Алаштанудың айтулы асуы

Қазіргі таңда толассыз өмір көшінің небір қилы дәуір­лерін басынан өткерген ха­л­қымыздың өткен тарихын та­нуға деген ерекше құлшыныс байқалуда. Ол ұлттық санадағы бұлқынысты айғақтауымен қатар тәуелсіздіктің рухани ұс­тын­дарын бекітудегі қоғамдық сілкіністен туын­дап жатқан ілкі қасиеттерді таныт­са керек. Ел азаматтарын мем­лекетшілдік сана биігіне, отаншыл ұстаным өріне жетелейтін «Мәдени мұра», «Та­рих толқынындағы халық» бағдар­ламалары негізінде атқарылып жатқан игі қадамдар «Мәңгілік ел» мұратын мәңгілік баянды етудегі жауапкершілікті сезінудегі намысымызды қам­шылай түсері хақ. Бұл ретте Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына кезекті Жол­дауында «Мәңгілік ел ата-бабамыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы екенін барлығымыз білеміз. Ол арман әлем елдерімен терезесі тең қатынас құратын, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын тәуелсіз мемлекет атану еді. Ол арман тұрмысы бақуатты, түтіні түзу шыққан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болу еді. Біз бұл армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік елдің іргесін қаладық. Мен қоғамда «Қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек» деген сауалдың жиі талқыға түсіп жүргенін естіп жүрмін, біліп жүрмін. Біз үшін болашағымызға бағдар етіп ұлтты ұйыстыра ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – Мәңгілік Ел идеясы. Тәуелсіздігімізбен бірге халқымыз мәңгілік мұраттарына қол жеткізді. Біз еліміздің жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі мәңгілік елордамызды тұрғыздық. Қазақ­тың мәңгілік ғұмыры ұрпақтың мәңгілік болашағын баянды етуге арналады. Ендігі ұрпақ – мәңгілік қазақтың перзенті. Ендеше, қазақ елінің ұлттық идеясы – Мәңгілік ел» деп атап көрсетуінің тарихи маңызы ерекше деп ұғынамыз. Сондықтан, мәңгілігіміздің мәңгілік мәселесі ұлт тәуелсіздігінің саяси және рухани темірқазығын бекітудегі тарихи сабақтастықты жаңа сапалық сипатта жаңғырту барынша өзекті мәселе болып қала бермек. Осы жағынан алғанда ұлттанудың ал­тын арқауы Алаштануға ерек­ше екпін жасалуының өзін­дік заңдылықтары бар. Бұл бағытта соңғы жылдар беде­рінде атқарылып жатқан ғылы­ми-зерттеушілік, рухани-та­ным­дық ізденістер көңіл мар­қайтады. Міне, таяуда ғана жарық көрген «Алаш қозғалысы» энциклопедиялық анық­тамалығы сол бір игілікті істердің тағы бір жарқын үлгісі болып табылады.

Отаршылдық ойранынан ша­ңырағы шайқалған қазақ мем­лекеттігін қалпына келтіруде өлшеу­сіз тарихи қызмет атқарған Алаш қозғалысы, Алаш Орда үкіметі ұлт тарихындағы аса ірі кезеңдік құбылыс. Алаш қай­раткерлерінің ел азаттығы мен саяси теңдігі жолында атқарған қызметі сан ұрпақтың тағылым алар қастерлі мектебі. Де­мек, ұлт мақ­танышы Әлімхан Ермекұлы айтқандай «Отансыз жұрты Отанды еткен» Алаш қоз­ғалысы, Алаш авто­номиясының тарихын жүйелі зерттеп, зерделеу арқылы оның әлі де болса тереңірек екшелетін арналарын парасат пайымында байыптау бүгінгі алаштанушы ғалымдардың басты да келелі міндеттерінен болса керек. Осы жағынан алғанда Алаш қозғалысын, қозғалыс қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылығын тың дерек, соны материалдар негізінде зерттеу арқылы Алаштану ілімін жаңа деңгейге көтерген Е.Тілешов пен Д.Қамзабекұлының Алматының «Сардар» баспасынан өткен жылы жарық көрген аталмыш еңбегі айрық­ша назар аудартады.

Энциклопедиялық анықта­ма­лық­тың «Аңдатуында» әдебиетші ғалымдар:

«Алаш – Қазақстанның «Мәңгі ел» ел мұратын саясат пен руханият тұрғысынан айқындаған, айшықтаған кезең атауы.

Алаш – Қазақ елінің мемлекет құру тәжірибесі мен мем­лекетшілдік мүддесінің үзілмеген арқауы.

Алаш – Тәуелсіздік жылдары Қазақстан Республикасының батыл да бастамашыл білік пен парасат, білім мен жауапкершілік тарихына қараған айнасы» деп мемлекетшілдік ұстанымдағы тарихи сабақтастық желісінде үзілмеген алтын арқауды өте орынды атап көрсетеді.

Алаш қозғалысының тұтас тарихын кешенді зерттеп, зерделеу­ге негізделген энциклопедиялық анық­тамалық көтерген жүк өте салмақты. Сол себептен де білікті ғалымдар Алаш қайраткерлерінің өнегелі өмірбаяны мен сан салалы тағылымды қызметін, Алаш қозғалысы, Алаш партиясына қа­тысты ұғымдар мен атауларды жүйе­лі қамтуға, сол кезеңнің тарихи-қоғамдық, мәдени, әдеби дамуын байқататын мағ­­лұматтарды кеңінен беру­ге қажыр-қайратқа толы мол жауапкершілікпен келген. Ең бастысы, Алаш қозғалысы, қос қозғалысқа қатысқан айтулы тұлғалардың деректі тізім жаңа мұрағаттық материалдармен толықтырылып берілген.

Энциклопедиялық анықтамалық Алаш қозғалысына, партиясына қатысты ұғымдар мен атаулардан, Алаш қозғалысына қатысқандар тізімінен және Алаш жылнамасы қамтылған ауқымды үш бөлім­­нен тұрады. Бірін бірі тарихи хронологиялық тұрғыдан толық­тырып тұрған бөлімдерде қамтылған құнды деректер, ұғым атаулар ел­дік үшін арпалысып өткен ұлы тұлғаларымыздың қайраткерлік болмысын, руханият пен түрлі ғылым салаларында өшпес із қалдырған феномен қасиеттерін жаңа қырынан тани түсуімізге мүмкіндік береді.

«Автономияны басқару және Алаш автономиясы территория­сында жергілікті басқаруды ұйым­дастыру жөніндегі қаулы­сы», «Авто­номияшылдар одағы», «Ағар­тушылық», «Азамат» серіктестігі», «Ақмола, Жетісу, Семей, Орал және Торғай облысы қазақтар өкілдерінің кеңесі», «Ақмола көтерілісі», «Ақмола облыстық Алаш комитеті», «Алаш автономиясы», «Алаш автономиясының жерінде жер пайдалану туралы Уақытша Ереже», «Алаш әдебиеті», «Алаш және Кеңес үкіметі», «Алаш қаласы», «Алаш қозғалысы», «Алаш қоз­ғалысына мүше болғандар мен ниеттестер тізімі», «Алаш қозғалысына қатысқандардың тізімі», «Алаш қозғалысы тарихын дәуірлеу мәселесі», «Алаш мектептері», «Алаш милициясы», «Алаш оқулықтары», «Алаш» партиясының бағдарламасы», «Алаш» партиясының облыс­тық комитеттері» «Алаш» партиясының сиезі», «Алаш» партиясының шарты», «Алаш полкі», «Алаш пьесасы», «Алаш сөзін сөйлеген Дума депутаттары», «Алаш ұғымы», «Алашорда үкіметі, Алаш­орданың халық ке­ңесі», «Алашорда төрағасының Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына хаты», «Екінші жалпықазақ сиезі» өзге де ұғымдар мен атаулар Алаш қозғалысының тарихын тұтас әрі кешенді жүйеде зерттеп, зерделеу­ге, танып таразылауға құнарлы нәр сіңіруімен құнды.

Қазақ теңдігі, азаттығы және рухани кемелденуі үшін бастарын бәйгеге тіккен ұлт перзенттерінің аяулы есімдерін анықтауда сан буын­ның өтелмеген парызын ат­қаруда Ербол Ердембекұлы, Дихан Қамзабекұлы айрықша ыждаһат танытқан. Кітаптың «Алаш қоз­ғалысына қатыс­қандар» бөлімінде ұлт азаттық қозғалысқа қатысушылар саны соны деректермен толық­тырылған. Бұл ретте Алаш азаматтары есімдерінің тізімін жасауды алғаш рет қолға алған алаштанушы Кеңес Нұрпейіс түзген «Алаш қозғалысына мүше болғандар мен ниеттестер тізімінде» 270 адамның аты-жөндері көрсетілген болатын. Кейінгі ғылыми ізденістерде Алаш қозғалысы мүшелерінің тізімі барынша толықтырылып отырғанын байқаймыз. Мәселен, Б.Мүрсәлім құрастырған «Алаш­­­орда» фотоальбомында 350 тұлға қамтылса, «Алаш» қозғалысы» анықтамалығында (Е.Тілешов., Д.Қамзабекұлы., И.Нұрахмет Алматы, 2007) Алаш қозғалысына қатысқан 583 адамның тізімі дәйектелген-ді. Ал біз сөз етіп отырған «Алаш қозғалысы» энциклопедиялық анықтамалығында Алаш қозға­лысына қатысқан 940 тұлғаның есімдері беріліп, Алаш қозға­лысына қатысы нақты тарихи деректермен негізделген.

Энциклопедиялық анықтама­лықтағы ХХ ғасыр бас кезіндегі саяси-әлеуметтік, тарихи-қоғамдық жайттан, ұлт зиялыларының елдік мұраттағы сан қатпарлы қыз­меттерінен мол мағлұмат берер «Атылған, қуғындалған күйшілер», «Аш­тарға жәрдем комитеті», «Ахмет Байтұрсынұлының Ташкент сапары», «Ғалиханның Семейге келуі», «Қазақ білім­паздарының тұңғыш сиезі», «Қазақ жәдитшілдігі», «Қазақ-қырғыз білім комиссиясы», «Қарқаралы жеделхаты», «Қарқаралы құзырхаты», «Маса» жинағы», «Орынбордағы әдебиет кеші», «Шәуешек сапары» т.б. сипатындағы ұғымдар еңбектің ғылыми және танымдық өрісін барынша кеңейте түскен.

Сонымен қатар, кітапта бе­рілген «Алаш жылнамасының» Отан тарихын қастерлеп, оның ақтаңдақ күйінде қалып келген түйінді мәселелерін білуге құштар оқырман қауымға берер деректілік маңызы орасан зор. Бұл ретте кітап авторлары Алаш қозғалысының саяси-әлеуметтік негіздерін, оның тарихи алғышарттарына тән эволюциялық даму жолдарын беруде ғылыми дәйектілік қағидаттарын орынды ұс­тан­ған. Атап айтқанда «Алаш жылнамасындағы» «1905 жыл, 26 маусым – Қоянды жәрмеңкесінде Ресей патша үкіметінің министрлер кабинетіне сөз бостандығы мен ана тілінде оқу, діни еркіндік т.б. мәселелер көтерген 12.767 қазақ азаматы қол қойған петиция (құзырхат) жолданды» немесе «1917 жыл, 5-13 желтоқсан – Екінші жалпықазақ сиезі болды. Сиезде Алашорда үкіметі, Алаш автономиясы жарияланды. Алашорданың төрағасы болып баламалы негізде Ә.Бөкейхан сайланды», сондай-ақ «1922 жыл, 19 тамыз – С.Сәдуақасұлы, Ә.Байділдин, Е.Алдоң­ғаров Қазақстан автоно­миялық респуб­ликасының басшы­лығы атынан 30 қазақ азаматын білім мен технология үйрену үшін Батыс Еуропаға жіберуді өтініп хат жазды» деп берілген тарихи оқиғалар жүйесі Алаш қозғалысының тар жол, тайғақ кешулі бел белестерін, елдікті ту еткен Алаш қайраткерлерінің тағылымды ғұмырын танудағы маңызы ерекше.

Сталинизм құрбаны болған руханият сардарларының тағдыр-талайына қатысты «1928 жыл – Мәдине медресесін, Арабстанның «Ишфха» медресесін, Каирдың «Жа­мие Асхари» медресесін бітіріп келіп, елде ислам тарихы мен дәни құндылықтар туралы кітаптар жаза бастаған діндар ақмолалық А.Әділбайұлы тұтқындалды», «1928 жыл, 29 желтоқсан – Қызылордада М.Дулатовтың тұтқындалған күні», «1929 жыл, 14 мамыр – Қызылордада Ж.Аймауытұлының тұтқындалған күні», «1929 жыл, 29 маусым – Алматыда А.Байтұрсынұлының тұтқын­далған күні. 5 шілдеде ҚазПИ басшылығы ағартушыны жұмыс­тан шығару туралы бұйрық шығарды», «1930 жыл, 1 қазан – М.Әуезов пен Қ.Кемеңгерұлы Ташкентте тұтқындалды. 24 қарашада ұсталған күннен бастап САГУ-дың аспирантурасынан шығарылғаны туралы бұйрық шықты» деген құжаттық дәйектер де еңбектің тарихи сипат­тағы құндылығын үстей түскен.

Қазақ ұлтының азаттығы мен тәуелсіздігі үшін ерен еңбек ат­қарған Алаш қайраткерлерінің аяулы есімдерін, баға жетпес ғылыми және әдеби мұра­ларын қастерлеу бүгінгі саналы ұрпақтың басты парызы. Кітап авторлары орынды атап көрсеткеніндей, «Алаш зия­­лыларын біз қаншалықты бағаласақ, байыптасақ, ұлт тарихын да соншалықты бағалап, байыптай алғанымыз. Ал, егер оған атүсті қа­расақ, бұл кезеңді «көп кезеңнің бірі» деп шешсек, онда өзіміздің жер бол­ғанымыз. Тарихи баға туралы мағ­лұ­мат алып, анықтама беру де – жауап­ты жұмыс» екені сөзсіз. Ең бастысы энциклопедиялық анықтамалықтың өрелі істің биік үдесінен шыққан ғалымдарға шығармашылық толайым табыстар тілейміз. Иә, алаштануға соны серпін әкеліп, тың тыныс дарытқан іргелі еңбек Отан тарихын қастерлейтін оқырманға олжа салып отыр. Алаш арыстарының туған елінің азаттығына, рухани кемелденуіне даңғыл жол салған өміршең бастамалары бүгінгі тәуелсіздік мұраттарымен толық үйлесім тауып жатқаны мемлекетшілдік ұстанымдағы ұр­пақтар сабақтастығының үзіл­меген алтын арқауын жаңа ғасыр биі­гінен ұғынуымызға серпін бермек. Сондықтан, тарихи санамыз бен тарихи жадымызды жаң­ғыр­туға бұла күш дарытатын энци­клопедиялық анықтамалық Алаш баласын мемлекетшілдік сана биігін­де тәрбиелеп, елшілдік ұранына ұйыс­тырар рухани қазына болуымен құнды.

Өмірзақ ОЗҒАНБАЙ,
тарих ғылымдарының докторы, профессор.


Озғанбай Ө. Алаштанудың айтулы асуы // Егемен Қазақстан. - 2015. - 14 сәуір

Возможно вам будет интересно

"Мақсатымыз -академиялық театр атағына ие болу"

"Мақсатымыз -академиялық театр атағына ие болу"

 Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының бір ғасырдан асатын тарихы бар. 1972 жылдың ж... Читать полностью.

1999 год

1999 год

Январь. Для содействия развитию малого и среднего бизнеса в стране между правительством Казахстана и... Читать полностью.

Қожахметов, Б. Жердің Жезкиігі  /Б. Қожахметов //Мағжан.- 2007.- №1.- Б. 49-53

Қожахметов, Б. Жердің Жезкиігі /Б. Қожахметов //Мағжан.- 2007.- №1.- Б. 49-53

Кәкімбек Салықов... Онымен тұңғыш рет тiлдескенiмде тоқсаныншы жылдардын аякталым тұсы едi. Шашы күм... Читать полностью.