да назар аударуға тұрарлық. Бабырдың жеңілісінен соң Мәуереннаһрда жағдай біртіндеп қалыпқа түскеннен кейін шейх өз отанына қайтуға жиналады. Дәп сол кезде Қасым ханның ордасына Бабыр мен парсыларды жеңген Ұбайдолланың елшілері келеді. Олар өз билеушісіне Қасым ханның қызын айттырмақ болады. Некеге рұқсатын берген қазақ ханы Бұхараға ұзатып отырған қызын шейх Қожа Исламға тапсырып тұрып, өзінің әкелік қамқорлығын шын көңілімен мына сөздер арқылы айтып жеткізеді: «Мен өз баламды сіздің еліңізге жіберіп отырмын. Сіз, біздің пірлеріміздің ұрпағысыз. Менің сізден қызымның хал-жағдайынан хабардар болып тұруыңызды өтінемін».
Қазақтың даңқты ханы Тәуекел (толық есімі – Тәуекел-Мұхаммед Баһадүр хан) жан-жақты тұлға болған: батыр, қолбасшы, саясаткер, әрі ақындық дарын мен діни білімі бар адам ретінде көпке танылды. Ағалы-інілі Тәуекел мен Есім мұсылманша терең білімді Шығай ханның ұлдары еді. Тәуекел хан парсы тілін еркін меңгерген, әрі сол тілде өлең жазған. Орыстар Сібірде тұтқынға алып, кейіннен Мәскеуде аманат ретінде ұстаған атақты Ораз Мұхаммед Тәуекел ханның немере інісі болғаны белгілі. Ата-анасынан ерте айырылған Ораз Мұхаммед ағасы Тәуекелдің тәрбиесінде болған. Ол да діндар болып өскен. Араб, парсы және шағатай тілдерінде еркін сөйлеген. Тәуекел ханның бауырымен жазысқан хаттары орыс тіліндегі аударма нұсқада сақталған. Түпнұсқада хат араб графикасымен қазақ тілінде жазылған.
XVII-XVIII ғасырларда басқа да қазақ хандары сияқты Тәуекел хан да исламды ту етіп қалмақтармен күрескен. Тәуекел ханға бағынған қазіргі Қазақстанның оңтүстігі мен Орталық Азияның көптеген қалаларында ол дінбасылармен жақын байланыс орнатып, мешіттер мен медреселер салдырған. Тарихтан Тәуекел ханның Бұхара ханы Абдолланың шартты түрдегі вассалы болып, оған адал қызмет еткені белгілі. Абдолла хан Тәуекелге одақтастығы мен адал достығына өзінің алғысы ретінде Самарқандтағы бір бай уәлаятты сыйға тартқан. Тәуекел хан сондай-ақ Шығыс Түркістанның мұсылман қалаларымен саяси және діни байланыста болған.
Ислам тұрғысынан алғанда Тәуекел ханның қарапайым діндар адам болып қана қоймай, дінге терең үңілуге тырысқаны, тасавууф (сопылық) жолына түсуі назар аудартады. Қазақ билеушісінің діндарлығы жайлы мәліметтер Мұхаммед Әуездің «Зийа әл-қулуб» («Жүректер сәулесі») атты агиографиялық шығармасында сақталған. Онда Тәуекел ханның 120 адамымен (ұлдары, туыс сұлтандар) шейх Қожа Ысхақтың мүридтері қатарына енгені жайлы баяндалады. Бұл оқиға 1598 жылы Самарқанд маңында болған.
Қазақ ханы Есім (толық аты – Ешмұхаммед) Қашқар мен Орталық Азиядағы қожалар және дінбасылармен тығыз байланыс орнатқан билеуші. XVIII ғасырдан бастап Шығыстан, жоңғарлар мен қытайлар тарапынан өрши түскен жалпы қауіпті сезіну Қазақ жері мен Шығыс Түркістан мұсылмандарының рухани бірігуіне жол бастады. Қашқардағы Әппаққожа, Ысхаққожа және басқа шейхтары қазақтар мен қырғыздар арасында биік беделге ие болды. Бұл кезде Шығыс Түркістан қалаларында қожа сопылар рухани ғана емес, саяси рөлге де ие болған.
Шығыс Түркістанда өршіген билік үшін күресте атақты Қожа Ысхақтың ұрпағы Даниал қожа бастаған жергілікті қожалар қазақ ханы Есімді таққа отыруға шақырды. Солайша, Есім хан қысқа уақытқа Шығыс Түркістанды билеуге қол жеткізді. Тәуекел хан сияқты Есім хан да исламға үлкен ынтамен қарады. Хан мемлекеттің астанасы Түркістан қаласында ислами оқу-білімге үлкен қамқорлық көрсетті. 1627 жылы Түркістанға Хиуадан қуылған белгілі ислам ғалымы, тарихшы Әбілғазы Баһадүр келеді. Есім хан оның қызмет етуіне жағдай туғызады. Қасым мен Тәуке ханның заңдары сияқты Есім ханның да «Есім ханның ескі жолы» деп аталған заң жинағы ханафи мазһабының методологиясына негізделген болатын.
Басқа да белгілі қазақ хандары иманды, исламды берік ұстанушы болды, олардың қатарында: Тәуке, Әбілмәмбет, Абылай (Әбілмансұр), Әбілқайыр, Жолбарыс, Жәңгір, т.б. «Жеті жарғы» терминіне келсек, «жарғы» деген дыбыстық жағынан өзгеріске ұшыраған арабшадан алынған «шарғы», яғни «шариғат» деген сөзді білдіреді. Осы мұсылман заңдар жинағын құрастыруға басшылық еткен баһадүр, әрі данышпан хан әз-Тәуке (толық есімі Тәуекел) барлық мемлекет мәселелерін шариғат пен дала әдетінің білгірлері Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билермен кеңесіп отырып шешті.
Мемлекеттің сыртқы саясаты оның ішкі саясатының жалғасы екені заңды. Буддашыл жоңғарлармен арадағы ушыққан күресте Тәуке хан бастаған қазақ мұсылман қауымы ислам дінін өздеріне тірек көрді. Қазақ халқының сыртқы жаулардан өз тәуелсіздігі жолындағы ұзаққа созылған (XVII-ХХ ғ. басы) күрес жолына түсуі – халықтың ислам дінін ұстануын одан әрі нығайтып, этностық бірегейлік мазмұнында діни компоненттің белсенділігінің артуына ықпал етті деп пайымдаған дұрыс. Тарихтың қысылтаяңы, ауру-індеттің көбеюі, қан кешу, туған жерден, ағайын-туыстан айырылу – осының барлығы діни сана-сезімді тереңдетіп, психологиялық тұрғыдан адамдарды өмірдің шынайы мәнін іздеуге, мәңгілік дүниені сезінуге итермелейтіні белгілі. Өз кезегінде ислам халықтың этностық жағынан жұмыла түсуіне үнемі жәрдем беріп, жеңіске рухтандырды, қосымша күш-жігер берді.
Назира НҰРТАЗИНА, тарих ғылымдарының докторы,
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті
әлеуметтік тарих кафедрасының профессоры.
АЛМАТЫ.
Нұртазина Н. Даладағы дін діңгектері // Егемен Қазақстан. - 2015. - 10 маусым
ЭБС "Библиороссика"
ЛитРес: библиотека
Қазақстанның ашық кітапхана
Казахстанская национальная электронная библиотека
Қазақстанның ашық кітапхана
Электронное правительство
Рухани жаңғыру
Послание президента
Государственные символы