Тайшыбай, З., Мәлікова,С. Мағжан – «Кедей сөзі» мен «Бостандық туында» [Мәтін] / З. Тайшыбай, С. Мәлікова // Maǵjan. – 2019.- №4.- Б. 3

26 марта 2020 - kamshat

1919 жылғы 10 шілдеде Ресей үкіметі өлкені әскери-азаматтық тұрғыда басқаруды жүзеге асыра отырып, болашақ Қазақ республикасын құруға дайындық жасайтын Қазақ революциялық комитетін құрды. Қазревком билігінің қарамағына Астрахань губерниясындағы қазақ аумақтары мен Орал, Торғай, Ақмола, Семей облыстары берілді.

Қазревком, яғни сол кездегі аударма бойынша “Қазақ аймағын билейтін кіндік мекеме” Орынборда орналасқан, ал болашақ Қазақстанның Ақмола және Семей облыстары ол кезде Омбы ревкомына қараған ғой. Сондықтан Омбыдағы Мағжан бастаған қазақ зиялылары сол қалада татарша шығып жатқан “Азад Сібір” газетінің баспаханасында “Русия коммунистер партиясының Омбы уәлаят комитеті жанындағы мұсылман секциясы һәм Омбының төңкеріс комитетінің” органы “Кедей сөзі” газетінің бірінші санын 1920 жылғы 22 ақпан, жұма күні жарыққа шығарды.
Араб әліпбиімен көркем жазылған “Кедей сөзі” деген атаудың үстіне “Жалшы, еңбекшілер бірлесіңіз!” деген ұран қойылған. Газеттің бірінші бетінің жоғары жағына “Русияның социал жолында құрылған совет жұмхұрияты” деген бас тақырып берілген. Оның үстіне “Газета әзірге жетісіне бір рет шығады” деп хабарланған. “Жазылу бағасы: бір айға – он сом, бір нөмірі – 2 сом. Алдырушыларға адрес: Омск, Центропечать, для киргиз газеты “Кедей сюзы”, Губревком, Киргизская секция” деген орысша жазулар бар. Одан төменірек: 1920 қой жылы жаңаша 22 феурал. Мұсылманша 1337.№1.

Қазақ газетінің бірден қалыптасып кетуі оңай болмаған. Алғашқы саны екі бет болып шыққан газетке: редактор Мұқан Әйтпенов деп қол қойылған. Бірінші беттегі “Қазіргі хал” деп Мұқан Әйтпенов жазған бас мақалада, тақырыбынан көрініп тұрғандай, сол кездегі Ресей мемлекетіндегі саяси оқиғаларға байланысты халықтың әлеуметтік тұрмысы жайлы шолу тұрғысында хабар берілген.

“Соңғы 2-3 жыл ішінде дүниежүзіндегі, Русия патшалығындағы халық қолына хурият еркіншілік тигеннен кейін, дүниежүзіне, ойда болмаса келтіре алмайтын еркіншілікті орнатып тұр, – деп бастаған автор, – Бұл не деген еркіншілік? – деп сұрақ қойып, өзі жауап береді. – 1917 жылы 25 октябрьде Мәскеудегі саяси басшылар қызыл қанға боялып билікті жұмысшы, еңбекшілерге алып беріп, большевик программасын жүргізіп еді. Халық ондайын жарылқасынға көктен түскендейін болған соң анық түсіне алмады. Біраз заман ішінде айырылып қалды. Айырылып қалғандығының мәнісі – арамыздағы бұрынғы байлар, төрелер, казак-орыс офицерлері ішінен тынып, өздері бұрынғыдай аттап-бұттап жүре алмаған соң құпия қол – әскер сайлап, чехтарды жалдап алып, біздің қанша сабаз басшыларымызды жау жері майданда, онан соң острогтарда атып, тамақсыз аштан қатырып, суық үйлерге қамап, ауру-хисапатқа шалындырып өлтірді...”.
Автордың сөздік қоры, сөз саптасы, жалпы сауаты мен білім деңгейі төмен екені қол қойып бастырған басқа мақалаларынан да байқалады. Осы газеттің 1921 жылғы төртінші санында “Мұқан Әйтпеновтің қырсығы” деген көлемді сын мақалада редактордың бұрынғы жағымсыз іс-әрекеттерін әшкерелейтін, саяси қызметін сынайтын көптеген мысалдар келтірілген. Біздің білетініміз: Мұқан Әйтпенов “Үш жүз” аталып, өзін социалиспіз деп жариялаған Көлбай Тоғысов тобынан болатын. 1918 жылы көктемде Омбыда Мағжан Жұмабаевты түрмеге қаматқандардың бірі. Енді, міне, большевиктер билікке келгенде “Кедей сөзі” газетіне редактор екендігі көрінді.

Алайда, газеттің екінші санынан бастап редактор лауазымының орнына “Шығарушылар алқасы” деген қол қойыла бастады. “Кедей сөзінің” екінші саны 1920 жылғы 8 наурыз күні шықты. Бірінші беттегі “Теңдік” деген бас мақаланы Мағжан Жұмабаев жазған. Оның авторлығы сөздік қоры, сөйлем құрау стилі, қол қойып бастырған басқа материалдармен салыстыру үстінде анықталды. Мысалы, мақала былай басталады: “Өмір бойы қорлықта, зорлықта, тепкіде жүрген қазақ 1917 жылғы өзгерісті үлкен бір той секілді қарсы алды. Бірақ ол той көпке созылмады. Орыстың өңшең байларының, помещик, фабриканттарының үкіметі жақсылықпен туған өзгерісті жамандыққа айналдырды. Бұрын кемдікте жүрген халықтар теңдік сұраса, “ертең құрылтай жиылысында аласың” деп алдандырып, ол құрылтай жиналғанша өзі де жоқ болды...”.

Мазмұны жағынан бұдан бұрынғы бірінші санда шыққан “Қазіргі хал” мақаласында жазылғандарды қайталайды, бірақ ықшам, түсінікті, саяси сауатты сөздердің мүлде басқа қолдан шыққаны көрінеді.

“...25 октябрьде Россияда өкімдік орыстың кедейлерінің, жұмысшы табының қолына тиді. Бірақ қолынан билік кеткен соң ақшасы, фабрик, зауыттары түгел кететінін біліп, елдің жуандары, оқалы, шенді жандаралдары, жылы орнынан айырылған жылтыр түйме төрелер тек жатпай, 1918 жылы Сібірде қайта төңкеріс болды. Билік орыстың төрелеріне, жандарал, байларына қайта көшті.

Өткен дәуренін іздеп, шет жұрттарды құл қылып аяғының астына басқанын сағынып, “мақсұдым ұлығ [бөлінбейтін] бүтін Русияны туғызу” деп патшасынған Колчак шықты. Қазақтың кең даласында баяғыдай маңдайы жылтыраған урядник, найзасы қылтыңдаған карательный отряд көрінді. Ежелден сотқар туған – орыстың сары бауыр қамшысы тағы да момын сорлы қазақтың арқасына шыпылдай бастады”. Бұдан кейін азамат соғысында қазақ халқының жазықсыз жапа шеккені, ақтардың қырғын-сүргін, талан-таражысы айтылады да, автор оқырманға сұрақ арнайды:

“Осының бәрін кім істеді? “большевик бұзақы, біз әдептіміз” деген зәлім Колчактың сотқарлары істеді. “Большевик талайды, біз тимейміз” деп, ақсофысынған зәлім, жалмауыз, қан төккіш, ақтар істеді.

Артынан кешікпей қызыл әскерлер келді. Олардың не істегенін айтпай-ақ қояйық. Казак-орыстың қамшысының дәмін татқан қазақтар оларды ақтармен салыстырған жоқ.
Ал енді қазақ! Кім жақсы, кім жаман? Өз көзіңмен көріп отырсың. Сондықтан біз... залымдардың сөздерін сөйлемейміз. Теңдікке жеткізетін ақжүрек, адал ниеттілердің сөздерін сөйлейміз. Осы күні совет өкіметі өзіне тілектес, көмектес болған кішкене жұрттарға теңдік, автономия беріп отыр. Мысалы, қазан татарлары, башқұрт, ноғай, Түркістандағы сарт, түрікпен ағайындарымыз... Енді теңдік – табан ақы, маңдай терімен күн көретін, күс табан, сүйел қолды кедейлердікі. Бұрын теңдік қылт-жылт етіп жорғалаған кәззәптікі болса, енді теңдік – зияны жоқ момындікі! Бұрын теңдік жуан аталынікі болса, енді теңдік – жіңішке аталынікі.

Совет үкіметі бергенде, осындай теңдік береді. Арамға емес, адалға. Ақшаға емес, еңбекке. Жуанға емес, жіңішкеге теңдік береді. Сондықтан баяғы партия-сұрқияны, барымта-ұрлықты, алыс-тартысты Совет үкіметі қолдамайды. Оның заманы “Николай” көмілген көрге қабат көмілген.

Совет үкіметі: “Ұрлық қылғанша – кәсіп қыл; екі ауылдың арасында өсек тасып жүргенше – шөбіңді шап, егініңді салып, уақытында үйіп, жинап, еңбек қыл, дейді. Түл-кіше қылжаң-жылмаң етіп, біреудің бір тиынының жартысын бармағыңа еңбексіз басқанша, үйіңе барып, құлайын деп тұрған қораңды түзе”, – дейді.

Байға айтады: “Шалқиып, жонданған сайын қарныңды сипай бергенше, сен де қолыңа күрек ал, иініңе құрық ал”, – дейді. Сонда ғана бәрің теңдікке жетесің, сонда ғана қазақтың үстіндегі қайғының қара тұманы айығып, жадыраған жаз келеді. Сонда ғана кемдік кетіп, кеңдік келеді. Сонда ғана құл емес, ұл екеніңді сезінесің, қазақ!”.

Мағжанның көсемсөз үлгісінен алынған осы және бұдан кейінгі мысалдар оның совет өкіметі түріндегі жаңа биліктің сипатын қалай түсініп, қалай насихаттағанын, жан-тәнімен қорғағанын көрсетсе керек. Және ақынның жүрегін жарып шыққан шыныдай мөлдір сезімдердің толқынын байқау қиын емес. Бұдан кейін де Мағжан қаламынан туған басқа да көсемсөз үлгілерін сараптай отырып, осындай қорытындыға келуге болады. Демек, ақынның сыншылары да, оны мақтаушылар да шындыққа жете алмаған. Мағжан есіміне қоса айтылып жүрген: “Ескі хандық дәуірді аңсаушы, байшыл, прогресс атаулыға қарсы, орысқа қарсы, Колчакты мақтап өлең шығарған, діншіл, жылауық ақын...” деген сияқты жамау-теңеулердің түп-түгел жалған, сыпайылап айтқанда, ешбір негізі жоқ жала екенін көресіз. Ең алғаш рет Мағжанға жала жапқан Сабыр Шәріпов, одан кейін қазақтың аты мәлім ақын-жазушы замандастары.

Мағжан Жұмабаевтың қоғамдық-саяси көзқарасын түсініп, лайықты баға беруде оның мерзімді баспасөз бетінде жарық көрген мақалалары нақты дерек, боямасыз шындық екеніне көз жеткізу қиын емес. Және де, ескерте кету керек, Мағжан Жұмабаев сияқты өмірдің ащы-тұщысын көрген, жан-жақты және қазақ тарихы мен тұрмысының бұрынғы-соңғысын терең білетін, сергек ойлы қаламгердің жазғандарын заман ырқына қарай бейімделгіш, солқылдақтың, пайда ойлаған есепқойдың ой-пікірі деп әсте ойлауға болмайды.

Совет билігінің қазақ даласында орнай қалуы оңай болмағаны белгілі. Мағжан әр мақаласында өз қандастарының көңіл түкпіріне үңіле отырып, “Шындық неде?” деген сұраққа жауап береді. Тұрмыста қиындық болмай қоймайды. “Бар айыпты, бар жаланы советке жабатындар – баяғыны көксейтіндер һәм кеудесінде соқыр сезім де жоқ, саңылаусыз соқырлар. Шынында қазақ тұрмысында болып жатқан һәм болғалы тұрған өзгерістерді, әсіресе, әйел мәселесінде совет үкіметінің “айыбы” қанша екен. Соны тексеріп, бағалық”, – деп бастап, “Жәжеке” деп қол қойған “Ұғылмай жүрген мәселе. Әйел мәселесі” деген мақала 1920 жылғы 22 наурыз күні шыққан. Қазақ автономиясы деген не екенін қалың қазаққа түсіндіру мақсатында жазылған мақала жас мемлекеттің алдындағы кезек күттірмейтін бірнеше мәселені санамалап отырып, талдап береді. Автордың пайымдауынша, совет үкіметінің алдында “Бірінші күрес” – нағыз соғыс майданында қарсыластарын жеңіп, билікті кедей еңбекшілерге беру еді. Бұл орындалды. “Екінші күрес” азамат соғысында бүлінген, күйзелген шаруашылықты түзеп, халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету, бұл шешіліп келеді. “Үшінші күрес” қараңғы қазақ еңбекшілерін сауаттандырып, білім-ғылымға бастау болса, бұл жолға да түстік. Мына қазақша газеттің шыға бастауы – соның бір көрінісі. Енді ескеруге тұрарлық “Төртінші күрес” қазақ арасындағы әйел теңдігі мәселесі деп келеді де автор қазіргі “гендерлік саясат” деп жүргенімізді әріден қозғап, бұл мәселенің де кезек күттірмейтін маңызын қолға ұстатқандай етіп, ғылыми негізде дәлелдеп берген. “Қазақ әйелі ерлермен барлық жағдайда тең болған жағдайда ғана халқымыз бақытты болады”, – деп түйеді автор.

Қазақ Автономиялық Советтік Социалистік Республикасын құру жөнінде арнайы Декрет 1920 жылғы 26 тамызда дүниеге келді. Қазревком 1920 жылғы 4-12 қазанда Қазақстан советтерінің құрылтай съезін өткізді де, өкілеттігін тоқтатты. Съезд Қазақ Республикасы еңбекшілері құқықтарының декларациясын қабылдады. Декларацияда Ресей Федеративтік Республикасының құрамында Қазақ Автономиялық Республикасының құрылғаны конституциялық тұрғыда жария етілді. Республика азаматтарының негізгі құқықтары мен міндеттері, мемлекеттік билік органдары, сайлау жүйесі мен оның принциптері, жер саясаты, соттың ұйымдастырылуы мен қызметінің жүйесі белгіленді. Бұдан былай “Кедей сөзінің” жаңа кезеңі басталады. Газет енді Автономиялы Қазақ Республикасының Сибревком жанындағы өкілдігі атынан шыға бастайды.

1920 жылғы 27 қазанда Қазақ Орталық Атқару комитеті төрағасының орынбасары Жанайдар Сәдуақасов Қазақ АССР астанасы Орынбордан Омбыға, сондағы Сібір ревкомы жанындағы қазақ өкілдігіне жеделхат жолдады. Жеделхаттың мәтінін толық келтірсек, сол бір аумалы-төкпелі кезеңнің жағдайынан біраз хабар алуға болады (Жеделхат орысша жазылған, қазақшалап беріп отырмыз – авт.).

“Таяу арада Мәскеуде Ақмола және Семей облыстарын Қазақ республикасына берудің мерзімі мен бұл жұмысты ұйымдастыру тәртібіне байланысты келіссөз жүргізілмек. Сондықтан халықты Қазақ республикасының құрылғаны туралы кеңінен құлақтандыру қажет. Ол үшін газеттер, листовкалар шығару және басқа да жолдар пайдаланылсын. Қазақ Орталық Атқару комитетінің жеделхаттарын, өздеріңіздің ресми үндеулеріңізді көшіріп басыңыздар. Қазақ автономиясының мақсаттары мен міндеттері жайында бірнеше листовка шығарыңыздар. Губерниялардағы, уездердегі, ауылдар мен деревнялардағы күштерді неғұрлым кеңінен пайдаланыңыздар...”.

Осы жеделхатты алған Сибревком жанындағы Қазақстан өкілдігі (дәлірек айтқанда өкілдікке қатысы бар қазақ зиялылары – авт.) Ресей компартиясы орталық комитетінің Сібір ұйымдастыру бюросынан қазақ тілінде газет шығаруға рұқсат сұрайды. Партия органы қазақтардың бұл тілегіне байланысты мынадай қаулы шығарған:

“Қазақ ССР өкілдігінің қазақ тілінде бюллетень шығаруға рұқсат сұрағанына байланысты: қазіргідей қағаз тапшы болып отырған жағдайда жеке газет шығару мүмкін емес деп есептелсін. Өкілдік мұсылман секциясымен бірлесіп, қазақ газетінің таралымын екі мың данаға дейін көбейтуіне рұқсат берілсін”.
Бұл арада “мұсылман секциясының газеттері” деген ұғым Омбыда, Сибревком мен партия комитетінің мұсылман тобы атынан шығып тұрған татарша “Азад Сібір” және қазақша “Кедей сөзі” екенін ескерту – парыз.

“Теңдік” деген тақырып қойып Мағжан жазған бас мақалада (“Кедей сөзі”, 12 қаңтар 1921 жыл): “...Қазақтың үстіндегі қара тұман айығып, жадырап жарқын күн туады. Кемдік кетіп, теңдік жетеді. Құл емес, ұл боламыз” деген тәтті үміт, асыл арманға толы жолдар газет шығарушылардың болашақтан не күткенін анық көрсетсе керек. Оған Мағжан Жұмабаевтың “Кедей сөзінде” басылған “Автономия кімдікі?” деген мақаласы мысал бола алады.

Автономия қазақ зиялыларының түсінігінде тәуелсіздікке қарай алға басқан маңызды қадам еді. 1917-18 жылдары Алаш автономиясы жарияланды, Түркістан автономиясы құрылды. Бірақ олардың ғұмыры ұзақ болмады, ақ гвардияшыл казак генералдары Колчагы бар, большевигі бар – қазақтың есесін бермеді, өз алдына мемлекеттігін құрғызбады. Сөйтіп жүргенде кеңес өкіметі Қазақ автономиялы республикасын құру туралы шешім қабылдап, “ұлттардың өзін-өзі билеуіне” мүмкіндік бергендей болды. Қалың қазақ бұл өзгерісті күмәнмен қабылдауы заңды еді. Ал Мағжан сияқты қаламгерлер газет арқылы халыққа сөз тастап, қазақтың осы мемлекеттік құрылымын нығайтуға атсалысуға шақырды. Осы тұрғыдан қарағанда Мағжанның мына сөздері ащы да болса, шындық еді:

“Большевикті құбыжық көріп, Ресейдің шет-шектері тігісінен сөгіле бастаған кезде Қазақ автономиясы деген пікір жарға ұмтылған толқынның күшімен ғана жарық көрген емес пе еді? Бүгінгі күн автономияны бауырына басып алып, тірі жанды жолатқысы келмей отырған жолдастардың әжептәуір бір тобы кеше “Сайлауға” (Ресей Құрылтай жиналысының депутаттығына кандидаттар ұсыну кезеңі туралы сөз болып отыр – авт.) өкпелеп, елден безіп, төрелік іздеп кеткен “ерлер” емес пе еді? Алашқа автономияны анық алып беретін мен едім деп, өзін іргелі автономияшыл санайтын мырза-лардың көбі 1917 жылы Орынборда, декабрь айында ғана тумап па еді?”.

Мағжан ақын өзінің туған халқына деген, қазақ бауырына деген адал ниетін газет оқырмандарына бейнелі сөзбен жеткізе отырып, мақаланың бас тақырыбындағы “Автономия кімдікі?” деген сұраққа мынадай айқын да тұжырымды жауап береді:

“Айлы, күнді, қанды отты тарихы бар; кең, бай, терең тілі, әдебиеті бар; басқаларға үйлеспейтін төресі, шаруасы бар – қазақтікі. ...Жүз жылдар орыс ақсүйектері мен байларының тепкісінде елдігін ұмытпаған Алаштікі. “Аязды күні айналған, Бұлтты күні толғанған, Құрығын найзадай таянған, Қу толағай жастанған, Ер қазақтың автономиясы бұл!”.
Сібір төңкеріс комитеті жанындағы Қазақ өкілдігінде Омбыда қазақ газетін шығару мәселесі арнайы жиында қаралды. Жиналыс хаттамасына қарағанда, оған сол кезде Омбыда тұрған қазақ зиялылары түгелге жуық қатысқан. Архивте сақталған хаттаманы неғұрлым толығырақ келтірсек, сол тарихи оқиғалар туралы нақты мағлұматқа қанығамыз. Өйткені, ресми құжаттарға қандай да бір сөз қосуға, артық-кем толғауға болмас. Тек мәтінін қазақша берейік:

“ҚССР-дің Сибревкомы жанындағы өкілдігі мүшелерінің және газет һәм әдебиет істеріне белсене қатысушылардың мәжілісі.
1921 жылғы 21 ақпан.
Қатысқандар: Өкілдің орынбасары С.Д. Сергеев, өкілдік мүшесі А.И.Ашмарин, Қазақ ОАК мүшесі Ыбыраев және Кемеңгеров, Айбасов, Серкебаев жолдастар.
Төрағалық етуші Сергеев, хатшылықта Кемеңгеров.
Тыңдалды: жұртшылықты Қазақ республикасы туралы кеңінен құлақтандыру үшін өкілдік жанынан әдеби алқа құру, газетті пайдалану, листовкалар шығару. Қазақ Орталық Атқару комитеттерінің жеделхаттарын және өкілдіктің ресми хабарларын көшіріп басу, бұл мақсатқа губерниялардағы, уездердегі, ауылдар мен деревнялардағы күштерді кеңінен пайдалану туралы.
Мәселеге негіз болған: ҚОАК-нің 27 қазандағы 937/782 нұсқауы (яғни, біз жоғарыда толық келтірген Ж. Сәдуақасовтың жеделхаты – авт.).
Қаулы етілді:
1. Өкілдік жанынан құрамы 9 адамнан әдеби алқа құрылсын (бұл уақытша, өйткені жағдайдың өрістеуіне байланысты газет бөлімдеріне қарай алқа кеңейтілуі мүмкін). Атап айтқанда, олар: Айбасов, Серкебаев, Кемеңгеров, Фазылов, Сейітов, Кәкенов, Телжанов, Тоқпанов және Жұмабаев.
2. Өкілдік жанындағы әдеби алқа (орысшасы литературная коллегия – авт.) туралы Ереже бекітілсін.
Сол Ережеден үзінді келтірейік:

ҚССР өкілдігі жанындағы әдеби алқа – басшы орган. Алқаның жанында техникалық хатшы және жауапты хатшы болады. Алқа белгілі тақырыптар бойынша мақалалар дайындаумен бірге тілшілерден келіп түскен материалдарды қорытады.
Ескерту: Ауылдарда, деревняларда, уездер мен губернияларда тұратын сауаты бар адамдардың бәрі тілші бола алады және олардың саны шектелмейді.
3. Әдеби алқа мүшелері мен тілшілерге ақы төлеу тәртібі:
а) әдеби алқа мүшелері мақаласы шыққан газеттің редакциясынан тариф бойынша материалдардың жол саны есебімен ақы алады;
ә) тілшілерге белгіленген тариф бойынша ақы төленеді...”.
Мұның алдында, 1920 жылғы 10 қаңтарда Сібір ревкомы жанынан Оқу бөлімі құрылған болатын. Оның төрт бөлімшесінің біреуі, аз ұлттар бөлімінде Мағжан Жұмабаев пен Қошмұхамет Кемеңгеровтің жұмыс істегені туралы құжат бар.
Осылайша, әдеби, дәлірек айтқанда, редакциялық алқа құрылды. Енді “Кедей сөзін” жаңа мақсатқа бейімдеп, жаңа мазмұнмен уақытында шығарып тұру талабы алға тартылды. Жоғарыдағы тізімдегі азаматтардың әрқайсысы-ақ жан-жақты білімді, ел жағдайын жақсы білетін, саясатқа жүйрік, кейбіреуінің баспасөзде істеген тәжірибесі бар азаматтар.
Алайда, материалдық-техникалық қиындықтар өте көп еді. Уақыт болса өтіп барады. Қазақ республикасын құрып, оның жері мен халқын түгендейтін шақ. Үгіт-түсінік жұмыстарын жүргізуге баспасөз органының жоқтығы қолбайлау болды.

Әдеби алқа мүшелері басқа амалы қалмағандықтан, Сібір облыстық партия комитетіне хат жолдап, көмек сұрайды. Бұл хаттың да мазмұнын толығырақ ұсынайық.
“РКП (б) Орталық комитетінің Сібір бюросына.
1921 жылғы 3 ақпан.
Қазақ Орталық Атқару комитеті бізге, яғни Сибревком жанындағы ҚССР өкілдігіне Семей және Ақмола облыстарының халқын Қазақ республикасының мақсаттары мен міндеттері жайынан кең хабардар етуді, ол үшін газет, листовкалар, үндеулер, плакаттар сияқты құралдарды орысша да, қазақша да шығаруды тапсырып отыр.
Партияның Сібір бюросы мұсылман секциясымен бірігіп, 2 мың дана газет шығаруға рұқсат берді. Бірақ мұнымен мәселе шешілетін емес. “Кедей сөзі” газетін өзіміз шығарсақ жөн болар еді.
Газетке материал дайындауда бөгет жоқ. Бірақ оларды басып шығару қиын. Омбы губерниялық атқару комитетіне тәуелдіміз. Баспахана соған қарайды. Аптасына бір рет шығып тұруға тиіс болса да, газетті айына бір рет қана шығарып келеміз. Бұл жөнінде Омбы губерниялық атқару комитетіне жаздық, бірақ ештеңе шықпады. Ресми түрде губаткомның органы бола тұрса да, оған “Кедей сөзі” керегі жоқ сияқты.
Бұлай бола берсе, Ақмола және Семей облыстарына біздің сөзіміз жетпейді.

Өкілдік өз міндетін дұрыс орындау үшін оған дербес газет керек. Демек, “Кедей сөзін” бұдан былай өкілдікке толық беруді сұраймыз. Біз: Әйтиев, Телжанов, Тоқжанов, Жұмабаев және Серкебаевтан редакция алқасын құрдық. Осы алқа құрамын бекітуді сұраймыз”.

Міне, осылайша, осының алдында құрылған, міндет-құқықтары түсініксіз, қоғамдық негіздегі әдеби алқаның орнына “Кедей сөзі” деп аталатын газеттің нақты редакциялық алқасы туралы ұсыныс енгізілді.

Ұсыныс жақталып, 1921 жылғы 7 ақпан күні Сібір бюросы “Кедей сөзі” газетінің редакция алқасын бекіту туралы ҚССР өкілдігінің ұсынысын қарап, қаулы етті:
Редакторы Бородихин, алқа мүшелері Әйтиев, Телжанов, Тоқжанов, Жұмабаев болып бекітілсін. Серкебаев жолдас газеттің тұрақты қызметкері болып есептелсін”. Осы арада қазақ газетінің редакторы Бородихин болуының себебін ол кезде баспасөз құралдарының қашан да партия бақылауында екенімен түсіндіреміз. Сонда Бородихинді редактор ретінде емес, “бақылаушы”, “бағыт беруші” ретінде қабыл аламыз. “Неге олай?” деп сұрауға мүмкін болмаған. Большевиктер бүкіл билікті өз қолына алған бетте-ақ В.Лениннің нұсқауымен барлық баспа орындарын, мерзімдік баспасөз органдарын тек қана бір партияның жеке дара билігіне бағындырған болатын. Сондықтан ол кездегі газет немесе журнал туралы сөз болғанда, партияның баспасөзі екенін естен шығармауымыз қажет. Оның редакторы міндетті түрде коммунист болуы керек. Және 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі жарияланғанға дейін дәл осылай болып келді.

Осылайша, редакция құрылды. Ертеңінде өкілдік төрағасының орынбасары Сергеев Сибревкомның іс басқармасына хат жазып, “қазақ газетіне қажет болғандықтан радио байланысы арқылы Орталықтан (Мәскеуден) келетін материалдарды жіберіп тұруды” сұрайды.
Омбыдағы Қазақ өкілдігінің атынан, яғни жаңа құрылған Қазақстан Республикасының атынан “Бостандық туы” газетінің тұңғыш саны 1921 жылғы 7 наурыз күні жеке үндеу-хат түрінде, 4 мың дана болып басылып шықты. Осы газетте Қазақстан Орталық Атқару комитетінің төрағасы Сейітқали Меңдешевтің “Қазақ жолдастарға!” деген үндеуі жарияланды. Қосымша ретінде “Қазақ әйелдеріне!” деген үндеу бір мың дана болып басылып, әйелдер бөлімінің меңгерушісі Голубеваның атымен, араб әліпбиімен жеке парақ түрінде таратылды.
Осылайша, “Бостандық туы” екі түрлі болып жарық көрген. Газетті Омбы губаткомынан алып, қазақ өкілдігіне беру мәселесі де бірсыпыра әуре-сарсаңмен шешіледі. Құрылтайшысы өзгергендіктен, редакция алқасы бұрынғы “Кедей сөзі” атауынан бас тартып, газетті “Бостандық туы” деп шығаратын болады. Сонымен 1921 жылғы 5-наурыз күні Омбының көркемөнер мектебінің шеберханасында газеттің жаңа бас тақырыбы цинкке ойылып жазылды.

“Бостандық туының” бірінші санының бірінші беті былай жасалған: Шыға бастады1921 ж. Март 19-ында.
Русия коммунист (большевиктер) партиясының Сібір облысы бойынша һәм Омбы губерниясының қазақ газеті.
Орган Кирпредставительства К.С.С.Р. при Сибревкоме. Киртатбюро Р.К.П. (большевиков) и нацменьшинств при Омгубисполкоме. Киргизская газета “Бостандық туы” (Знамя свободы).
Адрес для подписчиков: Омск. Центропечать для газеты “Бостандық туы”. Адрес ред. Омск, Сибревком. Представительство к ССР. Ред. Газ. Бостандық туы.
Жазылу бағасы 1 нөмірі – 2 сом, 3 айға – 10 сом.
Алдырушыларға адрес: Омбы шаһарінде. Центрпечать. “Бостандық туы” газетасына. Басқарма адресі Омский партийный дом. Астыңғы 22-бөлме, “Бостандық туы” газетінің басқармасы. Басқарма сағат 9-дан 2-ге дейін ашық.
1-бет. Басқармадан.
Осы уақытқа дейін шығып келген “Кедей сөзі” газетасы тоқтап, оның орнына Сибревком қасындағы Қазақ Жұмқұриятының уәкілдігі атынан бұдан былай “Бостандық туы” газетасы шығатын болды. Газета мақсұты – тұтынған жолы халықты осы күнгі саяси ретпен тәрбиелеп һәм совет үкіметінің жалпы жұмысымен таныстыру. Одан басқа өте ескеретін жұмысының бірі – Қазақтың Кеңестік Жұмқұриятының қазақ халқы туралы істеп жатқан жұмыстарымен, заңдарымен таныстырмақ.
Қазақ арасындағы хат білетін азаматтардан халықтың мұң-мұқтажы туралы, шаруасы туралы, ел арасындағы әрбір маһкәмәләрдан шығып жүрген қызмет иелерінің, істеп жүрген тәртіпсіздігі туралы басқармаға білдіріп тұруын өтінеміз.
“Бостандық туы” бұрынғы “Кедей сөзі” газетасының барып тұрған жерлеріне жіберіліп тұрады.
Газетке сөз жазушыларға адрес мынау: Омск. Сибревком. Представительство КССР. 3-й этаж, 4-комната, для редакции “Бостандық туы”.

19 наурыздағы санында Ақмола және Семей облыстарын Сибревкомның қарамағынан алып, Қазақстанға қосу үшін Үкімет комиссиясы келе жатқаны хабарланды. Ақмола губерниялық ревкомына төраға болып тағайындалған Әбдірахман Әйтиев баспасөз арқылы жас Қазақ республикасын нығайту жөніндегі шараларды жария етті.
Дәл сол күндері Ресейде басталған “Сібір шаруаларының көтерілісі” салдарынан Омбы мен Қызылжар арасында соғыс болып жатқан. Советке қарсы қанды қырғынды “Бостандық туының” 1922 жылғы 19 наурыздағы бірінші санында “Қазақ еңбекшілеріне” деген тақырыппен шыққан бас мақалада Мағжан былай дейді:
“...Қазақ бауырлар, жолдастар! Сіздер ол жаулардың тіліне елігіп, соңынан ермеңіздер. Аты өшкір үкіметтің заманында көбірек тепкі көрген, езілген, құлдықта жүрген халықтың бірі – біздің қазақ халқы болатын. Қазақ халқын өткен уақытта ешкім қатарға алып, адам санына қоспады. Туып-өскен жерінен, Сарыарқа сары белінен еңіретіп зарлатып, қуып шығатын кім еді? Бұлар сол қараңғы уақытта совет үкіметіне қарсылық жасап жүргендер! Олар өтіп кеткен қайғылы қара түнді қазақ халқына қайта орнатпақшы!

Ондай қулардың совет үкіметі туралы неше түрлі болса да, құтыртып, ертіп таратқан хабарларына нанбаңдар. Еш нәрсеге алаң болмай, істеп келе жатқан шаруаларыңызды жүргізе беріңіздер! Ел арасына бұзақыларды ұстауға шыққан қызыл армияға жәрдем-деріңізді аямаңыздар. Жасасын, совет үкіметі! Жасасын, Қазақ Жұмқұрияты! Жасасын, істі қазақ еңбекшілері!”.
(Соңы. Басы өткен сандарда).

Осы газеттің 1-бетіндегі “Қазақстанда” деген есепте: “Қазақстан Республикасының халық ағарту комиссары һәм Госиздат қасындағы жазушылар ұйымының мүшесі Ахмет Байтұрсынұлы өткен ғинуардың 13-інде Орынбордағы зиялы қазақ азаматтарын жиналысқа шақырып, 2-буын мектептеріне оқу-құралдарын дайындау үшін кеңес ашқандығын” хабарлады. Мәжілісте болғандар: Елдос Омарұлы, Хайриддин Болғанбайұлы, Смағұл Сәдуақасұлы, Файзолла Ғалымжанұлы, Биахмет Сәрсенұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Сәдуақас Сейфоллаұлы, Ғалихан Бөкейханұлы, Сабыр Айтқожаұлы, һәм басқалар.

Мәжіліс бастығы Ахмет Байтұрсынұлы, хатшы Биахмет Сәрсенұлы.
Мәжілісте жолдас Байтұрсынұлы төменгі жайды баяндады:
Бұл күнге дейін қазақ тілінде 2-буын мектептері үшін оқу құралдары жоқ. Барлары – бірінші буын, бастауыш мектептердің 1, 2, 3-бөлімдеріне ғана жарарлық кітаптар. Сондықтан 1-2-буын мектептер үшін қазақша оқу құрал-дарын жазуға һәм тәржімалауға тезінен кірісу керек.
Мәжіліс баяндаманы тыңдағаннан кейін қарар шығарды:
1. Жоғарыда айтылған азаматтардың оқу құралдарын орысшадан қазақшаға аударту жұмысын кірістіруге.
2. Осы жұмыс үшін Мағжан Жұмабайұлын, Мәннан Тұрғанбайұлын, Хошмұхаммет Кемеңгерұлын, Жұмағали Тілеуліұлын, Сейітбаттал Мұстафаұлын, тағы да осылардай ризалығын білдірген азаматтарды қызметке шақыруға... Одан әрі қазақ мектептері үшін оқулықтар әзірлеудің шаралары баяндалған.
Төртінші бетке басылған Мәннан Тұрғанбаевтың “Кеңсе тілі қазақша болсын” деген көлемді мақаласы жеке жұмқұриат-республика болып ту көтерген қазақ халқының келешегі үшін ана тілінің қандай маңызы бар екенін ғылыми түрде түсінікті етіп, жанға тиерліктей әсермен баяндап берген.
“Бостандық туының” 1921 жылғы 3 сәуірдегі екінші санындағы “Екіден – бір” деген мақаласын Мағжан былай аяқтайды:

“...Сондықтан біздің алдымызда екі ғана жол бар. Азаттық, не құлдық. Не совет бостандығы. Не Николай-Колчактың құлдық қамыты. Міне, қазаққа осыны ұғатын мезгіл жетті. Әрелікті мүмкін емес екендігін талай тәжірибелер көрсеткендей болды. Қазақ енді көруге тиіс. Алдымызда екі жиын қара тұр. Біреуі – ел болам деген қазақты шетінен бауыздау керек деп қылышын даярлап тұрған Дутов, Иванцов, Ринов сықылды қара жүздер. Екіншісі – құлдықта езілген сорлы елді: қатарға кір, ел бол деп, құшағын жайып тұрған Ленин, Сталин жолы”.
Омбыдан Қызылжарға келердің алдында, “Бостандық туы” газетінің үшінші санында (12 сәуір, 1922 жыл) Мағжанның қазақ оқығандарына хаты жарияланды. Онда: “Жас қазақ республикасының барлық шаруашылығын қолына алып... елге қамқор оқығандар билік төріне шығуы керек... Көксегені – бақ, күйттегені – дәреже, сән-салтанат, мақтану, өзінің өзгеден үстем екендігін көрсететін” – оқығандар емес. “Оқыған адамдарда ең бірінші қасиетті сипат сол: оларда дүниеге қараған белгілі көзқарас болады, нық бекіген мақсаты болады, айнымайтын бір идея меншіктейді”.

“...Қазақ төңкерісті өзі жасаған жоқ. Төңкеріске дейін де, төңкерістен кейінгі үш жылда да теңдікке қолы жетпеген... Отаршылдықтың жарасы әлі жазылмаған” жағдай еді. Мұндай жағдайда “Қазан төңкерісінің нәтижелерін қазақтың мойнына қамытша кигізе салуға болмайды” деп дұрыс тұжырым жасады.
Тиісінше, губерниялық партия және совет ұйымдарының “Бостандық туы” газеті редакциясын Ақмола губерниясының орталығы – Петропавлға көшіру мәселесі қозғалады.
Архивте Мағжан Жұмабаевтың “Бостандық туы” газетінің редакция алқасының мүшесі екендігі және арнайы тамақ үлесін алмайтындығы” туралы №727 анықтама-куәлік сақталған. Оның жазылған күні 1921 жылғы 21 наурыз.

Редакциядағы шығармашылық қызметкерлер міндеттерін өзара былай бөліскен көрінеді:
Радио арқылы материалдар қабылдап, қазақша дайындау: Б. Айбасов, М. Сейітов.
Жергілікті хабарлар: Кәкенов пен Фазылов.
Қазақстан Орталық Атқару комитеті мен Республика Халық Комиссарлары Кеңесінің қаулы-қарарлары мен нұсқаулары, яғни ресми ақпарат: Кемеңгеров, Айбасов, Серкебаев.
Партия жұмысы: Тоқжанов пен Телжанов.
Баспаханада әріп теруші, беттеуші және басушы болып мына адамдар істегені туралы мағлұматтар бар: Кенжетаев Орақбай, Смағұл Әубәкір, Серікбаев Хусайын, Жылгелдин Шәкірәт, Тюков Г.
1921 жылдың 21 сәуір күні Омбыдағы газет редакциясы сондағы Қазақ өкілдігіне мынадай хат жолдайды: “Алдағы уақытта газеттің Петропавл қаласына көшуіне байланысты Омбы уезіне жіберілген газет қызметкері Бекмұхамбет Серкебаевты кері шақыруды сұраймыз”. Бұл құжат “Бостандық туының” Омбыдан Петропавлға қашан ауысқанын дәлірек көрсетеді.
Екінші бір хатта Петропавл қаласында қазақ газетін шығаруға қатысты қиындықтар баяндалған:
“Петропавл қаласында Ақмола губревкомының ұйымдасуына байланысты онда газет шығару үшін қазақ шрифтілері мүлде жоқ, орыс әріптері де жетіспейді, баспа машиналары аз, қағаз жетімсіз. Сондықтан бұрынғы Ақмола облыстық басқармасының баспаханасын әріптерімен, қағазымен және әріп терушілерімен Ақмола губревкомының қарауына бергізуді сұраймыз”. Петропавлдағы баспахананы қалпына келтіру және оның қуатын арттыру жөнінде Қазақ автономиясы Орталық Атқару комитетінің төрағасы Сейітқали Меңдешев 1921 жылғы 27 сәуірде Омбыдағы Өкілетті төтенше комиссияға жеделхат жолдап, “Петропавлда электробаспа” ашу мәселесін жеделдетуді сұрайды. Мамырдың 5-і күнгі жеделхатта губерниялық мекемелерді ұйымдастыруға аса қажет адамдар “Тұрлыбаевты, Көкеновті, Арыслановты, Юсуповты, Итбаевты, Әбдірахмановты, Бұлғақбаевты, Олейниковты – жазу машинкасымен, Жұмабаевты баспа жабдықтарымен Омбыдан Петропавлға жіберу сұралған. Бұл адамдардың келуі кешігіп, уақыт өтіп бара жатқан соң Әйтиев тағы да 1921 жылғы 1 маусымда Омбыға жеделхат жолдап, келуге тиісті адамдардың тізімін көрсетеді. Бұл тізімде Юсупов пен Жұмабаев аталмайды.

Демек, Мағжан Жұмабаевтың Омбыдан Петропавлға 1921 жылғы 5 мамыр мен 1 маусым аралығында келгенін көреміз (Осы болымсыз ғана көрінетін дерек ұлы ақынның өмірбаянындағы түрлі “қоспалардың” негізсіз екенін көрсетеді-ау – авт.). Бұған тағы бір дәлел, 10 маусым күні губревком төрағасы Әбдірахман Әйтиев үшінші рет Омбыға жеделхат жолдап, Омбыда қызметте қалған қазақ маманы Сыртлановты да жіберуді сұрайды. Бұл аталғандардың ішінде Айдархан Тұрлыбаев пен Барлыбек Сыртланов кезінде Петербург университетін бітірген, жоғары білімді мамандар екенін айтқан жөн.

1921 жылғы мамырдың 13-і күні Ақмола губревкомының төрағасы Әйтиев Әбдірахман Омбыға жеделхат жолдап: “400 пұт газет қағазын, баспаханаға әріп теруге және газет беттеуге керекті түрлі гарт (металл қорытпасы) материалдарын, регленттер, бабашкалар мен марзандар, әртүрлі квадраттар – барлығы 7 пұт материал жіберуді” сұрайды.
1921 жылғы 7 маусым. Ә.Әйтиевтің тағы бір жеделхаты: “Омбы, Сибревком төрағасы Смирновқа! Жаңа ұйымдастырылған губернияның жалғыз газеті қағаз тапшылығынан жабылып қалғалы тұр. Астанамыз Орынбордан жабдықтау шаралары шілде айында ғана басталмақ. Сондықтан 200 пұт қағаз керек. Оны бермесеңіздер, жағдайымыз қиын” немесе бір аптадан кейін тағы мынадай жеделхат жолдайды: “Баспахана ұйымдасуына байланысты губревком қарауына он баспагер, әріп теруші мамандар жіберуіңізді табанды түрде сұраймын. 1921 жылғы 14 маусым”. Бұл құжаттар сол кезде жарты Қазақстанды түгел қамтыған Ақмола губерниясында, оның орталығы – Петропавл қаласында қазақ тілінде газет шығару ісіне Әбдірахман Әйтиевтің қалай күш салғанын көрсетеді. Яғни, ана тіліндегі мерзімді баспасөздің мемлекеттің іргесін нығайтуға, халықтың дербес билікті өз қолына алуына деген сенімін орнықтыруға үлкен көмегі болатынын жақсы білген басшының іс-әрекеттері осындай.

Мағжанның өмірге көзқарасының қалыптасу жолы – ХІХ ғасырдың аяғы, ХХ ғасырдың басындағы адал ниетті Алаш азаматтарының соқпағы. Қазақстанның қиыр солтүстігінде туып, отаршылдардың сойқанын көзімен көріп өскен ауыл баласы мұсылманша хат танып, одан кейін орысша білім алып, әлемдік ғылым мен өркениет жемістерінен сусындаған қазақ азаматының басқа жолы болған жоқ, Ресейдегі төңкерістерді көрді. Екі ғасыр тоғысында қазақ ұлтының жер бетінде сақталып қалуы үшін жан алып, жан беріскен Алаш қайраткерлерінің қатарынан табылып, “тірі болсақ бір төбеде жиналайық, өлсек бір шұңқырдан табылайық” деп серттескен топтың ту ұстаушысы, ұраншысы болды. Қазағының бостандығы мен теңдігін социализмнен күтіп, жаңа құрылысқа белсене кірісті. Қалам қайратын, ой қуаты мен бой қуатын аяған жоқ. Жоғарыдағы мысалдар соның айғағы.

Зарқын ТАЙШЫБАЙ,
М. Қозыбаев атындағы СҚУ-дің
профессоры, Қазақстанның
еңбек сіңірген қайраткері,
Сәуле МӘЛІКОВА,
Солтүстік Қазақстан облыстық
мемлекеттік архивінің
директоры, тарих
ғылымдарының кандидаты.

 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий