Сүлейменов, Ж. «Бүкір» шал» [Мәтін]: әңгіме /Ж. Сүлейменов //Солтүстік Қазақстан.- 2018.- 23 тамыз.- Б. 11

2 апреля 2020 - kamshat

«Бүкір» шал

Шай үстінде әкем маған қарап: “Сен ешқайда ұзап кетпе, Жекекөлге барамыз”, – деді. Жекекөл мен біздің ауылдың арасы он бес шақырымдай, бүгін онда той болуға тиіс, Алматыда тұратын, жақында ғана алпысқа толған бір жазушы туыстарына келіп жатыр деп естігем. Осы өңірдегі шағын ауылдардың қуанышы ежелден ортақ, бірінің қызығынан бірі қалмайды. Өткен жылы біздің ауыл ірге көтергеніне жетпіс жыл толуын атап өткенде де бәрі қаптап кеткен. Әдетте, мұндай тойларда ат жарысы ұйымдастырылады, балуандар белдеседі. Киіз үйлер тігіліп, қазан көтеріледі. Әйтеуір, осындайда ауылдың бойына бір “қан жүгіріп” қалады.

Әкем “Жекекөлге барамыз” дегенде елең ете түссем де, сыр бермей: “Онда не бар?” – деп түк білмейтін сыңай таныттым.
– Той болатын көрінеді, Алматыдан Шәкен келіпті.

Әңгімеге шешем араласты.
– Сол тойдың не керегі бар, одан да бір арба болса да отын әкелмейсіңдер ме? Ертең жаз өте шығады.
– Отын қайда қашар дейсің, той күнде болып жатқан жоқ қой, қызық көргің келсе, өзің де жүр.

Әкем көп сөйлемейтін адам, айтты-бітті. Әбден сыр мінез болып алған шешем одан әрі сөз жарыстырған жоқ.
Тойға, әрине, торы биемен барамыз. Әкемнің одан басқа көлігі жоқ. Жануар жүрдек-ақ, Жекекөлге ә дегенше-ақ алып барады. Әкемнің шөп тасуға лайықтап жасаған жайма арбасының артына жайғастым. Апам жұмсақ болсын деген ғой, үйдегі бар төсенішті салыпты, аяқты созып жіберіп, шалқиып жатырмын. Әкем “Шу, жануар!” деп божыны қағып қалуы мұң екен, торы бие ала жөнелді. Осылай біраз жерге дейін ауыздықпен алысады да, бірте-бірте бүлкекке көшеді. Кейде маған торы бие ақылды болып көрінеді. Олай дейтінім, отын, шөпке барғанда жұп-жуас бола қалады.
Аспанда қалықтап жүрген ақша бұлттарға қарап жатып, қалғып кетіппін. Бір кезде көзімді ашып, жан-жағыма қарасам, Қыздар қыстауын қақ жаратын қылтадан өтіп бара жатыр екенбіз. Бұл Жекекөлдің жарты жолы артта қалды деген сөз. Әкем сол, манағы үйден шыққандағы қалпы, қаздиып отыр. Қаздиып деймін-ау, жауырыны шодырайып шығып кетіпті. Желке терісі тілім-тілім. “Қайтсін, күн ұзақ тізе бүкпейді, жанына тиыштық жоқ”. Аяп кеттім. Биыл, аманшылық болса, елуге толады. Бірақ түріне қарасаң, алпысты әлдеқашан артқа тастаған шал сияқты. Содан ба екен, ауылдағылар әкемді сыртынан шал дейді. Жай ғана шал деп қойса бір сәрі ғой, бүкір шал деп зығырданымды қайнатады. Әкем де еститін шығар, бірақ сыр бермейді, естісе де естімеген болып жүре береді.

Қыздардан шыға бере әкем аттың басын солға бұрды. Бұл оның қыстауға соғам дегені. Келесі ұзыннан созылып жатқан қайың-терегі аралас ағаштың баурайы біздің аталарымыздың қысқы мекені болған жер. Жеті үйдің орны әлі бар. Осы жаққа жол түскенде, әкем қыстауға соқпай кетпейді. “Той басталып кетеді, бүгін соқпай, тура тарта берсек те жарайтын еді ғой”. Бірақ үндеген жоқпын. Әкем қыстауға жетер-жетпесте божыны арбаның жақтауына іле салып, көк шалғынға отыра кетті.

– Арбадан түсіп, беліңді жаз, аяғың ұйып қалған шығар, – дейді.
Үп еткен жел жоқ. Төңірек маужырап тұр. Қыстаудың баурайы жап-жасыл, ескі көңге қаулап өскен шөп белуардан келеді.

Неге екенін білмеймін, әкем асығар емес, жантайып жатыр. Сәлден соң: “Саған айтып па едім, анау шеткі “үйде” сенің ұлы атаң мен ұлы әжең тұрған, – деді. – Малының санына жете алмаған мыңғырған бай болыпты өздері”. Бұл әкемнің бұған дейін де талай айтқан әңгімесі. Бұрын жасырақ кезімде “Сол байлық қайда?” – деп сөз жарыстырып, әкемнің жауаптан тосылғанына мәз болушы едім. Қазір үндеген жоқпын. “Бай болса болған шығар, қажай беріп қайтемін. Өзінің айтуына қарағанда, бала кезінде “байдың бөлтірігі” атанып, біраз қорлық көргенге ұқсайды. “Жасымда зерек болдым, бірақ қайда барсам да жабық есікке тап болып, оқи алмадым”, – деп отыратын.
– Жүрейік, – деді әкем сәлден соң.

Торы бие манағыдай емес, жортаққа көшкен, мал да болса, барар жердің алыс екенін сезгендей.
– Той болған соң ат жарыс ұйымдастыратын шығар? – деді әкем мені сөзге тартып.
– Бұл маңайда қайбір дұрыс ат бар, бәйге деген аты ғой.
– Неге болмасын, осы өңірден шыққан Сәбит Мұқанов деген атақты жазушы болған. Сол кісінің 60 жылдығында біздің ауылда бригадир мініп жүрген шабдар ат бірінші келді емес пе? Оның үстіне қазір жүлдеге машина тігу дәстүрге айналды ғой. Аттары барлар жердің шалғайлығына қарамайды, машинаға салып алып, жетіп келеді.
Қазір не көп, той көп. Халықтың да тұрмысы жақсарды ғой. Ана кезде бәрі бір келкі жұпыны ғана тұрушы еді, қазір кейбіреулер бұрынғы бір кеңшардың дүниесіне ие болып отырған жоқ па? Оларды бай емес деп кім айтар? Бірақ олар өздерін баймыз демейді, “кәсіпкерміз” деп кеуде кереді. Үкімет те байсың деп көзіне шұқып жатқан жоқ, қайта соларға қызмет етіп әлек. Бірде салығын азайтса, бірде жеңілдетілген несие береді... Әйтеуір, байыған үстіне байи түс деген ниетінен танбай келеді.

– Дұрыс қой, бізге нарық заманында бәрі осылай болуға тиіс деп үйретіп жатыр.
– Дұрыс болса, дұрыс шығар, бірақ соны түсінуге жетпіс жыл кеткенін айтамын да. Осылай біреулері нарық деген жарықтықты түсініп жатса, қалғандары көктен майшелпек жауатындай, әлі қарап отыр. Ана Мырзағалилар не ойлайды десейші, қорасында соқыр тауығы да жоқ, жұмсаса жұмысқа бармайды, өзінше арланады: “Мен жалшы емеспін”, – дейді. Оларға салса, тарап кеткен кеңшарларды қайта құру керек.
– Сонда қалай күн көріп отыр?
– Баяғы балаларға төлейтін бес-он тиын, соған шай-қант алады.
– Осы ақша жоқ, жоқ дейді, бірақ ауылдағылардың аузы арақтан құрғамайды ғой.
– Айтпа, арақ деген бір бәле болып жабысты. Қазір бәрі жарысып ішеді, келіні атасымен стақан соғыстыруға ұялмайды. “Той ғой, той ғой”, деп орнынан тұра алмай қалған кемпір-шалдарды да көріп жүрміз. Бұл бәлеге жолай көрме, аузыңа бір алсаң құтылу оңай көрінбейді ғой.
– Жоға, біздің үйде арақ ішетін адам жоқ, маған не көрініпті?
– Темекі деген де бір жаман нәрсе. Қазір әлгі телевизордан күнде көрсетеді, есірткі деген бір бәле шығыпты ғой, темекі шегетін адам бірте-бірте соған қалай көшіп кеткенін аңғармай қалады дейді ғой.

Әкемнің айтуы рас, үйде отырса да бәрін біледі, ауылдағы газетті етігінің қонышына қыстырып жүретіндердің бірі осы кісі, “Жұлдызды” да ес білгеннен бері оқып келемін деп отырады. Қазір, әсіресе, қаладағы жастар есірткіні ойыншыққа айналдырып алды. Он-он бір жасар боқмұрындар, соларға не жоқ десейші, кәдімгі шыбын өлтіретін дихлофосты иіскеп есінен айырылса, өзіміз сияқты студенттер насыбай атады. Қайтсін, қалада жүрген соң алаңдайды ғой. Бәрін сыртқа шығара бермейді, жәй жұқалап айтып отырғаны ғой.
– Әке, әлгі Сәбит деген жазушың қып-қызыл коммунист болыпты ғой.

– Қазір неше түрліні жазып жатыр ғой, кімнің ақ, кімнің қара екенін айырудың өзі қиын, заман солай болды ғой. Жастайынан жетім қалып, әркімнің есігін паналаған тақыр кедей не көрді дейсің? Кеңес өкіметі оқытты, қызмет берді. Содан кейін Сәбит солардың сөзін сөйлемегенде, кімнің сөзін сөйлейді?!
Әдетте, саясат десе, ат тонын ала қашатын әкем бұл жолы да онша тереңдеген жоқ, әңгімені басқа жаққа бұрып әкетті.
– Айтпақшы, Сәбеңнің тойында түйе балуанға тігілген жүлде де біздің ауылға бұйырған. Анау Есім шал сол жолы қарсыластарының бәріне тізе бүктіріп, ауылдың атын бір көтеріп тастаған. Бүгін мен де белдесіп көрсем бе деп келемін.
Күліп жібердім.

– Рас айтасың ба, бала-шағамен күресейін деп пе едің?
– Мұндайда тең-теңімен, тезек қабымен дегендей, жасқа қарамай шыға береді ғой, өзім тетелес біреу кездесіп қалса дегенім ғой.
– Жұрт күліп жүрмесе?..
“Шыны ма, ойыны ма? Не де болса бара көрерміз” деп үндемедім.

Ауылдағы тойдың сценарийі белгілі, кем дегенде екі-үш киіз үй тігіледі. Бұл жолы олардың қарасы көп көрінді. Ығы-жығы халық. Кәдігімгі трактордың тіркемесін жақтауларын жайып тастап, сахнаға айналдырған бір топ жас ән төгілтіп жатыр. Мен солай қарай беттедім. Әкем: “Сен бара бер, мен қазір келемін”, – деп ат-арбасын айналшықтап қалып қойды.
Әншілерге таяла бергенім сол еді, біреу иығымнан қағып қалды. Жалт қарасам, қалада өзіммен колледжде бірге оқитын Алмас. Ыржиып тұр, құшақтаса кеттік.

– Сен қайдан жүрсің?
– Ауылда жата-жата ішім пысып кетті. “Ана Қарақамыста тұратын Бейсен де осында жүр, сол болмай алып келді”.
– Таныстардан басқа ешкімді кездестірген жоқсың ба?
– Наурызбайды көрдім, өзі күнге күйіп, қапқара болып кетіпті. Шөп шауып жүрмін дейді.

– Иә, оның шешесі мен інісінен басқа сенетін ешкімі жоқ қой. Қазір бір тіркеме шөп бері салғанда 15 мың теңге, оны оларға кім береді. Өзің немен айналысып жатырсың?
– Мен де екі күндей әкеме еріп, шөпке барған болдым. Бұрын әжептәуір сілтеуші едім, қазір кішкене қимылдасам болды, жүрегім аузыма тығылып, көзім қарауытады. Әкемде тоқтау жоқ, қуып жетеді де: “Мына жолды мен апара берейін, сен асықпа”, – деп құлашты кең сілтеп кете барады. Әлгіндей болмай тағы қуып жетеді. Айтатыны сол, баяғы “асықпа”, сөйтіп, менен шалғышы шықпайтынын түсіндім, қазір үйдемін, түске дейін ұйықтаймын, кешке балалармен доп ойнаймыз.
– Мен де сол, үйдемін. Демалыс тезірек бітсе екен деп жүрмін. Ауылда қызық қалмапты. Өткен күзден бері біраз үй көшіп кетіпті. Бұрын жастар кешке көшеге сыймай кетуші едік, қазір тіпті жан жоқ.

– Біздің ауылда да сол, бәрі кетіп жатыр, енді бір-екі жылда кәрі-құртаңдар ғана қалатын шығар.
– Барлық жерде солай болып тұр ғой, көшпегенде қайтсін, жұмыс жоқ, клуб, дәрігерлік пункт дегендердің үйіндісі ғана жатыр. Мектептің өзі биыл болмаса, ендігі жылы жабылатын шығар?!
Осылай әр нәрсенің басын бір шалып тұрғанымызда: “Жүріңдер, жүріңдер, ана жақта күрес болайын деп жатыр”, – деген дауыс шықты.
Көкмайсаға төселген кілемнің маңына біраз адам жиналып қалыпты. Алдымен балалар белдесті. Сосын төреші ортаға үлкендерді шақыра бастады. Ауылда салмаққа, жасқа қарау деген жоқ, жүрегінің түгі барлар шыға береді, жығылса, жер көтереді.
– Кәне, кім бар, шығыңыздар?! Төреші осы сөздерді қайта-қайта айтқанмен, топ ішіндегілер қозғала қоймады. – Жігіттер, сендер неге күреспейсіңдер, ұят емес пе, қыздар күлетін болды ғой.

Топ ішінен әкемді іздей бастадым. Кілемнің шетін баса орнығыпты. Отырысына қарағанда, күресетін ойы жоқ. Жай мені сөйлету үшін айта салған ғой, қара күші мол болғанмен, күреске қатысты дегенді бұрын-соңды естіген емеспін.
– Кәне, кім күреседі?
– Біз күресеміз, – деп екі жігіт ортаға шықты. Жас шамаларына қарағанда, отыздың ар жақ-бер жағындағы жігіттер. Төреші белгі беруі мұң екен, екеуі шартпа-шұрт ұстаса кетті. Көзді ашып жұмғанша ұмар-жұмар домалап та алды. Ә, дегенде шалт қимылдағанмен, темекі тартады білем, екеуі де тез болдырып қалды. Содан бірін-бірі ала алмай, тіресіп жүріп алды.
Қалай дегенмен де, осыдан кейін күресемін деушілер көбейді, қызды-қыздымен үлкендер жағы да бой көрсете бастады. Ойын ережесі қарапайым, жеңілген адам шығады. Қоскөлден келген Мерген деген жігіт өзі тетелес үш жігітті қапы қалдырып еді, ынтымақтық болуы керек, кеспелтек қара оны аш белінен құшақтап алып, шыр айналдырды да, кілемінің дәл ортасына алып ұрды. Мұның жасы дәу де болса, қырықтан асқан. Онымен күресуге ешкімнің жүрегі дауаламай, төреші тағы да біраз уақыт жұмыссыз қалды.

– Сонымен жеңісті Айдосқа береміз бе? Әлде біреуің ортаға шығасыңдар ма? Үшке дейін санаймын. Бір... Екі...
– Асықпа, мұнда мен бармын!
Селк ете түстім. Әкемнің дауысы. Манадан байқамаппын, әкем үстіндегі қалың киімдерін шешіп тастапты.

– Бұл кім өзі?
– Өй, мынау Ортақкөлде тұратын Берік қой, бұған не жоқ десейші?!
– Ауылындағылар “бүкір шал” дейді, жасы да біразға келіп қалған, шайтан түртейін деген ғой.
– Шықсын, шықсын, жіберіңдер, көрейік әуселесін.

– Өзі бірдеңе жұтып алғаннан сау ма?
Маңайым у-шу, жердің тесігі болса, кіріп кетер едім, әттең… Әкеме бірдеме деуге дауысым да шығар емес.
Бір қарағанымда әкем кілемнің ортасында шіреніп тұрған кеспелтекке таялып қалыпты. Білектері айқаса кетті. Одан әрі қарауға дәтім шыдар емес, әйтеуір, сарт-сұрт.
– Жамбасқа ал!
– Іштен шал!
– Көтеріп алып, бір-ақ соқ!
Жұрттың айғайы үдеп барады. “Қап! Масқара болдық-ау, мына жұрттың бетіне қалай қараймын...” Осылай есеңгіреп тұрғанымда, жұрт шу ете түсті.
– Жарайсың, жарайсың, босатпа!
Кілемге қарауға шама жоқ.

– Ой, мынауың жай адам болмады ғой, өзінен әлдеқайда жас жігітті атып ұрды.
– Бүкір шал деп едіңдер, жиырма бестегі жігіттей қимылдайды ғой.

– Жарайсың!
Бір қарасам, әкем қарсыласының кеудесіне қонып алыпты. Содан босатқан жоқ.
Төреші әкемнің қолын көтерді. Міне, қызық, әкем “тағы қайсысың шығасың” дегендей, ортада тұр. “Енді ешкім шықпаса екен” деп тілеймін. Мен тілегенмен, басқалар қоя ма, тағы біреуі шешіне бастады. “Шықсаң шық”. Манағыдай емес, бойым үйреніп, кілемге жақындай түстім. Екі көзім әкемде. Әкем өзіне жақындай берген қарсыласын білектен жұлқи тартып бір теңселтіп алды да, басынан асыра лақтырып жіберді. Жігіттің басы айналып кетті ғой деймін, топ ете түскен орнынан қозғалмай әжептәуір жатып қалды, сосын сүйретіле көтеріліп, кілемнен шеттей берді.
Жұрт тағы да айғайға басты.

– Мынауың қайтеді-ей?!
– Бүкірейіп алып өзі бір бәле ғой, жап-жас жігітті шыбын құрлы көрген жоқ.
– Айла-тәсілі мол екен, не де болса ерледі!
Төреші тағы да әкемнің қолын көтеріп: “Күресетіндер бар ма?” – деп сұрады. Жұртта үн жоқ, біразының беті қайтып қалған сияқты.

– Ермек, жеңіс Беріктікі, жүлделерің қайда, әкел, өзім тапсырайын.
– Мына кісі, әлгі Алматыдан келген жазушының өзі ғой, – деді Алмас құлағыма сыбырлап.
Той иесі бойшаң кісі екен, әкемді қайта-қайта құшақтап, үстіне барқыт шапан жапты. Бөрігі қандай әдемі! Өз әкемді өзім танымай қалдым.
– Күш атасын танымайды деген осы!
– Жарайсың, жігіт екен!
– Қайдағы жігіт, шал ғой. Бірақ намысты қолдан берген жоқ. Негізі кезінде күрескен адам болуы керек?!

Жұрттың бәрінің әңгімесі менің әкем туралы. Манадан топтың арасында өз көздеріне өздері сенбей, аңтарылып қалған біздің ауылдың адамдары да төбе көрсетіп, дауыс шығара бастады.
– Бұл баяғыдан қайда жүрген? Бәріміз “бүкір шал” деп келемеждеуші едік, кілемге шыққанда танымай қалдық қой.
– Байдың баласы емес пе, осы күнге дейін бойындағы өнерін көрсетпей келуін қарашы, не деген шыдамдылық десеңші?! Мұның ішінде әлі талай ит өліп жатқан шығар?..
Әкемнің құрдасы – Мұхтар осылай іліп-шалып сөйлемесе, ішкен асы бойына сіңбейтін нағыз қу шекенің өзі. Бізбен көрші тұратын Асан ағай да осында екен. Ол Мұхтарды тойтарып тастады.
– Әй, жігіттер, бұра сөйлеген күлуге жақсы, бірақ дәл қазір Берік бүкіл ауылдың абыройын бір көтеріп тастағанда, тіл мен жаққа сүйене бермей, қолын қысайық та. Бұл – бәріміздің жеңісіміз. Ертең осы жай әңгіме болғанда Беріктің атына ауылдың аты қоса айтылады, жұрт “Ортақкөлдің жігіті” деп таңдай қағысады.
Менде тіл жоқ, жұртқа жаутаңдап қарай беремін. Әлгі көргендерімнің бәрі түс сияқты. Әкеме жақындайын десем, қаумалаған халық жіберер емес. Қуаныштан есі шығып кетсе керек, мені іздеп жатқан ол жоқ.

Сәлден соң үлкендер жағы киіз үйлерге беттеді. Әлгі Алматыдан келген жазушы әкемді қолтықтап алыпты. Ендігі жай белгілі: ет желінеді, қымыз ішіледі…
Күннің көзі манағыдай емес, шекені қыздыра бастады. Алмас екеуміз көлеңке іздеген көпке ілесіп, қазан-ошақ басынан таныстарымызды іздей бастадық. Біздің ауыл үй тікпегенмен, шатыр көтеріпті. Той мен баталарда үйден үйге көшіп жүретін сыртының күйесі бес елі тай қазан да осында келіп қалыпты. Қасында мұрнының үсті шып-шып терлеп Тоқсұлу жеңгем жүр. Өзі бір көңілі көлдей, қолы ашық жан, бізді көре сала: “Бері келіңдер, етті қазір түсіреміз”, – деп шақыра бастады.

Етке, сорпаға әбден тойып алғаннан кейін көлеңкеде көз іліп алған да артық болмас еді, бірақ әкем “ертерек үйге жетіп алайық” деп атын қамдай бастады. Сөйтіп, шайдың соңын күтпей, аттанып кеттік.

Торы бие қайда барсақ та, ауылға қайтарда қамшы салдырмайды, божыны бос ұстап жата бер, адастырмайды, тура үйге алып келеді.
Әкем өзінің үйреншікті орнында отыр. Мен қисайып жатайын деп едім, арбаның аты арба ғой, тоңқылдақта солқ-солқ етіп, майлы сорпаға батырып жеген бауырсақтар шегіме батқандай, тынши алмадым.
– Қыстауға соғайық, – деді әкем үнсіздікті бұзып.
– Мана бардық қой…
Бұл менің соқпай, тура тарта берейік дегенім. Әкем уәж қайтарған жоқ. “Мейлі, соқса соға берсін, алыс жер емес, жол үсті”.

Қыстауға да жеттік. Әкем торы биені ағытып, ауыздығын алды да қоя берді. Жануар өте жуас, қай жерге қойсаң, сол жерде тұра береді ғой.
Әкем өзі “үлкен үй” деп жүретін ескі орынның алдына барып тізе бүкті де, маған да отыр деді.
– Мана осы кісілердің аруақтарына іштей сиынып, күш-қуат сұрап едім. Құдай жолымызды оңдады, аруақтар қолдады. Ертеден келе жатқан “Баласы бәйгеге шапқанда, үйде ата-анасы тақымын қысып отырады” деген сөз бар, бабалар да бір аунап түскен шығар, соқпай кетсек обал болар еді...

Әкем сөйлеп отыр. Жанары ойлы, жүзінде шуақ ойнайтын сияқты ма, қалай?
– Біздің аталарымыз мал жинаумен ғана күнін өткізген адамдар емес, көзі ашық, көкірегі ояу, жан дүниесі бай жандар болған...

Бұл әңгімені бұрын да талай естігем. Расында да, әкемнің өз атасы заманында білімді адам болыпты. Қазанда, Астраханда оқып, Омбыда судьялық қызмет атқарған. Бірақ өмірден ерте озыпты.
– Әжем марқұм қазан төңкерісі басымызды қаңбақша домалатты ғой, деп отырушы еді. – Жиғантергеннің бәрі ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті, деп күйінгенде көкірегі қарс айырылғандай болатын. Мен сол кісінің бауырында өстім ғой. Бір түнде бала-шағасын улатып-шулатып күйеуін алып кетеді. Артынан өздерін де жер түбіне жаяу айдапты. Қыс іші, қоңыл-таяқ етік… Талайлар ит-құсқа жем болып, жолда қалыпты. “Қырық жыл соғыс болса да, ажалды өледі” деген емес пе, әйтеуір әжем елге аман-есен оралыпты. Оралғаны не керек, көшеге шығуға, біреуге тура қарауға қорқатын. Бала кезім, бірде даладан жүгіріп келіп: “Әже, біздің үйге бастықтар келе жатыр” демеймін бе, “құлыным-ай!” деп еңірей жөнелген әжемнің көз алдымызда талып қалмасы бар ма?! Бақсам, бір күні ошағын ойрандап кеткендер қайта айналып соғады-ау, деп үйреленіп жүреді екен ғой. Осылай әжем өле-өлгенше қорқып өтті.

Кейде оңашада жастық шағыңнан әңгіме айтшы, деп қиылғанымда: “Қайтесің қай-қайдағыны еске салып, сол сұмдықтардың бәрі өзімен кетсін, Алла тағала сендерді жылата көрмесін”, – деп өткен күндер жайлы жақ ашпайтын.

Әжем мен әскерде жүргенде қайтты. Топырақ та сала алмадым. Көрші қызға ара-тұра хат жаздыратын. Айтатыны: байқа, ештеңеге араласпа, өзіңе ғана сен… Осы сияқты толып жатқан ескертулер, шектеулер. Әжем айтса айтқандай, қорғансыздың өмірі өмір емес екен. Әйтеуір, әскерде бай-кедей деп бөліну жоқ. Бірақ аяқ басқан сайын әлімжеттік жасау, кәдімгідей жасиды екенсің. Сөйтіп жүргенде Өзбекстаннан келген бір кәріс жігітімен таныстым. Екеуміз керемет дос болып кеттік. Өзі еркін күрестің шебері екен, білгенін маған үйрете бастады. Басында қиындау соққанмен, кейін шындап айналыстым. Әскерде де неше түрлі жарыстар болып тұрады. Екі жылда солардың біразына қатыстым. Бірде жеңіліп, бірде жеңіп, әйтеуір, біраз тәжірибе жинақтадым. Бірақ елге оралғаннан кейін соның бәрін ұмытуға тура келді. Бірден ұжымшардың жұмысына араласып кеттім. Қара жұмыс оңай ма, кейде ұшып жығыласың.

Әкемнің жайы енді түсінікті болды. Қарулы екенін өзім де аңғарушы едім. Отынға барғанда шырыны тамшылап тұрған жап-жас қайыңның жуан басын жалғыз өзі көтере беретін.
– Мана жеңіліп қаламын деп ойламадың ба?
– Іште булығып жатқан бір күш ойлауға шамамды келтірді ме? Оның үстіне, кезінде “байдың баласы” деп көзтүрткі қылғандардың “бүкір шал” деп келемеждегендері жаныма батты. Мені қойшы, “бүкір шалдың баласы”, “бүкір шалдың немересі” деп ұрпағымды да таңбалай бастады ғой. Сол сүйекке таңба болып жабысқан атты сылып тастамасам, өкініш кетер ме еді? Енді біреуі “бүкір шал” деп айтып көрсін.

Иә, енді әкемді “бүкір шал” деуге ешкімнің аузы бара қоймас. Кеудемді қуаныштың толқындары толассыз тепкілейді. Тезірек үйге жетсек екен. Көрген-білгенімді үй-ішіндегілерге айтуға асығып келемін.

 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий