Зікірин, Т. Шабыт – дауыл мазалайды жанымды [Мәтін] : өлеңдер /Т. Зікірин // Soltústik QAZAQSTAN. – 2019. – 22 tamyz.- Б. 8-9

12 апреля 2020 - kamshat

 Шабыт-дауыл мазалайды жанымды


Сыр
Жүрегіме сыймай жатыр шөгіндім,
Батып кетер қалтқыдайын көріндім?!
Бақ-бақ гүлдің үлпілдегі секілді,
Әбден тозып, үлбіреген көңіл мұң...
Жанды жеген ызыңы бар қурайдың,
Мазамды алар ойларды да қумаймын.
Күн еңкейе көкте бұлттар сөгіліп,
Кеудем толы қайда кетті у қайғым?
Тулақтайын қайта қағып, сілкіген,
Сірә, мені түртіп отыр бір түлен.
Мөлдіреген жыр іздеймін, жаным-ау,
Бұрынғыдай таңның таза үрпінен...
Қурап барып, көзін ашқан гүлдейін,
Қалай бүрлеп сала бердім, білмеймін?!
Жетер жерім, басар тауым белгісіз,
Өкініште қалып осы жүрмейін.

Гүл–көңіл
Көктем болып қашаннан іздегенім,
Гүл көңілден төгілген ізгі өлеңім.
Қанша оны қимайын десем-дағы,
Қоймайды екен келмей бұл күз дегенің?!
Көзін ашқан көктемде жыр бұлақ-ай,
Ұмытайын қызғалдақ қырды қалай?
Көнереді екен ғой бәрі де оның,
Бергесін жыл артынан жылды жамай...
Тірліктің көп тынысын бақыладым,
Табиғатпен астасып жатыр ағын.
Көңіл қанша беріспей жүрсе-дағы,
Сарғаяды екен ғой жапырағың?!
Пенденікі қимайтын көнбіс әні,
Жапырағы үзіліп, желге ұшады...
Түбінде бір, әйтеуір, қойнына алар,
Бұйырсын де туған ел жер құшағы!
Ерке желі сияқтымын даланың
Бергенімнен алғаным көп өзгеден,
Оны бірақ ұтылыс деп сезбегем.
Құдай берген көл мінезбен көлкимін,
Ата жаста енді қалай өзгерем?
Жан адамға жұққан емес кіршігім,
Тәңір жолда жүрген адал құлшымын.
Көлеңкесі түсетұғын бұлтым жоқ,
Жыр төгілген сезімдерім тым шырын.
Қысқа түсіп жатсын қолым сермеген,
Озғандардың жолын кескен пенде екен.
Бүгінгінің көп айтылмас шындығы –
Дүлдүлдер жоқ қатар өтер кермеден...
Ерке желі сияқтымын даланың,
Көпшіліктің аңдайтұғын қабағын.
Көлкіп жатқан көл мінезім осындай,
Басымдағы бағым менің, таланым!

Сауал
Не жатқанын кім білсін мида қалың,
Ой толғаймын,
Оңаша күй бағамын.
Кірпік ілмей түнімен,
Жүйкені езіп –
Жыр жазғанда керемет қиналамын?!
Жан азапқа түсемін,
Жоқ тынышым,
Жанұшырып жүргем жоқ тоқтық үшін?!
Тілімменен жалаймын,
Тайсалмаймын,
Басымды алар тағдырдың от қылышын...
Тулап соққан жүрекке ерік бердім,
Өзіме-өзім емшімін,
Көріпкелмін...
Өртенемін,
Жалыннан жасын жұтам,
Ермегі емес,
Ол, сірә, еріккеннің?!
Көкіректен төгіліп құйған ағын,
Кім тілемес,
Жыр селін тыймағанын?
Түніменен отырып,
Түк жаза алмай –
Шынымды айтсам,
Кейде осы қиналамын!

Жарық дүние
Жастық шақтан жыр қалды,
Сағым қалды,
Қызық-думан алыстап,
Қоңырланды...
Өткен күнге өкініш өкпесі жоқ,
Жарық дүние кәусарға шөлім қанды?!
Бұлқып-тасып кеудемде шабыт деген,
Тау бұлақтай арынды ағытты өлең...
Шау тартсам да,
Бір жасар шалымым бар,
Әлі өмірдің аңдысын бағып келем.
Күннен бұрын таусылып,
Күйрегім жоқ,
Тірлігімді айтпаймын күйбеңім деп.
Рухы биік жан үшін қашан-дағы,
Жүру мықты,
Қайратты күйде міндет!

Таңдауым — таза, тура жол
Құдай сақтап,
киген жоқпын шен-шекпен,
Тәңір таза тура жолын көрсеткен.
Сұғанақтық бала кезден жат маған,
Ашқарақтық танытпаған емшектен?!
Ноқай емең,
Мансап үшін ар сатқан,
Өзімді алыс ұстап өттім «қақ-соқтан» ...
Ешқашанда қадам басып көргем жоқ,
Қулық іске өзгелерді қақсатқан.
Арамдық жоқ,
ал біреуге қырсығым
тимесін, – деп жүретінім, бұл шыным!
Күн сәулесін жүрегіме құйған ғой,
Көңілімде болмаған соң кіршігім...

Түсірмеуге тырысамын еңсемді
Ең асылын, ең сырлысын ашпаған,
Қалың ойлар қалжыратып тастаған.
Ертеңіме аманат қып тапсырар,
Қалай енді жеткізе алам көшті аман?!
Өгіз аяң, мимырт тірлік құрысын,
Соңғы кезде өнбей кетті жүрісім.
Күйіп кетсем, жанып кетсем керек-ті,
Жалғыз ғана жалындаған жыр үшін.
Көптен бері сабыр кетіп жүр менен,
Азап болды көз ілмейтін түн деген.
Жазылмай-ақ қойды бірақ, шіркін-ау,
Өмірдегі бір туатын құнды өлең?!
Көңілімнің сөгіліп тұр көбесі,
Жылауық боп туады адам неге осы?
Қайда барып бұратынын кім білсін,
Тағдыр деген тәуекелдің кемесі.
Кезден өтіп кеткеніммен белсенді,
Түсірмеуге тырысамын еңсемді.
Бір жасын жыр қалдырсам деп ойлаймын,
Құдай маған құйын шабыт берсе енді!

Тыншымадым
Жаға алмадым демеймін жыр шырағын,
Өлең құрап өттім мен, тыншымадым.
Жазғандарым бірінен-бірі өткен соң,
Одан сайын ұмтылып құлшынамын.
Тың көтеріп тастаған жоқ шығармын,
Ой тамшысын түсірмей қақшып алдым.
Қансонары көңілден шықпағасын,
Сәтін тосқан әлі де қасқыр аңмын.
Қалғым бірақ келмейді ұлып тағы,
Ұлығаннан жаман жоқ ғұрыптағы.
Шын асауды шідерлеу қажет болса,
Бос жіп емес, тұзақпын құрықтағы.
Басылып та көрмеген от тынысым,
Балқып жатыр кеудемде көк құрышым.
Жаным пида адаммын, жаным пида,
Жыр боп жауар басыма бақ күн үшін?!
Бәрін соған жүрмін ғой сарп қылып,
Құр бос сөзден мезі боп, жалықты үміт.
Жырлағанға не жетсін бұл өмірде,
Шын ғажапты жүректен танып тұрып?!.

Тоқтар ЗІКІРИН,

ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий