Кеше Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясы болып өтті Кеше Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Мәңгілік Ел: бір ел – бір тағдыр» тақырыбында Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерейтойына арналған ХХІІ сессиясы болып өтті.
Мерейтой жылында болған сессияның жұмысына 1500-ден астам адам қатысып отырды. Олардың арасында еліміздің барлық өңірлерінен келген Ассамблея мүшелері мен ардагерлері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің төрағалары, Парламент депутаттары, мемлекеттік орталық атқару органдарының, саяси партиялардың, діни бірлестіктердің, ҮЕҰ мен ЖОО-лардың басшылары, шетелдік дипломатиялық миссиялар мен шығармашыл зиялы қауым өкілдері болды. Халықтың көңіл-күйі көтеріңкі, көңіл-хошы ерекше екендігі үлкен залдың барлық бұрышынан көрініп тұрды.
Сессия жұмысы Мемлекеттік Әнұранмен ашылғаннан кейін Ассамблея Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов баяндама жасау үшін сөзді Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа берді.
Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығымен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын, деп бастады сөзін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.
Біз биылғы жылды Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы деп жарияладық. Бұл – Ассамблеяның мерейін асыру арқылы нығая түсетін Ел бірлігі жылы. Тарихи жылда біз Қазақстан халқының мызғымас бірлігі мен Ұлы Отанға мәңгілік сүйіспеншілігін ұлықтай түсеміз.
Бұл біз солардың арқасында біздің еліміздің бүгінгі жетістіктерін мақтан тұтып отырған тұрақтылықтың, бірлескен еңбектің, даму мен достықтың 20 жылы.
Ассамблеяның барлық мүшелеріне және барша қазақстандықтарға алғыс айтамын!
Ассамблея дәуірдің белесінде – күрделі де тағдыршешті 1995 жылы дүниеге келді, деп жалғады сөзін Мемлекет басшысы.
Бүгінде Қазақстанның ХХ ғасырдың 90-шы жылдардың басында қандай болғанын, неден бастауға тура келгенін қазіргі заман жастарының көзге елестетуі де қиын. Біз 15 одақтас республиканың ішінде соңғы орындарда болдық деп айту мүлде ештеңе айтпағанмен бірдей. Ол кезде дүкендерде бірінші қажеттегі негізгі тауарлардың карточкамен сатылғаны аға буынның есінде. Мәселен, бір адамға айына бір килодан аспайтын қант, 400 грамм май, 1 ондық жұмыртқа тиесілі болды. Сүт сатып алу үшін жұрт дүкендерде таңғы 5-6-дан бастап кезекке тұратын. Бір уақыттары тіпті бидайдан қомақты өнім алған біздің астықты республикамыздың өзінде нан қатаң нормамен – бір қолға 1 бөлкеден берілді! Ал телевизор, тоңазытқыш немесе кір жуғыш машина алу құқығы кәсіпорындарда ұтыс түрінде ойнатылды. Автомобильдер туралы ешкім армандаған да емес.
Адамдар жұмыс істей жүріп айлап еңбекақыларын, зейнеткерлер зейнетақыларын ала алмайтын. Дәрі тапшылығы орасан зор болды. Операция қажет болған науқастар өз қажеттерін өздерімен бірге ала жүріп, дәрілерді сатып алатын. Бәрі де дәл осылай болды!
Міне, бұл сол уақыттағы экономиканың және адамдар өмірінің аянышты жағдайын кез келген цифр мен статистикадан өткірірек түрде нақтылы бейнелейді. Іс жүзінде біздің экономика орталығы Қазақстаннан тыс жерде болған аумақтық экономикалық кешендердің «шет аймағынан» тұрды. Мәселен, тас көмір қорының көптігінен Орталық Қазақстанды Донбасс пен Кузбасстан кейін «үшінші қазандық» деп атады. Ал сонымен бірге, үйлерде, кәсіпорындар мен мекемелерде, мектептер мен ауруханаларда көмірдің жоқтығынан жылу мен жарық болған жоқ.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бізді қорқытқан ең бір көңіл құлазытар болжамдардың бірі жаппай созылмалы кедейшілік, сол сияқты халықтың көпэтностығы болды, деп атап өтті Елбасы. Ол кезде ол үшін негіз де бар еді. Ел тұрғындарының төрттен үші дерлігі кедейшілік шегінде тұрды. Бюджеттегілер – мұғалімдер, дәрігерлер, мәдениет қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер ауыр жағдайда болды. Көпшілігі сол кезде өздерінің тарихи Отандарына – Германияға, Грекияға, Израильге, Ресейге, бұрынғы Одақ республикаларына кету жөнінде шешім қабылдады. Бүкіл 90-шы жылдары Қазақстаннан 3 миллион 690 мың адам кетті. Елде 14 миллионнан сәл ғана астам азаматтар қалды. Бұл Қазақстанның еңбек және экономикалық әлеуетін әлсіретті.
Экономикалық коллапс елеулі саяси дағдарыс туындатты, этносаралық және әлеуметтік қарым-қатынастар шиеленісе түсті. Ол кезде этносаралық қақтығыстар негізінде кінәсіз адамдардың қаны төгілген көршілес Қырғызстанның Ош облысындағы, Ферғанадағы, Бакудегі, Сумгаиттегі, Таулы Қарабақтағы, Кавказдағы, Приднестровьедегі, Балтық бойындағы оқиғалардан қорытынды шығарып, мәселеге шынайы көзқарас танытуға біздің кемеңгерлігіміз бен саяси ерік-жігеріміз жетті, деп атап көрсетті Н.Назарбаев.
Әлемнің кейбір мемлекет және саяси көшбасшылары бізді түрлі пішіндерде өздерінің, бір жағынан панисламизм, екінші жағынан пантюркизм идеясымен, үшінші жағынан батыстық өркениеттің «құндылықтарымен және артықшылықтарымен», еркіндікпен және демократиямен өзіне тартуға тырысты. Олардың қай-қайсысы да материалдық және саяси игіліктер, тіпті әскери қолдау көрсетуге де уәде бере отырып, бізді дәстүрлі одақтастарымыз бен әріптестерімізден бас тартуға көндіруге талпынды.
Республика тағдырын біздер, қазақстандықтар өз қолымызға алдық, деп атап көрсетті осы орайда Нұрсұлтан Әбішұлы. Сөйтіп, бүгінде бүкіл әлем құрметтейтін мемлекет құрдық. Біз оны өзіміздің бақытымыз үшін және бүгінгі, сондай-ақ, келешек ұрпақтың игілігі үшін жүзеге асырдық. Біз өзіміздің қиын тарихымыздан сабақ алуға тиіспіз. Ол этносаралық қатынастар тарихы сияқты маңызды мәселеге де қатысты. Оны мектептерде объективті және еш әсірелеместен оқыту қажет. Біздің жастарымыз оны өзінің бес саусағындай білуі тиіс.
Өткен бүкіл ХХ ғасыр бойына Қазақстан аумағына көпэтносты халықтың қалыптасуының күрделі үдерісі жүрді, деп жалғады сөзін Мемлекет басшысы. Ғасырдың ең басында столыпиндік реформа кезеңіндегі шаруалардың қоныс аударуы барысында Қазақстанға Ресейден, Украина мен Беларусьтан 1 миллион 150 мың адам келді. Жиырма шақты жылдан соң, 30-шы жылдарғы ұжымдастыру кезінде бұрынғы КСРО-ның орталық аудандарынан Қазақстанға 250 мың мүліктері тәркіленген шаруалар келді. Дәл сол уақыттарда өнеркәсіп нысандарын салуға елдің барлық түкпірлерінен шамамен 1,2 миллион адам қоныс аударды.
Сталиндік режім кезіндегі әр жылдарда бүтіндей бір халықтар – 800 мыңға жуық немістер, 102 мың поляктар, 550 мың Солтүстік Кавказ халықтарының өкілдері, 18,5 мың Қиыр Шығыстағы корей отбасылары қоныс аударды. Оларды вагондардан ашық далаға әкеліп түсірді. Ол кезде мұнда тек қазақтар ғана тұратын. Сондықтан қабылдаған да солар болды.
Сөйтіп, өздері мұқтаждықта өмір сүріп жатқан қазақ отбасылары оларды өздерінің саман үйлерінде қабылдады. Біздің отбасымыз да үш баласы бар ерлі-зайыптыларды қабылдады.
Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын Барлық этностардың бір біріне және мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді.
Өздеріңіз білесіздер, сталиндік қуғын-сүргін жылдарында Қазақстанда АЛЖИР, КарЛАГ, СтепЛАГ, ДальЛАГ, ПесчанЛАГ, КамышЛАГ, ЖезказганЛАГ, Ақтөбе, Петропавл, Кеңгір және Өскемен лагерьлері сияқты жүз мыңдаған тұтқындар қамалған 11 арнаулы лагерьлер құрылды, деді Н.Назарбаев. Бірақ босағаннан кейін олардың барлығы бірдей кетіп қалған жоқ.
Оның сыртында соғыс кезінде Қазақстан 350 мың эвакуацияланған халықты қабылдады. 50-ші жылдары тың игеруге тағы да 1,5 миллион адам келді. Түрлі жабық әскери нысандар шамамен 150 мың маман мен олардың отбасыларын қабылдады. Бүтіндей алғанда ХХ ғасырдың басынан Қазақстанға 5,6 миллион адам қоныс аударды. Ол кезде жергілікті халық шамамен 6 миллиондай адам болатын. Бұларды тарихты білмейтіндер және Қазақстан қашаннан осындай көпұлтты болған деп санайтындар үшін айтып отырмын.
Екінші жағынан, сталиндік қылмыстық ұжымдастыру салдарынан 1,5 миллион қазақ аштықтан қырылды. Осыдан-ақ әлемде бірде-бір елдің, бірде-бір халықтың қазақ халқы сияқты демографиялық ахуалда мұндай күйреушілікті бастан кешпегенін және толық жойылып кету қаупі туындамағанын түсінуге болады.
Біз тірі қалдық, топтаса білдік, қатыгезденген де жоқпыз, өшіккен де жоқпыз, ХХ ғасырдың қатаң қасіреті үшін ешқашан ешкімді кінәлаған да емеспіз, деп атап көрсетті Нұрсұлтан Әбішұлы. Біз төтеп бере білдік, сталинизмнің бүкіл кінәсіз құрбандарына көмектестік, өз төңірегімізге барлық этностар мен конфессияларды біріктіре отырып, өз тәуелсіздігімізге бейбіт жолмен қол жеткіздік. Бүгінде де біздің еліміз толеранттылық, келісім мен бір-біріне деген сенім негізінде алға қарай қадам басуда.
Өздеріңіз көріп отырғандай, біздің көпэтностығымызды саяси жүйе жасанды түрде жасап шығарды. Ол үшін өз ықтиярларынан тыс осы жерге келген адамдар кінәлі емес. Олардың бәрі де бүгінде қазақстандық болып шықты. Біз бәрін біртұтас, топтасқан халыққа біріктіре алдық. Бұл бүгінде біздің басты артықшылығымыз. Біздің күшіміз де осында.
Тарихтың бұл беттерін әркезде де есте сақтап, Астананың, сол сияқты еліміздің басқа да қалаларының музейлеріндегі экспозицияларда біздің тарихымыздың маңызды сатысы ретінде бейнелеу қажет. Ол кезеңнің тоталитарлық машинасынан біздің бәріміз де зардап шектік.
Қазақстанда жыл сайын Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні атап өтіледі, деп жалғады сөзін Елбасы. Қазақстандық элита түгел дерлік қуғын-сүргінге ұшырады, жартысы атылды. Бүгінде біздің елімізде 17 конфессия өкілдері бейбітшілік пен келісімде өмір сүруде. Олардың ішіндегі неғұрлым ірілері – ислам, православие және протестантизм.
Бізде тарихи тұрғыда қалыптасқан ханафиттік ислам біркелкілігімен, төзімділігімен, ислам құндылықтарын көкейге қонымды пайымдауымен ерекшеленеді.
Біздегі славян жұртының басым бөлігіне тән православие адамның ар-ожданы мен өнегелілік таңдауын, қайырымдылық пен мейірбандық мәселелерін басты күн тәртібіне қояды. Соңғы жылдары Қазақстанда табысты және кәсіби еңбекті, ұқыптылық құндылықтары мен қайырымды өмірді уағыздайтын католицизмнің, протестанттық шіркеудің жолын ұстанушылардың өсуі байқалады. Біздің елімізде басқа конфессиялар да өздерінің діни қажеттіліктерін алаңсыз жүзеге асыру мүмкіндіктеріне ие. Әр діннің өз артықшылықтары бар. Олар әркезде де қазақстандықтарды біріктіреді, бейбітшілік пен келісім ісіне, қоғам мен экономиканы дамытуға, мемлекетті нығайтуға қызмет етеді. Қазақстандық біртектілік әр діннің озық рухани құндылықтары негізінде нығаюы керек.
Сонымен бірге, Қазақстан зайырлы мемлекет болып қалуы тиіс, деп атап өтті Президент. Әлемнің жаратылуы сондай, этностық, тілдік, діни және мәдени айырмашылықтар болжамды болашақта әркезде де бола бермек. Бірақ олар ажыратушы бөліктер емес, біріктіруші бастау болуы тиіс. Біздің жеріміз түрлі этностар мен діндердегі адамдардың аққан терімен молынан құнарланған. Біз бәріміз бірге қалалар мен поселкелерді салудамыз, астық өсірудеміз, индустрияны көтерудеміз, жолдар салудамыз, отбасын құрып, балаларды тәрбиелеудеміз. Біз табыстарға бірге қуанамыз және ең бір қиын сәттерде бір-бірімізге қолдау көрсетеміз.
Мысалы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Қоры 5 жылдан бері Ана мен бала ұлттық орталығының онкогематология бөлімшесінің балаларына қолдау көрсетіп келеді. «Дустлик» өзбек этномәдени бірлестігі балалар үйлеріне азық-түлік жеткізіп, қарттар үйлері үшін «қайырымдылық керуенін» ұйымдастырады. Немістердің «Возрождение» ассоциациясы әлеуметтік стансалардың республикалық желісін құрып, мүмкіндігі шектеулі адамдарға көмек көрсетуде.
Оларға орасан зор алғыс! деп атап көрсетті осы орайда Мемлекет басшысы. Мұндай мысалдарды жүздеп келтіруге болады. Ассамблея тарихы – біздің тұрақтылығымыздың тарихы. Біз оны сақтауға тиіспіз. Оны біз әркезде де есте ұстап, қадірлеуіміз керек. Бұл халық зердесі үшін, адамдардың достығы мен өзара түсіністігі үшін, біздің балаларымыз бен немерелеріміз үшін ең басты мәселе.
Ассамблея Үкіметтің және бизнестің қолдауымен бүкіл ел бойынша барлық қайырымдылық акцияларының біріктіруші орталығына айналуы тиіс, деп жалғады сөзін одан әрі Президент. Өзінің жоқшылықта, кедейшілікте болғанын есінен шығармаған адам дәулетке ие болғаннан кейін қиын жағдайда қалғандарға назар аударуы керек. Бізде татулық пен келісім үшін берік іргетас бар. Бүгінде экономикалық өсу есебінен өздерінің әл-ауқатының қалай жақсарғанын барлық қазақстандықтар сезінуде. Бұл мүлде басқа ел. Жан басына шаққандағы ІЖӨ көлемі 18 есе өсті. Бізді осындай өмірге жеткізген қазақстандық ғажайып та міне, осы.
Таяуда британдық «Ипсос МОРИ» социологиялық қызметі бүкіл Қазақстан бойынша тәуелсіз зерттеу жүргізді, соған сәйкес қазақстандықтардың 93 пайыздан астамы елдегі жағдайды жоғары бағалайтынын атап көрсеткен. Бұл біздің Конституциямыздың кіріспесінде толымды бейнеленген «Біз, Қазақстан халқы!» атты басты қағидаттың салтанат құруы.
Мен де, өздеріңіз сайлаған Ассамблея Төрағасы ретінде бұл жетістікті бағалаймын. Мен жаңа Қазақстанның жасампаз жылдары ішінде бізге жүзеге асыруға сәті түскендерді мақтан тұтамын. Ассамблея жаңа Конституцияны қабылдау бойынша бүкілхалықтық референдумға бастамашы болған еді, биыл біз оның да 20 жылдығын атап өтетін боламыз.
Осы жылдар ішінде Ассамблея аса белгісіз құрылымнан Мәжіліс депутаттарын сайлау құқына ие конституциялық органға трансформацияланды. Бұл Ассамблеяның беделін арттырды. «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заң – әлемде баламасы жоқ керемет заң. Ол еліміздің болашағы үшін өте маңызды. Оның нормалары біздің ұлтаралық саясатымыздың негізін қалыптастырады, деді Мемлекет басшысы.
Ежелгі Египет мақалында айтылатынындай, дүниедегінің бәрі уақыттан қорқады, бірақ уақыт пирамидалардан қорқады. Біздің жаңа елордамыз – ажарлы Астана – осындай мәңгіліктің символы. Біз нағыз бейбітшілік пен келісімнің пирамидасын – қазір ҚХА сессиясы өтіп жатқан әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері үшін бірегей ғимарат салдық.
Қазақстанға келгендердің барлығы Ассамблеямызға таң-тамаша қалады, біздің халықтар достығына қаншалықты үлкен маңыз беретінімізді көреді. Бұл сарай – діндер Ғибадатханасы, біздің халқымыздың бірлігі мен келісімінің Ғибадатханасы. Жаһандық конфессиялар көшбасшыларының V съезі жақында дәл осы жерде өтеді, деп мәлімдеді Нұрсұлтан Назарбаев.
Бүгінде планетамыздағы кез келген елдің алдында өте күрделі мәселе – жаңа жағдайларда тұрақты дамуды қалай қамтамасыз етуге болады деген мәселе тұр, деп жалғады сөзін Елбасы. Біз Еуропада ислам құндылықтарына карикатуралар салдыруға итермелеп, кейбір елдерде есірік туындатқан исламофобия өскенін байқаудамыз. Осы және басқа да оқиғалар, олардың шығу тегі мен табиғаты қалай түсіндірілетініне қарамастан, ұлтаралық және конфессияаралық қатынастардың нәзік те шетін саласына қатысты заманауи сын-қатерлер мен проблемалардың жаһандық сипатын қуаттап беріп отыр.
Кез келген елдің қуаты – оның халқының бірлігінде. Біздің этносаралық келісім тәжірибемізді неғұрлым көп ел пайдаланатын болса, әлем соғұрлым қауіпсіз болатынына сенімдімін.
Күн тәртібінде басты мәселе – болашағы біртұтас ұлттың мәселесі тұр. Оны құру «Нұр Отан» съезінде ілгерілетілген бес халықтық реформаның жалпы мәнін қалыптастырады. Менің өңірлерге жұмыс сапарларым барысында менен бес халықтық реформаның шешуші мағынасы неде деп жиі сұралды. Бүгін мен баршаға бірден жауап берсем деймін.
Менің барлық басты бастамаларым: «2050-Стратегиясы», жаңа индустрияландыру, «Нұрлы Жол», бес халықтық реформа, «Мәңгілік Ел» – бұлар көп жылға бұрын есептелген ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын мега-жобалар. Оларды тек қуатты бүкілхалықтық механизм ғана іске қосуға қабілетті. Болашағы біртұтас ұлт осындай бола алады, деді Президент.
Біз, деп сабақтады сөзін Нұрсұлтан Әбішұлы, бірегей және халық бірлігінің осы кезге дейін еш жерде қайталанбаған моделін қалыптастырудамыз. Бізді, біріншіден, ортақ үйіміз – Қазақстанға деген ортақ сүйіспеншілік біріктіреді. Екіншіден, біздің ежелгі жеріміз бен тілдерді дамыту тарихына қатысты қоғамдық келісіміміз. Үшіншіден, мемлекетіміз бен оның азаматтарының бүгінгі күніміз бен еңселі ертеңімізге түбегейлі сеніміміз. Біздің Мәңгілік Отанымыз – Мәңгілік Елдің негізі, міне, осы.
Бүгінде дамыған елдердің ТОП-30-дығы – болашағы біртұтас ұлттар. Біз осындай табысты тәжірибелердің көптеген мысалдарын көріп отырмыз, олар – Жапония, Оңтүстік Корея, Түркия, Малайзия және басқалары. Қазір біздің қазақстандық тәжірибе де осы қатарда деп айтуға әбден болады. Бірақ біз өзіміздің жолымызды аталған елдерден 30-50 жыл кейін бастадық. Сондықтан біздің алдымызда үлкен жұмыстар тұр. Мен бес халықтық реформаны іске қостым, деді Мемлекет басшысы.
Бірінші – кәсіби мемлекеттік аппарат жасақтау. Екінші – заңның үстемдігі. Үшінші – индустрияландыру мен экономикалық өсім. Төртінші – болашағы біртұтас ұлт. Бесінші – транспарентті мемлекет.
Бұлар – сырттың теріс ықпалдары салдарын еңсеріп, елді нығайтатын және барша үшін осы заманғы Қазақстан тұрғызуға көмектесетін жаңа басымдықтар. Ең бастысы, еңбек адамының жұмысы мен тұрақты жалақысы, басында баспанасы, ертеңгі күнге деген сенімі болуы тиіс. Бес реформа – бұл қарапайым адамдарға керектінің дәл өзі, деді Нұрсұлтан Назарбаев.
ҚХА өкілдері Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия жұмысында маңызды рөл атқарулары керек, деп жалғады сөзін Елбасы. Осымен байланысты Ассамблея алдына бірқатар міндеттер қоямын.
Бірінші. Бүкілқазақстандық біртектіліктің, болашағы біртұтас ұлттың кілті бүкілқазақстандық мәдениет болып табылады. Әлемдегі аса серпінді ұлттардың – АҚШ-тың, Жапонияның, Еуропа елдерінің, Оңтүстік-Шығыс Азия «жолбарыстарының» тәжірибесі қазіргі дүниеде берік мәдени арқаусыз елдің экономикалық және саяси табысы мүмкін емес екенін айқын айғақтап беріп отыр.
Сондықтан, деді Президент, планетамыздағы 30 лайықты ұлттың біреуі атану үшін, бірінші кезекте, ХХІ ғасырда аса танымал мәдениеттердің қатарында болу шарт. Біз Қазақстанның әлемдегі 30 «жоғары мәдениетті қоғам» шоқжұлдызына енуін қамтамасыз етуге тиіспіз.
Бар-жоғы екі жылдан кейін біздің елордамыз Астана Халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесін қабылдайтын болады. Ол Қазақстанның бүгінгі мүмкіндігін, әлеуетін және болашағының жаһандық қарымын байқатпақ. Біз – осы бүкіләлемдік форум өткізу құқығын алған әлемдегі 17-ші елміз. Біз конкурсты жеңіп алдық. Бұл – біздің экономикалық және мәдени дамудағы жаһандық көшбасшылар қатарында болуға деген ұмтылысымыз негізсіз емес екенін дәлелдейтін бүкілхалықтық миссия. Мәдениет және спорт министрлігі «ЭКСПО-2017-ге» қарай бүкілқазақстандық мәдениеттің тұсаукесерінің арнайы жоспарын жасауы тиіс. Біз – жаңа елміз, сондықтан көрмеге келушілердің еліміз, табиғатымыз, мәдениетіміз, тарихымыз туралы көбірек білуге деген ұмтылысы табиғи болмақ. Бізге осы мүмкіндікті пайдаланып қалу керек, деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Екінші. Қазақстандық ұлттық рухтың басты көзі – ортақ рухани-адамгершілік құндылықтар негізіндегі халық бірлігі.
Біздің азаматтарымыздың көпшілігі – қазақтар. Тиісінше, жалпықазақстандық бірлік дегеніміз – ең алдымен, қазақтың өзінің бірлігі. Елдің тағдыры мен болашағы – мемлекет құраушы ұлт ретінде қазақтың қолында. Халықты ұлы істерге ұйыстыруда басты жауапкершілік қазаққа жүктеледі.
Осыны әрдайым есте тұтайық.
Біздің Конституциямыз нәсілдік, этностық, діни және әлеуметтік қатыстылығына қарамастан, барлық азаматтарымыздың құқықтық теңдігіне кепілдік береді және қорғайды. Сонымен бір мезгілде, қазақстандық біртектілікті одан әрі нығайту қажет. Ол азаматтық қағидатына негізделуі тиіс. Барлық азамат құқықтардың бірдей көлемін пайдалануы, жауапкершіліктің бірдей жүгін көтеруі және теңдей мүмкіндікке қолжетімділікке ие болуы керек, деді Мемлекет басшысы.
Мәңгілік Ел идеясы арқауындағы топтастырушы құндылықтар – азаматтық теңдік; еңбексүйгіштік; адалдық; оқымыстылық пен білімге бас июшілік; зайырлы ел – толеранттылық елі. Қазіргі кезде жобасын жасаумен Ассамблея айналысып жатқан «Мәңгілік Ел» патриоттық актісінің негізін осылар құрауы тиіс. Онда қазақстандық патриотизмді жаңашылдықпен айқындау қажет. Қазіргі дүниеде қоғамдағы бейбітшілік пен келісімнің барлық елдерде бірдей қолдануға болатын мінсіз және дәл рецептілері жоқ. Біз әлемде алғашқы болып бүкілқазақстандық ұлттық идеяны нақты құжат пішінінде бекітеміз. Мұндай тәжірибе еш жерде жоқ және біз баршаның алдында келеміз, деді Елбасы.
Дәл осы секілді, қазақстандықтарды тұтастандыру мен біріктірудің бірегей мүмкіндігін көре отырып, осыдан 20 жыл бұрын бірінші болып халық Ассамблеясын құрдық. Жаңа міндеттерді жүзеге асыруда ұлттық интеллигенцияға ерекше рөл беріледі.
Үшінші. Біз өскелең ұрпақты патриоттық тәрбиелеуге ерекше назар аударуымыз керек. Бұған білім беру жүйесінің, тәрбиенің, мәдениеттің, БАҚ-тың, этномәдени бірлестіктердің барлық күш-жігері бағытталатын болуы тиіс. Бұдан да көп айтуға болады. Адамдар талғамсыздықтың, «менттер», қылмыстар туралы көпірген сериалдардың, тұтынушылық, ойын-сауық және тағысын тағы сияқтылардың көптігінен шаршады. Мұнда жалпыұлттық құндылықтарды нығайтуға бастайтын күш ретінде біздің интеллигенциямыздың рөлі зор. Адамдар театрдан, кинодан, кескіндеме өнерінен, өнер туындылары мен мәдениет өнімдерінен адамгершіліктің, адалдықтың, абырой мен ізгіліктің көрсетілгенін күтеді. Мәдениет және спорт, Инвестициялар және даму министрліктеріне Ассамблеямен бірлесіп, БАҚ-тарда, Интернетте арнайы жобаларды жасап, жүзеге асыру керек, деді Президент.
Төртінші. Кез келген ұлт-мемлекет – бұл, бірінші кезекте, оның бірегей мемлекеттік тілі. Қазақ тілін үйреніп жүрген барлық ұлты қазақ еместерге рахмет. Балаларын балалар бақшасынан өз Отандарының тілінде сөйлеуге үйретіп жүрген ата-аналарға да рахмет, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақ тілін дамыту өзінің тарихында ешқашан осындай ауқым мен қарқынды білген емес. Бүгінде қаншама қазақ еместер қазақ тілін біледі! Мемлекет қазақстандықтардың барлық этностық топтарының тілдерін дамытуға қамқорлық көрсетіп келеді. Біз үштұғырлы тіл енгізу қарқынын өрістетудеміз. Қазақстандықтардың 20 пайызы қазірдің өзінде ағылшын тілін меңгерген. Яғни, үш тілді білу – жаһандық өмірге жолдама алу деген сөз. Бұл – адамның өмірдегі табыстылығының қағидаты.
Біз тіл мәселесіне келгенде білім мен мәдениетті жиі шатыстырамыз. Қазіргі заманда білім беру мен мәдени тәрбие беру – бір-біріне жақын, бірақ екі бөлек жұмыс. Білім берудің міндеті – заманға сай білімі бар, тәжірибелі, білікті, жаңа технологияларды меңгерген, бәсекеге қабілетті азамат қалыптастыру. Осы арқылы өзінің, бала-шағасы мен отбасының, елінің игілігі үшін табыс таба алатын азамат қалыптастыру. Ал, мәдени тәрбие берудің міндеті – адамды ұлттық болмысын сақтауға, туған тілін, тарихы мен мәдениетін игеріп, дамытуға үйрету, деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Басты проблема неде? Қазіргі заманғы білім мен ғылым негізінен басқа тілдерде, әлемдік тілдерде жасалады. 2014 жылы әлемде ағылшын тілінде 500 мыңнан астам жаңа кітап жарыққа шықты. Қазақ тіліндегі кітаптардың саны – 2300. Айырмашылық – жер мен көктей. Ғылыми әдебиетте де осындай көрініс. Медицина саласында ағылшынша 15 мың, қазақша 100 жаңа басылым шықты. Ғылым мен жаңа технологияда 30 мың және 200. Жыл сайынғы көрініс – осы! – деді Мемлекет басшысы.
Сапаны салыстырсақ та жағдай шамалас. Бұл – әлемдік үрдіс. Осы проблема Еуропадағы, Оңтүстік Америкадағы, Азия мен Африкадағы елдердің басым көпшілігінде бар. Барлық мемлекеттер бәріне ортақ бір проблемамен бетпе-бет келіп отыр. Ол – аса ауқымды ақпарат тасқынын аударып үлгермеу мәселесі. Әлемдегі техникалық ақпараттардың 70 пайызы – ағылшын тілінде. Электронды тасымал құралдардағы ақпараттың 80 пайызы – ағылшынша. Жапон, қытай, орыс, француз, араб, түрік және басқа да тілдердің бәрін қоса алғандағы өзге тілдердің үлесі небәрі 20 пайыз. Осы тілдерді ғана білетін адамдардың ақпаратқа қол жеткізу мүмкіндігі барынша шектеулі. Бұл айырмашылықты еңсеру тіптен мүмкін емес, деді Елбасы.
Әлемде білім саласының қарқынды дамитыны соншалық, оны ұлттар өз тілдеріне аударып үлгере алмайды, деп жалғады сөзін Президент. Біз аударғанша ол мәліметтер ескіріп қалады. Сондықтан, жоғарыда айтылған салалар түгелімен ағылшын тіліне көшуде. Бұл үрдіс жыл өткен сайын кеңейіп, тереңдеп, жеделдеп барады. Сонда, жаһандану заманында бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына қосылуға бел байлаған ел не істеуі керек? Тезірек әрекет жасауы қажет. Осыны түсінген ел өзгелердің алдында артықшылыққа ие болады. Оған мысалдар да жеткілікті: Сингапур, Малайзия, Корея, Гонконг, Тайвань, Біріккен Араб Әмірліктері.
Ағылшын тілінде бәрі бірдей еркін сөйлемеуі мүмкін, бірақ оқып, түсіне алады, деді әрі қарай Нұрсұлтан Назарбаев. Әлемдегі негізгі ақпараттарға қолы жетпейтін ұлт бәсекеге қабілетті бола алмайды. Бұл – ХХІ ғасырдың заңы. Сондықтан, ғылымда, медицинада жұмыс істейтін және мемлекеттік қызметтегі азаматтар ағылшын тілін тезірек меңгеруі қажет. Ұстаздар мен ата-аналарға айтарым – Қазақстанның білім беру саласында осы мәселе мұқият ескерілуі тиіс. Біздің мектептеріміздің бәріне ортақ бір үлгі қажет. Бұл үлгідегі мектепте Қазақстанның мәдениеті мен тарихы, тілі мен әдебиеті қазақша, жаратылыстану пәндері ағылшынша үйретіліп, орыс тілі пән ретінде оқытылуы керек. Ұлттық тіл мен мәдениетті сақтап, дамыту әлемдік ақпараттан құралақан қалуға негіз болмауы тиіс. Мектептің соңғы сыныптарында және жоғары білім беру – бірте-бірте ағылшын тіліне көшу керек. «Үш тұғырлы тіл» саясатының негізгі мәні – осы! Сондықтан Білім және ғылым министрлігіне Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп, Үш тілде білім беруді дамытудың жол картасын жасау қажет.
Бесінші. Халық Ассамблеясы халықтық, саясатүстілік өкілдіктің ерекше тетігі ретінде транспарентті мемлекеттің қоғамдық бақылау жүйесінде маңызды рөл атқаруы тиіс.
Алтыншы. Ассамблея алдында бұрынғысынша этносаралық қатынастар саласын саясаттандыруға жол бермеу міндеті тұр. Біз қай тараптан шыққанына қарамастан, ұлттық радикализмнің кез келген пішінінің жолын қатаң кесетін боламыз. Біздің қоғамда қазірдің өзінде қандай да бір радикалды үндеулер мен арандатушылыққа қарсы белгілі бір иммунитет қалыптасып үлгерді. Бірақ Қазақстан халқы Ассамблеясы қолын қашанда қоғамның тамыр соғысында ұстап, тиісті мемлекеттік органдармен бірге алдын алу шараларын қабылдауы керек. ҚХА үшін оның мемлекеттің ішкі саясатын жүзеге асыруға қатысуын қамтамасыз ететін, барлық этностарды жалпымемлекеттік міндеттер кешенін шешуге жұмылдыратын арнайы бағдарлама жасалатын болуы тиіс. Бізге Ассамблея туы астында «Үлкен ел – үлкен отбасы» жалпыұлттық акциясын ұйымдастыру керек, деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Жетінші. Халық Ассамблеясына біздің Еуразиялық экономикалық одақтағы әріптестерімізбен мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылды тереңдету бойынша жүйелі жұмыс тізбесін қалыптастыру қажет. ЕАЭО құру бастамасын біз көтергенбіз. Еуразиялық экономикалық одақ міндетті географиялық көршілестік қағидатын ұстанбайтындығымен қызықты. Тек біртұтас ережелер ғана міндетті. Мен ЕАЭО бейнесін кез келген басқа интеграциялық бірлестіктер, ойлап табуды қажет етпейтін велосипед түрінде елестете алар едім. Егер ол қозғалмайтын болса, құлайды. Бұл әзірше төрт доңғалағын тең басқан, моторы мықты, алға қарай орнықты және сенімді келе жатқан жол талғамайтын көлік емес. Ал бұл қозғалысты сіз бен біз, біздің экономикалық одаққа енген және әлі енетін барлық елдердің халықтары қамтамасыз етуі тиіс.
Бақыт бағалай білгеннің ғана басында тұрады. Ең асыл қазынамыз – бірлігімізді көздің қарашығындай сақтай білсек, барлық асулардан асамыз.
Мен халқымды Ассамблеяның алтын шаңырағын асқақтата түсуге үндеймін. Бірлік қағидасы – әрбір азаматтың өмірлік ұстанымына айналсын! Жүрегімізде Ұлы Отан – Мәңгілік Елге деген махаббат оты маздасын! Баянды болашаққа бірге қадам басайық! Ырысымыз тасып, айбынымыз аса берсін!
Алға, Қазақстан!
Баяндамадан соң сөз Теміртау қаласы өлкетану музейінің директоры Наталья Скориковаға берілді. Қарағандылықтарға еліміздің барлық өңірлерін аралап келіп, Астанаға жол тартқан «Тайқазанды» алып келу құрметі бұйырды. «Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына – 20 игілікті іс» ұранымен сапар шеккен «Тайқазан» еліміздің 1652 елді мекенінде болып, 2,5 мыңнан артық игілікті жұмыстар атқарып, 2 млрд. 14 млн. теңге тауып, оны ізгілікті істерге жұмсап келді. Сондықтан бұл қаражат жай ақша емес, жүрек жылуы деп айтуға болады. Мен осы «Тайқазанның» жасаған іс-шарасына араласқан 35 мыңнан артық адамның ыстық сәлемін айту бақытына ие болдым, Нұрсұлтан Әбішұлы, деді ол.
Одан әрі шешен Теміртаудағы металлургия комбинатының конверторлық цехында 45 жыл бойы еңбек еткен және 1974 жылы парторг Н.Назарбаевтың қолынан партиялық билет алған әкесі Дмитрий Яроцкийдің Елбасына жолдаған ыстық сәлемін жеткізді. Бүгін Ассамблея сапында 17 миллион қазақстандық бар, соның 8 миллионы әйел, олардың бәрі Сіздің еңбегіңізді жоғары бағалайды, деп сөзін аяқтады ол.
Екінші болып сөз тепловоз машинисінің көмекшісі Геннадий Шиповскихке берілді. Ол өзінің бала күнінде әке-шешесінен айырылып, қазақ отбасында өскенін мақтанышпен атап өтті. Мені асырап алған әкем мен анам – Мұрат пен Баян Насыровтар мені өз балаларынан артық көрмесе, кем көрген жоқ. Солардың жылы алақаны мені қазақ қылды. Осы биік сахнадан ата-анама алғысымды білдіргім келеді, дегенде отырған халық қошеметтеп қол соқты. Кейбіреулердің көзінен ыстық тамшы да атып кеткенін көрдік.
Одан әрі Г.Шиповских еліміздің 29 елді мекенін аралап келген «Қазақстан теміржолы» ұйымдастырған «Менің Қазақстаным» әлеуметтік пойызын Астанаға жүргізіп келген машинист өзі екенін білдірді. Біздің пойыз ең алыстағы стансаларға тоқтап, халыққа қол ұшын беріп, көмек көрсетті. Мен бұл істі Сіздің халқымызды ұйыстырып жатқан саясатыңызға өзіміздің қосқан шағын үлесіміз деп білемін. Ақсақалдар «Елбасына рахмет, ешқашан қол жетпейтін мамандарды алдымызға әкеліп, барлық мәселемізді үйден шығармай шешіп берді», деп алғыстарын жаудырып, ақ баталарын беріп, риза болып жатты, дей келіп, сөзінің соңын шешен: Сіз Қазақстанды Азияның барысына айналдырдыңыз. Енді Қазақстан локомотиві Сіздің бастауыңызбен жылдамдықты баса түссін, келесі станса – Мәңгілік Ел! – деп аяқтады.
Осы «Менің Қазақстаным» пойызына қатысқан дәрігер Ажар Төлеуғалиева үшінші болып сөйледі. Ол пойыздың сапары барысында атқарылған игілікті істерге біршама нақты тоқталды. Пойыздың дәрігерлері 40 мыңнан артық пациентті қабылдап, ем-дом жасады, Соның 5 мыңнан артығы – балалар. 300-ден артық операция жасалды. Соның ішінде Жаңаарқа ауданында бір ананы операциялық әдіспен аман босандырып алдық. Туған ұлға ата-анасы Сіздің есіміңізді берді, дегенде естіп отырған Елбасы жас нәрестеге «өмірлі болсын» деген тілегін айтып қалды.
Одан әрі шешен көліктік медицинаның бүгінгі күні қатты дамып, еліміздің алыс түкпірлеріне еркін жетіп жатқанын айтты. Тек соңғы жылдары ғана біздің клиникаларымызда 30-дан артық шетелдің азаматтары да медициналық көмектер алды, дей келіп, А.Төлеуғалиева: Сізге көліктік медицинаның көмегімен аман қалған жүздеген адамның және таңдаған мамандығының қыр-сырын жетік білуге мүмкіндік алған дәрігерлердің атынан бас иемін, деді сөзінің соңында.
Келесі сөз Әуе қорғанысы күштері әскери институтының аға оқытушысы, ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері Тимур Жұқабаевқа берілді. Мен әлемдік көшбасшылар арасынан ең бірінші болып ардагерлерге құрмет көрсетуге бастамашы болған менің Президентім екеніне мақтанамын. Біз қазір ортамызға аты аңызға айналған ағамыз Рахымжан Қошқарбаевтың Рейхстагқа ең бірінші болып ту тіккенін көзімен көрген Ілияс Екібаев ағамызды осы жерге алып келдік, дегенде Елбасы Н.Назарбаевтан бастап барлық жиналғандар майдангерге құрмет көрсетіп орындарынан тұрып, қол соқты.
Сөзін одан әрі жалғастырған шешен майданда қаза болған жауынгерлердің көмілген жерлерін табу экспедициясының жұмыс нәтижелері туралы айтып өтті. Соның ішінде 982 көмілген жерден 1300 қазақстандықтың аты-жөндері анықталғанын жеткізді. Біз жерлестерімізге қойылған 15 ескерткішті жөндеп, 1476 қабірдің басын дұрыстадық. Біз өлгендерді ғана құрметтемей, бүгінгі күннің батырларын да білуіміз керек дегенде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тимур Жұқабаевтың өзі де жас жауынгерін құтқарамын деп гранатаны денесімен жауып, бір аяқтан айырылған ерлігін айтып берді. Оны естіген халық шешеннің құрметіне де орындарынан тұрып қол соқты.
«Астана палау орталығы» дәмханасының директоры, көпбалалы ана Ұлданай Әлімбаева өз балаларын байлық деп санайтынын, сол себепті де, болашақта олардың Қазақ елінің байлығы болғанын армандайтынын жеткізді. Мен 10 баланың анасымын. Олар – менің байлығым. Сіз сияқты егемен елдің ертеңіне жауапты азамат болса деп армандаймын. Сіз сияқты халықтың қамын ойлайтын, жан шуағы баршаға жететін, көңілі дархан, шешімі әділ азамат болсын деп армандаймын. Бүгін Қазақстанда балаларды тәрбиелеуге барлық жағдай жасалған. Сізге сол үшін, қадірменді Елбасы, барша аналар атынан алғысымды айтамын, деді ол.
Сондай-ақ, Ұ.Әлімбаева өз сөзінде Елбасының сарабдал саясатының арқасында Қазақстан әлемге әйгілі мемлекетке айналғанын атап өтті. Бірлігіміз – өркениетке үлгі. Олай болса, «Алты алаштың алтын сақа бірлігі алшысынан аумаса» деген ниетпен, Сіз бізді Нұрлы Жолмен, мерейлі Мәңгілік Елге бастай беріңіз! деп сөзін қорытты ол.
Омбы мемлекеттік университетінің студенті, «Zamandas» атты қазақ тілді газеттің бас редакторы Максим Спотскай өзінің Павлодар облысындағы, Ақсу қаласының тумасы екенін, қазір Омбы техникалық университетінде оқып жатқанын айтты. Нағашым – украин, атажұртым – мордвин, өзім қазақпын деп мақтанамын. Руымды білгісі келгендерге сары қазақпын деп танысамын. Сіздерге Омбы жеріндегі қарға тамырлы қазақтардан жалынды сәлем алып келдім, деп бастады сөзін студент.
М.Спотскайдың айтуынша, бүгінде Омбыда 200 мыңға жуық қазақ тұрады екен. «Өзіңіз білесіз ғой, кеңпейіл қазақ бар жерде – той бар. Бүгінде Омбы қазақтары «қыз ұзату», «тойбастар», «беташар» деген салт-дәстүрлерді білуге құштар. Бұл – тек қана той мәселесі емес, алдымен, ой мәселесі. Бұл – ұлттық құндылықтарды сақтайтын мәселе. Сондықтан біз, Қазақстаннан келген студенттер «Мәке мен Жәке» деген қазақ студиясын құрдық. Қазақ тойларының асабасы сол Мәке – менмін. Біз Омбы ақсақалдарының батасымен қазақ мәдениеті мен тілін қолдау мақсатында «Zamandas» деген қазақ газетін аштық. Сондай-ақ, қазақ тілін қадірлейтін азаматтар үшін арнайы клубтың негізін қаладық. Біз қазақ студенттерінің клубын да құрдық. Бұл қазақ жастарының басын біріктіріп, оларды Сіздің бастамаларыңыз және идеяларыңызбен таныстыру үшін қажет. Нұрсұлтан Әбішұлы, қазақ тілінде «проблема» деген сөз жоқ. Ал «сложность» деген сөз – қиындық. Демек, қазіргі қазақ жастарын алаңдататын ешқандай да проблема жоқ, ал қиындықтарды біз Сіздің басшылығыңызбен және бәріміздің күш-жігерімізбен шеше аламыз деп ойлаймын, деді В. Спотскай.
Соколов-Сарыбай кен-байыту кәсіпорны бірлестігіндегі №3 учаскенің жетекшісі Валерий Медведев өз ұжымының нағыз еңбекқор азаматтардан шоғырланғанына тоқтала келе, Елбасының «Нұрлы Жол» бағдарламасы Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуына, экономикасының ілгерілеуіне алғышарт болып отырғанын атап өтті. Сізге моноқалаларды дамыту туралы бағдарламаңыз үшін өзімнің жерлестерімнің атынан алғысымды білдіргім келеді. Себебі, Сіздің бұл бастамаңыз мыңдаған азаматтың жүрегіне сенім ұялатып, өмірге деген құлшынысын оятты. Бұл азаматтардың барлығы Сіздің сенім үдеңізден шығуға бар күш-жігерін жұмсайтын болады. Сізге елімізде орныққан бейбітшілік пен келісім, татулық пен тұрақтылық үшін, Қазақстан халқы Ассамблеясы үшін алғысымызды білдіргіміз келеді, деді ол өзінің сөзінде.
Сондай-ақ, ол тау-кен комбинатында өзінің әке-шешесінің 50 жылға жуық тер төгіп, еңбек еткенін, сол себепті, аға буынның еңбек дәстүрін әрі қарай жалғастырып, тау-кен саласын дамытуға үлес қосып келе жатқанын мақтан тұтатынын жеткізді.
Ал Солтүстік Қазақстан облысындағы №17 орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Ирина Тухватулина бүгінде Қазақстан әлем мойындайтын елге айналғанын, оған Елбасының жүргізген саясаты арқылы қол жеткізгенін атап өтті. Менің Астанаға алғаш келуім. Елордаға көз тіккен кезде, кеудемді қуаныш сезімі кернегенін жасыра алмаймын. Себебі, бұл – менің Астанам. Сіз Өзіңіздің қажыр-қайратыңыздың арқасында заманауи мегаполистің негізін қаладыңыз. Жақын уақытта бұл жерде айтулы оқиға болмақ. Ол – «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі,– деді мұғалім. Сондай-ақ, ол Елбасының үш тұғырлы тіл саясатын айрықша қолдайтынын атап өтті. Біздің мектебіміз бұл міндетті 300 пайызға орындауға атсалысып келеді. Себебі, бұл білім ұясында 9 тіл оқытылады, деді И.Тухватулина. Бұған қоса, ол өзінің тәуелсіз Қазақстанның әрбір жетістігін мақтан тұтатынын, сол себепті, бұл жерде әрдайым келісім мен татулық орнағанын қалайтынын жеткізді.
Бұдан кейін сөз «Жарасым» РЖҰ мүшесі Грета Хачатурянға берілді. Ол өз отбасын осыдан 30 жыл бұрын Әзербайжан мен Армения арасындағы жағдайдың шиеленісуінен кейін Қазақстан құшақ жая қабылдағанын тебірене жеткізді. Оның айтуынша, араға 10 жыл салып туған-туысқандарының біразы Украинаға көшіп кеткен. Қазір Луганскіде тұратын олар қиыншылықтарды басынан өткеруде екен.
Өздерінің «Ақтаудағы жұмыс» интернет-жобасын бастап, 700 адамға «екі қолға бір күрек» тауып бергендіктерін мақтана жеткізген Г.Хачатурян бұдан басқа мүмкіндіктері шектеулі 146 адамды жұмысқа орналастырғандықтарымен де бөлісті. Дайын астың атасы болуды қалайтын, жеті мүшесі сау құрдастарыма айтарым: мүмкіндіктері шектеулі азаматтардың, дәл осылай, өмірге деген, еңбекке деген ұмтылысы – міне, нағыз үлгі, деген ұстанымын бүкпесіз жайып салды.
Астана қаласының құрметті құрылысшысы Павел Бенедетто елорданың Целиноградқа көшіріледі дегеніне сенбейтіндердің бірі мен едім, жұқа пальто киген шенеуніктер 2-3 жылдан кейін кері қайтып кетеді, деп ойлайтын едік, деді. Барлығы керісінше болып шықты, Астана Тәуелсіздіктің символына айналды. Қазақстан халқы – монолитті тұрғын үй сияқты болса, іргетасы – бейбітшілік пен келісім саясаты, қабырғалары ондаған этностар, Ассамблея – барлығымыздың шатырымыз, деп түйген шешен Еуразия жүрегіндегі Астана рух пен күштің символына айналып отырғандығын ортаға салды.
Ол өз сөзінде аталарының 1942 жылы Ресейден шығарып жіберілгенін, Шапай атты қазақ ақсақалдың арқасында 19 адам тірі қалғандығын, әкесі мен шешесін үйлендіріп, енші бергеннен кейін өзі де өмірге келгендігін толқыныспен жеткізді. Қазір одан Италияға неге кетпедің деп сұраса, «Маған онда не бар?», деп айтамын деп жұртты бір күлдіріп алды. Қазір менің Италиядағы туысқандарым әлемнің ең жас та әдемі астанасында тұратыныма қызыға қарайды, деді ол кеудесіндегі мақтаныш сезімін жасыра алмай.
Әлемде әртүрлі елдер жетерлік, бірақ Отан – жалғыз, менің Отаным – Қазақстан, деп сөзін бастаған «Астана» ТД жаңалықтарын жүргізуші Лола Пак біздің өз тарихымыз бар дегенді баса айтты. Және де әртүрлі ұлт өкілдері біртұтас халыққа айналып отырғанын мәлімдеді. Үйдің наны үшін дайындалатын қамырға барлық махаббатың мен жылуыңды берсең және әртүрлі өнімдермен араластырсаң – міне, сондайдан айрықша, қонақжай және қайырымды халық шығады, деді Л.Пак бейнелі түрде сөз қозғап. Ұлы Қазақ хандығының дәстүрін жалғастыра отырып, қазіргі заманғы Қазақстанды салып алдық, дегенді де баса айтты. Әрине, мұның барлығы да тұрақтылық пен келісімде және түсіністікте жүзеге асырылып жатыр. Ендігі мәселе барлығымыз жұмылып, тұрақты бақуаттылыққа жету үшін желкенді үрлеуіміз қажет.
Өзін белгілі қазақ балуандары Қажымұқан Мұңайтпасов пен Балуан Шолақ дәстүрлерін жалғастырушымын, деп таныстырған «Айбын» президенттік полкінің, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің офицер-нұсқаушысы Сергей Цырульников пен олардың өмір жолдарын мақтан тұтамын, деп сөзін сабақтай түсті. Сөйтті де, өзінің қазақ балуандары дәстүрін бүкіл әлемге паш ететінін алға тартты. Қазақтарда рух деген өте күшті сөз бар. Тек рухы мықты адам ғана шешімді шешімдерді қабылдай алады, деген балуан Президенттен Қажымұқан Мұңайтпасовтың бір көрсетілімін қайталауға рұқсат сұрады. Екі қолымен темір шегелерді бұрап иген ол бұл сымнан өрілген шегелердің қазақстандықтар тұтастығының символы дегенді алға тартты. Сөйтті де, қолындағы бұралып, иілген шегелерді Елбасына табыстады.
Келесі сөз Солтүстік полюске шаңғымен жету экспедициясының мүшесі Сергей Бодровқа берілді. Ол Қазақ география қоғамының мүшелері 2011 жылдың 14 желтоқсанында араға 100 жыл салып, Амундсменнің ерлігін қайталап, Оңтүстік полюсті бағындырғандықтарын зор мақтанышпен жеткізді. Осылайша олар Оңтүстік полюсті жылдам бағындырудан Гиннестің рекордтар кітабына да енгізіліпті. Ал 2015 жылдың 14 сәуірінде, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай, Ассамблея жылы жалауы мен Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне тапсырыс жалауы Солтүстік полюске тігілгені де атап айтылды.
Осылайша планетаның Оңтүстігі мен Солтүстігі жұқа жіппен жалғанып отыр. Поляршылар үшін ең бастысы – рухтың бірлігі. Қиын жолдарды басынан өткергендер достық пен досының қолдауын біледі. Бұл өмірдегідей, бұл біз бен сіздің тарихыңыз сияқты. Біз өзгелерден де артық істей алатынымызды дәлелдедік, біз – болашақтың ұлтымыз! Ал 2016 жылы біз бірден төрт полюсті – Антарктидада географиялық, геомагниттік, суық полюсі мен қол жеткізбес полюсті жүріп өтеміз. Әлемде мұндайды әлі ешкім жасаған емес, деп сөзін аяқтады С.Бодров.
Жарыссөзге шығып сөйлегендердің тізімі аяқталса да шығып сөйлегісі келетіндердің қатары аз болған жоқ. Солардың бірі қызылордалық студент Константин Луца қазір еліміздегі жүргізіліп жатқан «Сенің дауысың маңызды!» акциясын тілге тиек ете келіп, Қазақстан жастарының сайлаудағы дауыстарының шынымен де маңызды екендігін қаперге сала кетті. Сондықтан да 4 миллион 400 мың Қазақстан жастары БОЛАШАҚ, НҰРЛЫ ЖОЛ, МӘҢГІЛІК ЕЛ! дегенді таңдайтындығын жеткізді. Артынан К.Луца Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін шырқап берді. Әуезді әнге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та қосылды. Соңынан Президент: «Аспан мен жерді Құдай жаратқан, ал қалғандарының бәрін құрылысшылар салған», деді болашақ құрылысшыға қаратып.
Бұдан кейін Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай 40-қа жуық шетелдерден келіп түскен құттықтаулардың кейбірін Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов оқып берді. Артынан Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының екі орынбасары ауыстырылды. Оның бірі Қазақстан корейлері ассоциациясы төралқасының мүшесі Любовь Августовна Ни болса, екіншісі орынбасар «Қазақстан болгарлар этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Олег Григорьевич Дымов болды. Бұрын бұл міндеттерді Анатолий Башмаков пен Владимир Смирнов атқарып келген-ді.
Ресми тағайындаулар аяқталысымен мінберге сұранып шыққан ҰОС қатысушысы, ҚХА ардагері Леонид Гирш Ассамблея Кеңесі соғыс ардагері ретінде өзіне Ассамблея Төрағасына алтын мерейтойлық медальді табыстауды тапсырғандығын жеткізіп, соны Нұрсұлтан Назарбаевтың кеудесіне тақты.
Осымен сөйлеуге жазылғандар аяқталғанымен сессияны жүргізіп отырған Н.Назарбаев тағы сөйлейтіндер бар ма дегенде сахнаға бір топ қазақстандық айтулы спортшылар шықты. Соның ішінен бірінші болып ауыр атлетикадан әлем чемпионы болған Жасұлан Қыдырбаев сөйледі. Мен Сізді алғаш рет 6 жасымда көрген едім. Сонда Сіз менің басымнан сипап «Батыр бол!» деген едіңіз. Сол сөзіңіздің арқасы шығар, мен қазақтар арасынан алғашқы әлем чемпионы болдым. Зілтемірді көтеру оңай емес, алайда, Сіз көтеріп жүрген елдің жүгі одан да ауыр. Ел намысын қорғауды, жігер отын жандырып жеңіске жетуді мен Сізден үйрендім. Көк байрағымызды көк аспанның астында ең биікке көтеріп, біздің жеңістерге жете беретінімізге сеніңіз, деді ол.
Екінші болып бокстан Қазақстан ұлттық құрама командасының капитаны Данияр Елеусінов сөйледі. Бокста білек пен жұдырықтың күшімен қатар ұрыс стратегиясын дұрыс таңдап, шапшаң шешім қабылдағанда ғана жеңіске жетесің. Біз осы істермен бетпе-бет келгенде Сіздің жеңістеріңізден қуат аламыз. Мен боксшылар командасының капитаны болсам, Сіз бүкіл халықтың капитанысыз. Толағай табыстарға сізбен бірге жете берейік, деді ол.
Одан әрі суға жүзуден Азияның үш дүркін чемпионы Дмитрий Баландин, Олимпия ойындарының екі дүркін чемпионы Илья Ильин де сөйлеп, өздерінің жетістіктерін Қазақстандағы қоғамдық келісіммен байланыстыратындарын жеткізді.
Осыдан кейін сахнаға Германия Бундестагының депутаты, бұрынғы Қазақстан азаматы Генрих Цертик көтерілді. Бүгінгі күні Германияда 800 мыңдай бұрынғы қазақстандық неміс тұрады. Олардың бәрі де екі ел арасындағы ынтымақтастық пен достықтың алтын көпірі іспеттес. Біз өзіміздің Қазақстанда туғанымызға мақтанамыз және оның қазіргі жетістіктеріне қуанамыз, деді қонақ. Қымыз бен құрттың дәмін, қазақтың зеңгір көк аспанын сағынғанда Германияға алып барған жусанды құшырлана иіскеп, мауқымызды басамыз. Біз әрқашанда сіздерден тамырымызды үзбейміз, бүгінгі күні Қазақстанда неміс елінің 320 компаниясының жұмыс істеп жатқаны соның айғағы, деді Г.Цертик.
Ал Қорқыт ата университетінің ғылыми қызметкері Назгүл Бердіқожа өзінің шайырлардың мекені Сыр елінен келгенін айта келіп, өзінің Елбасына арнаған сөзін одан әрі жырмен жалғастырды.
Осыдан кейін Елбасы Ассамблеяның бір топ белсенді мүшелеріне «Қазақстан халқы Ассамблеясына – 20 жыл» мерекелік медалі мен «Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық «Бірлік» алтын медалін» тапсырды.
Сессия жұмысының қорытындысы бойынша Қазақстан халқына Үндеу қабылданды. Онда ҚХА ХХІІ сессиясы Мемлекет басшысының «Мәңгілік Ел» идеясы, «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты сияқты көрнекті бастамаларын толығымен қолдайтындығы айтылады. Сондай-ақ, қазақстандық біртектілікті одан әрі нығайтып, тілдердің үштұғырлылығын дамытып, орта тапқа негізделген «Болашағы біртұтас ұлт» қана табысты мемлекеттің сенімді іргетасы болатыны атап өтілген.
Сессия жұмысын қысқа сөзбен Елбасы қорытындылап, барлық қазақстандықтарға жаңа табыстар тіледі.
Жақсыбай САМРАТ,
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Самрат Ж. Ассамблея тарихы – ел тұрақтылығының тарихы // Егемен Қазақстан. - 2015. - 24 сәуір





ЭБС "Библиороссика"
ЛитРес: библиотека
Қазақстанның ашық кітапхана
Казахстанская национальная электронная библиотека
Қазақстанның ашық кітапхана
Электронное правительство
Рухани жаңғыру
Послание президента
Государственные символы