Құсайынов, З. Өмірге ғашық ақын [Мәтін] : ақын Тоқтар Зікірин жайында / З. Құсайынов // Soltústik QAZAQSTAN. – 2019. – 22 tamyz.- Б. 8-9
Қалам ұстаған әріптестерімнің ішінде балалық шағында өлең шығару деген өнердің дәмін татпағандар некен-саяқ десем ақиқаттан алыс кете қоймаспын. Алайда, көпшілігіміз есейе келе қара сөзге ден қойғанымыз шындық. Менің пәлсәпәм өмірге ғашық болмаған адамнан ақын шықпайды дегенге саяды. Шынайы ақын болу үшін мына шексіз дүниені бар жан-тәніңмен құлай сүю керек сияқты. Пенде баласының асыл ойлары мен сұлу сезімдері ақындық жүректе гүлдеп, бүршік ататындықтан, әлемді адал махаббатымен сүйген адамға ғана өмір құшағын жайып, сыр сандығының талай құпиясын ашады. Өлеңді айтасыз-ау, сол құдіретті өнердің өзін де өмірге ғашық адамдық сезімнің сүйіспеншілігі туғызады ғой.
Дүниені сүйген адамның бойында Аллаға деген шексіз сағыныш оянады, жүрегінде өлең оты тұтанып ұлы Жаратушымен ойша сырласып, мұңын шағып, оны тереңірек тануға мүмкіндік алады. Міне, осылайша, мәртебелі поэзия адамның Алладан кейінгі ең жақын сырласына айналады. Жалғыздықтан жалығып, имандылықтың мейірімді шуағын сағынған адамның шөлін тек өлеңнің мөлдір бұлағы ғана қандыра алатыны сондықтан болса керек. Мұндай өнер екінің біріне бұйырмайтын бақ деуге болады.
Бүгіндері жетпіс деген жастың биігіне шығып отырған Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, өңірімізге белгілі ақын Тоқтар Зікірин хақында азды-кемді қалам тербегенде, қағаз бетіне осындай ойлар маржандай болып түсе кетпесі бар емес пе. Ширек ғасырдан астам “илегеніміз бір терінің пұшпағы” дегендей, Тоқаңмен әріптес ретінде араласып жүрміз. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары елімізде Тәуелсіздіктің шырайлы таңы атып, бөркімізді аспанға лақтырып қуанғанымыз әсте естен шыға қоймас. Егемендіктің алғашқы жылдарындағы елімізде болған экономикалық қиындықтар қос өкпеден қысқан кезде екеуіміз редакцияның “штабы” деп аталатын секретариатта біраз жыл бірге қызмет атқардық. Бір бөлмеде отырып, жұмыстан қолымыз сәл қалт еткен сәттерде Тоқаң өмір жайында өз пайымдауларын ортаға салып, небір түйдек-түйдек ойларды ағытып қоя беретін. Арасында әлі сиясы кеуіп үлгермеген жырларын да оқитын. Бұл кезде ақын әлдебір басқа әлемде жүргендей сезімде болатынына көзім жетуші еді.
Тоқаң Шал ақын ауданындағы шалғай жатқан Балуан ауылының тумасы. Әкесі Нұрахмет ел басына нәубет төнген жылдары қан майданға аттанып, 1944 жылы ауыр жарақат алғандықтан туған елге мүгедек болып оралады. Салдарынан қырықтың қырқасынан да аса алмай, мәңгілікке көз жұмады. Бұл Тоқтардың мектеп табалдырығын жаңа аттаған кезі болатын. Жетімдіктің қамытын ерте кигенімен, анасы жалғыз ұлының балалық шағын алаңсыз өткізуі үшін бар жағдайын жасай білді. Алайда, ауылдағы мектептің жеті сыныбын тамамдаған соң тұрмыс жағдайына байланысты осы аудандағы Ленин мектеп-интернатына ауысады. Ал орта білімді Жамбыл мектебінде алады.
– Мектепте білім алған жылдары менсіз қабырға газеті шықпайтын, өйткені, оны безендіру менің мойнымда болатын. Суреттен байқауларға қатысып, жүлдегер де атанғанмын. Ал сүйікті пәнім математика еді. Ал мектепті бітіру емтиханындағы шығарманы өлеңмен жазып, үздік баға алдым. Ақындығым осы кезде басталды деп ойлаймын, – дейді Тоқаң.
Орта мектепті жақсы тамамдаған ол еңбек жолын ауылда бастады, бір жыл қой бақты.
Осылай еңбекпен шыңдалған Тоқаң келесі жылы Қарағанды қаласындағы кооперативтік институттың барлық қабылдау емтихандарынан сүрінбей өтіп, студенті атанды. Ол осы жоғары оқу орнында экономист мамандығының қыр-сырын үйренуге бел шеше кіріседі. Алайда, бойға берген табиғи дарын өз дегеніне көндіре білгендей. Қолына қалам алып жүрек түбінен мөлдіреп шыққан жыр жолдарын ақ қағаз бетіне түсіруді тоқтатпады. Алғашында оның өлеңдері баланың анаға махаббатына, туған жер, табиғат көріністеріне арналса, кейін тақырып аумағы кеңейе түседі. Тұңғыш рет газетке тырнақалды өлеңдерін жібергенін әлі күнге дейін ұмытқан жоқ. Көп кешікпей жыр жолдары Петропавлдағы облыстық “Ленин туы” (қазіргі “Soltústik Qazaqstan”) мен Қарағандыдағы “Орталық Қазақстан” газеттерінің беттерінде жүйелі түрде жариялана бастайды.
Өлең жазудың, оның оқырман жүрегінен орын алатындай етіп шығарудың оңай шаруа емес екендігін сол кездері түсінген ол көп уақытын белгілі ақындардың шығармаларын зерделеуге жұмсады. Басқа жігіттер бос уақытында көңіл көтеруді хош көрсе, бұл кітапханадан табылатын. Әсіресе, ұлы Абайдың, Қадыр Мырза-Әлінің, Сағи Жиенбаевтың, Төлеген Айбергеновтің, Тұманбай Молдағалиевтің, Жұмекен Нәжімеденовтің, Фариза Оңғарсынованың кітаптарын жастығының астына салып оқыды деуге болады.
Тоқаң Қарағанды қаласында өткізген студенттік жылдарында және кейінгі кезде республикалық “Лениншіл жас” (қазіргі “Жас алаш”) газетімен тығыз байланыс орната білді. Сол жылдары газеттің әдебиет бөлімінде жұмыс істеген Сағат Әшімбаев, Жарасқан Әбдірәшев, Аян Нысаналин, Тынышбай Рахимов сынды белгілі ақындармен жиі кездесіп, олардың ақ батасын алған. Әртүрлі алқалы жиындарда қазақтың беткеұстар ақындары Қалижан Бекқожинмен, Қайрат Жұмағалиевпен, Мұхтар Шахановпен пікір алмасып, әдебиет төңірегінде ой бөліскен. Жас ақындардың өлеңдеріне жоғары талап қоя білетін Қадыр Мырзa-Әлі республикалық басылымда жарық көрген Тоқтардың алғашқы өлеңдер топтамасына өзінің жақсы пікірін білдірген. “Қазақстан әйелдері” журналының бөлім меңгерушісі, қазақтың белгілі ақын қызы Рза Қунақова, қоғам қайраткері Сағат Әшімбаев Тоқаңның өлеңдерін жоғары бағалайтын.
Қарағандыдан жоғары білімді экономист болып оралған Тоқаң Шал ақын ауданында өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасады. Әр жылдары аудандық дайындау мекемесінде, Сергеевка сыра зауытында басшы қызметтер атқарған. Осындай қызметтерде жүрсе де Тоқаң өлең шығарудан, аудан тіршілігі хақында мақала жазудан қол үзген жоқ. Бірнеше жыл “Soltústik Qazaqstan” газетінің Шал ақын ауданындағы меншікті тілшісі болған Тоқтар Нұрахметұлы 1995 жылы облыс орталығына қоныс аударып, редакцияға қызметке қабылданды. Қазақ баспасөзінің қарашаңырағында абыройлыжұмыс істеді.
Осылай студент кезінде-ақ балауса жырларымен әдебиетсүйер қауымның назарына іліккен Тоқтар Нұрахметұлы өзіндік қолтаңбасы бар ақынға айналды. Оның жыр топтамалары республикалық, облыстық газеттерде жиі жарияланып тұрады. Осы жылдар ішінде ақын өмірдің өзекті мәселелерін, сыр-сезімдерге толы толғанысты сәттерін өлең жолына түсіруден бір жалыққан емес. Ол – Мағжан Жұмабаевтың, Қожаберген жыраудың, Ғабит Мүсіреповтiң, Сәбит Мұқановтың мерейтойларына арналған жыр мүшәйраларының бірнеше дүркін жеңімпазы. Ақынның қаламынан әр жылдары “Жан шуағы”, “Көңіл көкжиектері”, “Тіршілік тынысы” және “Бұл бір дәурен” сияқты жыр жинақтары жарық көрген. Тоқаң, әсіресе, құрметті зейнет демалысына шығып, күнделікті жұмыстан қолы босаған соң өндірте жазуда. Жетпіс деген белестің қырына шығар алдында оның баспадан “Өмір өзегі” атты таңдамалы шығармалар жинағы жарық көрді. Бұл кітапты ақынның көп жылғы қажырлы еңбегі мен ізденістерінің жемісі деп білген жөн. “Жүрегімде жыр әлем”, “Ауылдың мұңы арылмас”, “Ауылды сағыну”, “Жылдың төрт мезгілі”, “Махаббат, қызық мол жылдар”, “Соңғы дәптердің сыры”, “Балладалар және толғаулар” сияқты бөлімдерден тұратын бұл кітап оқырмандарының оң бағасын алып үлгерді.
Өмір өзегім – жан өзегім өрілген,
Із қалдырдың өшпейтіндей өмірден,
Жүрегімнен бәрін түгел ақтардым,
Жырларымда, сырларымда төгілген.
Өмір өзегім – бойымдағы қан ағыс,
Алдырмайды, әлі жаным тарамыс,
Өлгенімше мұқалмаса екен-ау,
Қанға малып жыр жазатын қаламұш... – деген осы кітаптың прологына алынған жыр жолдары ақынның бітім-болмысын, оның жан дүниесін айқындап тұрғандай. Ақсақалдық жасқа жеткен, айтары да, жазары да мол Тоқтар Нұрахметұлының қаламынан әлі де небір құнды дүниелер туары сөзсіз.
Зарап ҚҰСАЙЫНОВ
Нет комментариев. Ваш будет первым!
![]() |
Добавить комментарий |