Әнес, Ғ. Тұңғыш кәсіби қазақ ақыны - Мағжан Жұмабаев / Ғ. Әнес // Ана тілі. - 2017. - 25 - 31 мамыр. - Б. 2

8 апреля 2020 - kamshat

1923 жылы Түркістан Республикасының Мемлекеттік Ғылыми кеңесі Мағжанның қолына жолдама-хат беріп, Мәскеуге – Әдебиет-көркемөнер институтына білімін жетілдіруге жібереді. Институт директоры Д.Я.Брюсовке арнайы қайырылып, өтініш білдірген Алаштың рухани дәрігері Халел Досмұхамедұлы оның талантын бір-ақ ауыз сөзбен бекемдейді: «Будущий наш Пушкин». Ал ұлы Мұхаң – Мұхтар Әуезов заманында: «Мағжанды сүйемін. Еуропалығын, жарқырағын, әшекейін сүйемін. Қазақ ақындарының қарақордалы ауылында туып, Еуропадағы мәдениетпен сұлулық сарайына оратылып барып жайлауы жарасқан Арқа қызын көріп, сезгендей боламын. Мағжан – культурасы зор ақын. …Бүгінгі күннің бар жазушысының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз – Мағжанның сөзі. Одан басқамыздың бәріміздікі күмәнді, өте сенімсіз деп білемін» деп ашыла ақтарылған болатын.

ЖҰМАБАЕВ Мағжан (Әбілмағжан) Бекенұлы (25.6.1893, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Сасықкөл жағасы – 19.3.1938, Алматы) – классик ақын, Алаш қозғалысының қайраткері.
1910-13 жылдары Өфе (Уфа) қаласындағы «Ғалия» медресесінде, 1913-16 жылдары Омбы мұғалімдер семинариясында оқиды. Аумалы-төкпелі 1917 жылы Ақмола облыстық Қазақ комитеті құрамына сайланды; Мәскеу қаласында өткен Бүкілресейлік мұсылман сиезіне қатысты; «Алаш» партиясының Ақмола облыстық комитетінің мүшесі болды. Жалпықазақ сиездерінің екеуіне де қатысып, желтоқсандағы шешуші сиезде оқу мәселесі бойынша құрылған комиссияға төраға болды. 1918-19 жылдары Петропавл уездік земство басқармасында қызмет етті.

Лауазымды қызметтермен қоштасқан осы кезеңдерден бастап Мағжан ақын бар өмірін қазақ баспасөзіне, өлең-жырға ғана арнады: «Бостандық туы», «Шолпан», «Сана», «Ақ жол» газет-журналдарына атсалысты, 1923-27 жылдары Жоғары әдебиет-көркемөнер институтында оқыды.

1924 жылдың соңынан бастап Мағжанды орынсыз сынау, қаралау, қудалау науқаны ­басталды. 1929 жылы Мәскеудегі атышулы Бутырка түрмесіне қамалып, 10 жыл жер аударылу жазасына кесілді. 1936 жылы қазақ оқығандарының талайына пайдасы тиген М.Горький мен Е.Пешкованың арқасында түрмеден босанып, елге келгенімен қудалау қуғынынан құтыла алмады: үйсіз-күйсіз, жұмыс-іссіз, санда бар, санатта жоқ тірлік кешті. 1938 жылы екінші мәрте түрмеге тоғытылып, ату жазасына кесілді (Алаш. Алашорда. Энциклопедия. Алматы: «Арыс» баспасы, 2009, 176-180-бб.).
Батыс Еуропа мен орыс әдебиетін жетік меңгерген, Шығыстың рухани қазынасын туабітті бойына дарытқан жаңашыл ақын түрікшілдікті ту қылып көтерді, Алаш атын асқақтатты. Өкінішке орай, ғасырларда біртуар дара дарын, ұлттың ұлы ақыны заманында бауырын жаза алмай, берер жемісін бере алмай, арманда кетті. Артында хатқа түскен отты жырлары қалды.
*Елге еңбегін сіңірген ер қымбат. Ердің елге бағасы – қаны бір болуда емес, жаны бір болуда, қуаныш-қайғысы ортақ болуда. Ердің бағасы елге еткен еңбегінің зор яки кішілігінде емес, ел деген жүрегінің таза болуында, тілегінің елмен ортақ болуында, ер өмірінің өрі мен көрі – ел өмірінің өр-көрімен бір болуында.

*Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза, берік һәм өз жанымызға (қазақ жанына) қабысатын, үйлесетін негізге құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады. Сондай негізде құра алмасақ – келешегіміз күңгірт.
*Әрбір ел келешегіне негізді балаларын тәрбиелейтін, даярлайтын мектебінде қаламақ. Бір елдің тағдыры – мектебінің құрылысына байланысқан нәрсе. Бұл – ескірмейтін игі сөз, өзгермейтін бір шындық.
*Осы күнгі түрік тілдерінің ішінде қазақ тілінен бай, орамды, терең тіл жоқ. Түрік тілімен сөйлеймін деген түрік балалары күндерде бір күн айналып қазақ тіліне келмекші.
*Тегінде, әдебиет – көктен түсетін пайғамбарлық емес. Әдебиет – елдің жанында жүре бастаған толқындардың жарыққа шыққан жаңғырығы.

*Күннен туған баламын,
Жарқыраймын, жанамын,
Күнге ғана бағынам.
Өзім – күнмін, өзім – от,
Сөзім, қысық көзім де – от,
Өзіме өзім табынам.
Жерде жалғыз Тәңірі – от,
Оттан басқа Тәңірі жоқ.
…Қараңғылық бұққанда,
Қызарып күн шыққанда,
Күн отынан туғанмын.
Жүрегімді, жанымды,
Иманымды, арымды
Жалынменен жуғанмын.
Жүрегім де, жаным да – от,
Иманым да, арым да – от. («От» өлеңінен)

*Ерте күнде отты Күннен Ғұн туған,
Отты Ғұннан от боп ойнап мен туғам.
Жүзімді де, қысық қара көзімді
Туа сала жалынменен мен жуғам.

Қайғыланба, соқыр сорлы, шекпе зар,
Мен – Күн ұлы, көзімде Күн нұры бар.
Мен келемін, мен келемін, мен келем –
Күннен туған, Ғұннан туған пайғамбар.(«Пайғамбар» өлеңінен)

*Ерлік, елдік, бірлік, қайрат, бақ, ардың –
Жауыз тағдыр жойды бәрін не бардың…
Алтын Күннен бағасыз бір белгі боп,
Нұрлы жұлдыз – бабам тілі, сен қалдың! («Қазақ тілі» өлеңінен)

*Қалың елім, қалың қара ағашым,
Қайраты мол, айбынды ер Алашым!
…Қазағымды, қалың елді сағындым,
Сарыарқамды – сайран жерді сағындым.
…Абақтыда, айды, күнді жаңылдым,
Сарғайдым ғой, сар даланы сағындым.
«Қарашығым! Құлыным!» деп зарлаған
Алыстағы сорлы анамды сағындым! («Сағындым» өлеңінен)

*Жалғыз жатып ойланам,
Күңіренемін, толғанам:
Балдан тәтті өмір не?
Қорқынышты өлім не?
Жалынды жүйрік жас жүрек
Неге ақырын сөнеді? –
Бұған жауап кім табар?
…Өмірмен тәтті қоштасып,
Өліммен қол ұстасып,
Үстіме топырақ үюлі,
Суық көрде көмулі,
Қара жерді құшақтап
Жатқанымда мен сорлы,
Мені есіне кім алар?!. («Күзді күні» өлеңінен)

*Түркістан – екі дүние есігі ғой,
Түркістан – ер Түріктің бесігі ғой.
Тамаша Түркістандай жерде туған,
Түріктің Тәңірі берген несібі ғой.

…Тұранға жер жүзінде жер жеткен бе?!
Түрікке адамзатта ел жеткен бе?!
Кең ақыл, отты қайрат, жүйрік қиял,
Тұранның ерлеріне ер жеткен бе?!

…Тұранда Түрік ойнаған ұсап отқа,
Түріктен басқа от боп жан туып па?!
Көп Түрік енші алысып тарқасқанда,
Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?!
*Жүрегім, мен зарлымын жаралыға,
Сұм өмір, абақты ғой саналыға…
Қызыл тіл, қолым емес, кісендеулі,
Сондықтан жаным күйіп жанады да.

Ғарифолла ӘНЕС 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий