Малдыбаев, Ғ. Ауыл қызы [Мәтін] / Ғ. Малдыбаев // Soltústik QAZAQSTAN. – 2020.- 12 naýryz.- Б. 12

30 марта 2020 - kamshat

Ғалым Малдыбаев 1902 жылы қазіргі Шал ақын ауданына қарасты Жаңажол ауылында туған. Ұзақ жылдар бойы “Ленин туы” (қазіргі “Soltústik Qazaqstan”) газетінің редакциясында қызмет атқарған. Республикалық басылымдарда еңбек етіп, еліміздің бірнеше өңірінде облыстық және аудандық газеттердің ашылуына атсалысқан. Отызыншы жылдары “Орақ пен балға”, “Доңғалақ” атты жыр жинақтары шықты. 1943 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіріп, КСРО Жазушылар одағының Жоғары әдеби курсын тамамдады. “Қырым қызы”, “Ақ көгершін”, “Ырғақ”, “Сарыарқа” атты өлеңдер мен поэмалар жинағы жарық көрді. “Еңбектегі ерлігі үшін” медалімен және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің грамоталарымен марапатталған. Оқырман назарына Ғалым Малдыбаевтың 1940 жылы газетте шыққан “Ауыл қызы” атты мақаласын қайтадан ұсынып отырмыз. Мәтінді латын қарпінен кириллицаға Қазақстанның құрметті журналисі, газет ардагері Амандық Жантеміров аударды.

“Ленин туы” газеті жиырмаға жетіп жігіт болғанын еске алғанда әлде қайда алыста қалған әңгімелер есіңе түседі. Осы газет бес жасар, бесті аттай белестен асқан жылы, қолға қалам ұстап ауылдағы асаулармен аралауға жараппыз. Құлағына жолатпайтын сол асауларға қолма-қол құрық салу өте қиын болды. Солай болған соң көптің мұңын мұңдаған, елдің жырын жырлаған газетімізге сырымызды сыбыр ете қалатын болдық. Сол күнгі сорақылардың бір жүйесі қыз-келіншектерді базарға салушылар еді. Адамды адам сату деген не деген масқаралық десеңізші!

“Ленин туы” газетінің бұдан он жыл бұрынғы нөмірінен бастап арғы он жылдың нөмірін қарасаңыз “Қалың малмен күрес” деп айғайлап шақырып жүрген үлкен бөлімді көресің. Әрине, бұл еріккеннің ермегі емес, еңбекші адамды езуден құтқарудың ұраны еді. Осы газет жиырма жыл жасаса, соның жарты өмірі адамзаттың тең жартысы әйел азаттығы үшін күреспен өтті десек асыра сөйлеген болмаспыз. Қазақтың қаныпезерлері қалың малға қызығып, құлыншақтай қызын сүймеген сүмелекке сүйреп апарып бергенін көрмедік пе? Арқаның асқан ақыны Ақан сері аспанды жырып ән салғанда:
“Ауылым қонған Сырымбет саласына,
Ғашық болдым ақ сұңқар баласына.
Бидайыққа лайық қарағым-ау,
Бөктергіге қор болып барасың ба...”, –
дегені қайғылы қыз бен мұңды жігіттің ұйқысын шайдай ашқан жоқ па!

Қалың малдың қаймағы бұзылмай келе жатқан мезгілде қазақ ауылының қыз-келіншектерінің мұңына, зарына құлақ түріп қорған болған “Ленин туы” және оның тілшілері болды. Нелер жыл “қырық жетінің” малына айырбас болған қыз-келіншектердің бағына совет заманы тиіп, жаңа отрядтар ұйымдасты. Соның бір полкі тілшілер отряды еді.
Әлі есімде, 1920 жылы ауылдағы ескі салт-санамен газет арқылы күресе бастадық. Газеттің сол жылғы нөмірлеріне қарасаңыз “Әйелдер теңдігі”, “Ұрылармен күрес”, “Жалшылар еңбегін қорғайық” деген ұрандар көп кездеседі. Расында бұл сияқты хабарларды мұрнынан тізіп жіберетін ауылда жаңа өсіп келе жатқан түлектер еді. Әсіресе, тілшілердің көбірек көңіл бөлген жұмыстары әйел теңдігі үшін күресу болды. Оған мына бір мысалды келтірейік. Қазіргі Преснов ауданы бұрын Төңкеріс ауданы аталатын. Осы ауданда керей, уақ, алдай, самай деген бес болыс ел болды. Бұл елдің арасында қыз сату деген әдет жан түршігерлік еді. Газет тілшілері қыз сатушыларды сұрастырып іздеп жүреміз де, табылғанын газетке жазып қоя береміз. Газетке шықсаақ болғаны, ізінде совет соты келіп қалың малдың тас-талқанын шығарады.

Ауыл “Сазды ағаш” деген жерде. Жазғытұрғы мезгіл. Жер көксалпақ. Бір күні Сақып Байзолдақызы деген 18 жасар қыз бен Шайқеслам деген менің бір дос жігітім келді. Шайқеслам қызға жақын ағайын еді.
– Жай жүрсіңдер ме? – дедім.
– Жай қайдан жүрейік, саған айтатын арызым бар, – деді Сақып мұңайып.
– Қарағым-ау, менің қолымда не тұр еді мұң шағатын?
–Сен газетке жазсаң, мен саған ризамын.
– Қане айта ғой, жазайын.
– Мені әкем ол күнде Қостан дегеннің баласына малға бір сатқан болатын. Бірақ Қостанның баласы өліп қалып “аға өлсе, іні мұрасы” деп мені қара тышқандай інісіне атастырды. Оған мен риза болмадым. Жылағанымды сезген соң әкем астыртын малын қайырып, мені айырып алды. Мен сорлының маңдайы ашылған ба, жаны ашитын әкем өліп қалып, жақын ағайындарымыз “жетім бала, жесір қатын” деп басынып, мені тағы сатып отыр. Үкімет әйелге теңдік береді деді ғой, осыдан құтқаршы, ағаке.
– Кімге сатты?
– “Аузы қисық болса да, байдың баласы сөйлесін” деп иегінен шайтан тайып жығылатындай Жомарт деген көсе шалға сатты. Бұрын үш әйел алған адам екен.
– Өзіңе болысатын адам бар ма?
– Мына Шәйқеслам мен Құдайбергеннің жаны ашиды. Бұлардың қолдарынан келері жоқ. Қартжан болса жас, Нұрғиса да өзімдей, шешем бір сорлы, – деп Сақып көзінің жасын төгіп жіберді.
– Сүйген жігітің бар шығар. Неге сонымен жүре бермейсің, – дедім.

– Сүйген жігітім бар, оны апам да (Қази) көзімен көріп отыр. Не пайда, апам байғұс қараңғылық торынан өзі де шыға алмайды, мені де шығармайды, – деп қарақаттай мөлдір көзін қадай қойды.
– Жақсы, жазайын, бірақ “отыз тістен шыққан сөз – отыз рулы елге кетеді” мен жазды деп адамға сездірмеңдер, – дедім. Өйткені, малға сатылған осындай қыздардың хабарын жазғандықтан басымызға таяқ та тие бастап еді. Сақыптың қалың қара шашы самайына құлап, қызыл ерні дірілдеп:

– “Мың күн өлімнен бір күн тірлік артық” деген ғой, әйтеуір “суға кеткен тал қармайды” деп саған келіп, жүрегімнің жарасын айтып жатырмын. Бәрібір көсеу қараға барсам да көсіліп көрге кіремін. “Атаң өлсе өлсін, атаңды көрген өлмесін” деген секілді, олай-былай болсақ, атымызды атап, топырағымызды жия салатын замандас едің, – деп Сақып сөзін түйді.

Сақыптың айтқандарының бәрін маржандай тізіп газетке жазып жібердім. Кешікпей газет хабарды басып шығарды. Менің атымнан жазылған осы жауапты көрген соң қызды баса-көктеп сатушының бірі Сәкен мырза менің соңыма жарық алып түсуге айналды. Менің бойым өсіп, бұғанам қатпаған кез. Сәкен ірі жігіт, бір күні Сексен батыр ауылындағы Мәмбет үйінде кездесіп, жоқ жерден шатақ басталып, маған қарағұстай қона түсті. “Күніңді көре алмай жүрген қаңғырған бұралқы едің, тойынайын деген екенсің”, – деп қамшымен сойды да салды. “Арашашыға алты таяқ” деген сияқты сорлы Сақыпқа ара түсемін деп құлқынның құзғыны Сәкеннен таяқ жеп арқамды сипаладым да қалдым. Тіпті, Құдайберген комсомолецтің шешесі арашаламағанда мерт қылатын түрі бар еді. Газеттің хабары бойынша Сақып 9-шы аудан халық сотына арыз берді. Бірақ соттың председателі Қостанның ауылының адамы екен, “жесірім кетті” деп намыстанып, Сақыптың жұмысын да, арызын да аяқсыз қалдырды.

Тілшіге соққан таяқпен байлар тынбады. Мені де, Шайқесламды да қотаннан қуып шығарды. Бірақ та біз өз позициямыздан таймадық. “Шәкен үкіметтен тай жасырып отыр” деп тағы жаздық. Оның үстіне сол ауылдағы “Мұстапа Бәтианы үш рет сатты” деген хабар басылды. Ақырында кеккекек ұштасып, батрак, кедей жастарынан топ жасауға кірістік. Бар қаруымыз газет болды. 1924 жылы біздің хабарымыз тексерілгенде бәрі де расқа шықты. Шәкен мырзаның 10 өгізі, 2 пар аты, 10 шақты жылқысы, 2 түйесі үкіметтен жасырған мал ретінде губерниялық финанс бөлімінің пайдасына алынды. Бәтианың басына ерік беріліп, оны сатып алған 4-5 қара үкімет пайдасына түсті. Жалғыз-ақ Сақып дегеніне жетпей кетті. Газет хабары жетісімен Шәкен бір күні оны Жомарт көсенің арбасына зорлап салды да жіберді. Газеттен қорқып үрейі ұшқан дұшпандар ақырғы рет жанталасты.

“Ауылым” Ұлы көлдің алаңында,
Сол көсе теңім емес барамын ба?
Қапыда қолға түскен сандуғаштай,
Сақина сау басыма саламын ба,
Ауылым “Бәйтеректің” бауырында,
Әдеттің басым қалды дауылында
Жаманнан арашалап алатұғын,
Әлі жас Қартжан, Әбу бауырым да”, – деген Сақыптың зарлы өлеңі “Шұңқыркөл”, “Сазды ағаш”, “Бәйтерек” деген мекенінде күңіреніп қала берді. Ол дауыс әлі елдің құлағында. Сақып Жомартпен көп өмір сүрмеді. Тоқсан қайғының толқыны бірдей соғып, күндей жайнап, қазандай қайнап тұрған шағында, көсенің көмірлі көсеуінің астында қанды жаспен қара жердің құшағына кірді.

Қазір ше? Қазір “Ленин туы” Сақыптың ауылында үй басына тарайды. Қызыл гүлдей жас балалары, бақытты және қуанышты отағасылары, сәнденген қыз-келіншектері теп-тегіс газет алдырады. Қазір қалың малға сатылған қызды қос итпен іздесең де таба алмайсың. “Сексен” ауылы, бүгін “Талпын” колхозы болып, еркін еңбектің сарайында сәулетті заманның бұлбұлы болып сайрайды.

Ғалым МАЛДЫБАЕВ.
(“Ленин туы” газеті,
1940 жыл, 11 наурыз).

 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий