Қирабаев, С. Ғабит Мүсірепов / С. Қирабаев // Ana tili. – 2019.- 5-11 желтоқсан.- Б. 9

8 апреля 2020 - kamshat

І. ҒАБИТ МҮСІРЕПОВ

Өмірімен де, еңбегімен де туған халқының ілтипатына бөленіп, оның сүйіктісіне айналатын ұлдары болады. Біз көрген тұста жазушылар ортасындағы осындай ұлы тұлғалар Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин болды. Олардың жазушылық өнерін қазақ халқы ғана емес, әлем мойындап, шығармалары көптеген шет тілдерінде басылды. Өздері де елінің еркесіндей шалқып өмір сүрді, партия да, мемлекет те бағалады. Олардан бұрынғы ұлылар заманының ауырлығынан халқымен дәл солардай қоян-қолтық бола алмады. Ахмет, Міржақып, Жүсіпбек, Мағжандар ел есін жия алмай жатқан заманда өмір сүріп, жасаған еңбегінің қызығын да көре алған жоқ. Сәкен, Бейімбет, Ілияс та өмірдің ауыртпалығынан өтіп, халқымен енді табыса бастағанда мерт болды. Халқымен, оқырмандарымен ұзақ бірлікте өмір сүріп, қызығын көрген де жоғарыда аталған төртеуі.

Біздің әдебиетке араласа бастаған кезімізде ақын-жазушылар көп болмайтын. Сондықтан да сол ағаларымыз әдебиет айналасындағы әр жасты көз алдарына ұстап, кімнен не шығатынын байқап жүретін сияқты еді. Жазғандарыңды оқып, ақыл-кеңестерін беретін. Атағы үлкен болғанмен, өздері қарапайым, кішіпейіл ағалар қолтығына біз өстіп жүріп қалай кіріп кеткенімізді байқамай да қалдық. ­Жазушылар одағы маңында, Көркем әдебиет баспасы мен «әдебиет» журналы­ ­редакциясында қызмет істей жүріп жақындап, олармен ресми емес, отбасымызбен де араласып кеттік. Мұқаңның ақыл-парасаты, Сәбеңнің көпшіл әңгімешілдігі, Ғабеңнің маңғаз тұлғасы, Ғабекеңнің ақсақалдық даналығы бірін-бірі толықтырып, олардың өз тобындағы орнын да айқындап тұратын. Сәбең мен Ғабеңді мен бірінші рет 1947 жылдың күзінде өткен жас жазушылардың кеңесінде көрдім. Сәбеңнің баяндама жасап тұрып, бір сөздің орысшасын сұрап, Қайнекейге (Жармағамбетов – Қазақстан комсомолы Орталық Комитетінің хатшысы) қарағаны, Қайнекейдің: «Анда Ғабең отыр ғой, баяғыда достобрен жазып берген» деп Ғабитке жұмсағаны, Сәбеңнің «Ей, Ғабит, айтып жіберші, баяғыда достобрен жазып беріп ең ғой» деп күлдіргені есімде қалыпты. Сәбит президиумда, Ғабит залдың алдыңғы қатарында отырған. Сәбең кеңеске бастан-аяқ қатысты, Ғабең баяндамадан кейінгі үзілісте кетіп қалды-ау деймін, қайтып көзге түспеді. Мұқаң мен Ғабиден сол кеңесте болмағанға ұқсайды, есімде қалмапты. Кейін оларды мен театрда кездестірдім. Ол кезде жұрт театршыл болатын. Жаңа спектакльдерге билет табылмайтын. Күнделікті қойылып жүргендерінің өзінде де халық көп болушы еді. 1947 жылдың күзінде қазан мейрамына арнап Опера және балет театрында А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Төлеген Тоқтаров» атты операсы қойылды да, студенттер болып таласып-тармасып, билет алып бара қалдық. Мұхтар, Сәбит, Ғабиден үшеуі де барыпты. Үшеуінің үзіліс кезінде қатар әңгімелесіп жүргенін көріп, олардың нар тұлғасына сүйсінгеніміз де есімде. Ол кезде үзілісте қазіргідей аңтарылып, топ-топ боп тұру емес, астыңғы қабаттың кең вестюблінде айналып, әңгімелесіп жүру салты болатын. Бұл менің театрдан алған алғашқы тәрбиемнің бірі еді. Екі-үш студент үш жазушының артынан ере жүріп, әңгімелерін, әзіл-қалжыңдарын тыңдауға тырысқанбыз. Ғабит ол кеште болмады. Сол бір жылдары Қарағанды тақырыбына роман жазып жүрген ол Алматыда­ аз ­болып, көп уақытын көмірлі қалада өткізді. Бұл жайлы әңгімені біз ұстазымыз Қайнекей Жармағамбетовтен еститінбіз. Қайнекей Ғабеңнің серілігін, маңғаздығын, шешендігін, тағы басқа қасиеттерін аңызға айналдырып айтатын. 1950 жылы Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасы ашылды­ да, мен сол баспаға қызметке бардым. Баспаға Жазушылар одағы өзі отырған шағын ағаш үйді босатып берді де, өзі ­сонымен қатарлас тұрған кеңдеу үйге кірді. Онда бірер жыл істеп, кейін «Әдебиет және искусство» журналына ­ауыстым. ­Редакция одақтың өз үйінің ішінде болатын. Менің жазушылармен, оның ішінде аға жазушылармен жақынырақ білісіп, танысқан тұсым да – осы кез. ­Баспада мен Ғабиденнің «Қарағанды» атты романының алғашқы нұсқасының редакторы болдым. Журналда­ Ғабиттің «Оянған өлке» романының ­басылуына қатыстым. Қайнекей бұл кезде Орталық Комсомол комитетіндегі қызметінен ­ауысып, ­Жазушылар одағы басқармасының жауапты хатшысы және «Әдебиет және ­искусство» журналына ­редактор боп келген. Әрі мен оқитын ҚазПИ-де сабақ береді. Мені журналға ауыстырып алған да сол еді. Редакция қызметкерлерінің құрамы шағын болатын. Жаппар Өмірбеков – редакцияның жауапты хатшысы, Айқын Нұрқатов – сын бөлімінің, Аманжол Шамкенов – поэзия бөлімінің, мен проза бөлімінің меңгерушілері болып саналамыз, бір бөлімде бір-бір қызметкерміз. Бір күні Қайнекей бәрімізді жинап алды да, жаңа жылдан (1952) бастап, Ғ.Мүсіреповтің Қарағанды туралы жазған жаңа романын­ басатынымызды айтты. Қолжазбаны танысу­ үшін бізге берді. Біздің қызметіміз шын мағынасында танысу ғана болды. Оған пікір айту қайда? Оқып, таңырқап, мақтап, баспаға жіберумен тоқтадық. Тек екі-ақ нәрсе ойландырды. Бірі – шығарманың аты «Қарағанды» екен. Ғабиден Мұстафиннің осы аттас романы басылып кеткен. Екеуін де бір атпен атау қалай болар екен?! Екіншісі – роман аяқталмаған, жазылып бітпеген. О жағы қалай болар екен? – дестік. Бұл мәселенің шешімін редакцияға келген Ғабеңнің өзі айтты. – Мен басында бұл романды «Қарағанды» деп атап едім, аздап созып алдым, солай бара берсін. Жұрт қай «Қарағандыны» қалар екен, көрейік, – деді. Және романды аяқтау үшін үздіксіз жұмыс істеп жатқанын, алды басылғанша, артын аяқтайтынын айтты.­ Сонымен, 1952 жылдың басынан біз журналға «Қарағанды» деген атпен Ғабит Мүсіреповтің жаңа романын баса бастадық. Тек аяғы біткенше соза тұру мақсатымен аз-аздап бірнеше нөмірге беруге ұйғардық. Роман 1-5 нөмірлерде шықты. Бірақ аяғы бітпей, үзіліп қалды. Оқырмандардан хат келе бастады. Қызық басталған романның «соңы қайда, қашан басылады» деп сұрайды. «Бітпеген дүниені басып, неге оқырмандарды әуре қыласыңдар?» деген ашулы бір хат түскені есімде. Бұл жағдайдан шығу үшін Қайнекей Ғабеңмен келісіп, күнделікті жазғанын алып келіп, машинкаға бастырып, дайындап отыру және Ғабеңнің жұмыс істеуін асықтыру жағын ойластырды. Айқын марқұм екеуміз күнде таңертең кезекпен Ғабиттің үйіне барып отырамыз. Біз отырған соң, ол жұмысын үзіп кете алмайды. Түсте біткен жағын алып, редакцияға қайтамыз. Ал, Ғабең түстен кейін жазбайды, қыдырады, демалады, ертеңгі жазуына керек материалдарды дайындайды. Бұл біздің Ғабеңмен, оның отбасымен жақын танысуымызға себеп болды. Кітапханасы бай, соны қарап, қалағанымызды оқып отыруға рұқсат етті. Оқи отырып, оның жұмыс істеу әдетін бақылаймыз. Ғабең өзінің жұмыс үстелінде емес, соның алдына көлденең қойған шағын үстелде отырып жұмыс істейді екен. Үстелінің үстінде өзінің керек жабдығынан басқа ештеңе болмайды. Ал жабдық дегенің кәдімгі беттік форматты екіге бөліп (одан сәл жіңішкелеу ме, қалай?) дайындап қойған ақ қағаз, қалам сауытына толтырып қойылған ұшы өткір ғып ұшталған қарындаштар, өшіргіш қана. Сол қағазға қарындаштың ұшын баспай жеңіл, анық етіп жазады. Бетте бірде-бір сызылған, үстінен өшірілген сөз болмайды, тап-таза. Егер белгілі бір сөзді өшіру қажет болса, ол жазуын тоқтатып, әлгі сөзді өшіргішпен өшіріп, дабын үріп ұшырып, орнын тазалап, әрі қарай жазады. Егер өшіретін сөз көбейіп кетсе немесе сөйлемді қайта құру қажет болса, беттің бәрін қайта көшіреді. Асықпайды, оның жазуының өнбейтіні де осыдан сияқты. Жалпы мұндай баптылық Ғабеңнің бүкіл өмір стилінде қалыптасқан әдет екенін кейін байқадық. Ғабең көбіне жұмысын түске қарай тоқтатады. Түс болып қалғанын хабарлап, Құсни апай есікті екі рет тықылдатып кетеді. – Ал, біздің бәйбіше шайға шақырып жатыр ғой, жинақтайық, – деп Ғабең асықпай қағазын жинас­тыра бастайды. – Жүр, шай ішейік. Біз үлкен кісінің шай ішуіне бөгет болмай, әрі ыңғайсызданып, қолымызға тиген қағазды алып кетіп қалуға тырысамыз. Кейде Ғабең зорлап үстелге отырғызады. Құснидың үстелі бай, тамағы дәмді болатын. Мен беляши, чак-чак сияқты тағамдарды алғаш сол үйде жедім. Ондай тамақтар әлі қазақ ортасына кең жайыла қоймаған, оның үстіне біздің елде, таза қазақ ішінде пісірілмейді.

Соғыстан кейінгі жүдеушілік кез ғой. Жалғыз ғана бүтін костюмім бар. Оны қонаққа, театрға, жиналыстарға ғана кием. Ғабең үйіне киіп барам. Өйткені шешініп отыруға тура келеді. Қалған уақытта, әсіресе, жұмысқа барарда шалбарының құйрық жағы жыртылған ескілеу костюм киемін. Кеңсе суық. Жұмыста пальтомен отырамыз. Бір күні осы күйіммен кешігіңкіреп, түске қарай жұмысқа барсам, Ғабит үйіне баратын Айқын ауырып қалыпты. Редактор мені: «Ғабең тосып отыр, жазғандарын алып кел» деп жұмсады. Барып, ала салып қайтам ғой деп ойладым. Есік қағып кірсем, үй ішінің бәрі Ғабең бастап шай үстінде отыр. Бір топ адам. – Кел, кел, Серік, шайға кел, – деп шақырды Ғабең мені көріп. Шешініп ішке кірдім. Қысылмай кірдім, киімім ескілеу болғанмен, алдыңғы беті бүтін, таза. Шет жағына отырып, бір-екі кесе шай іштім. Бір беляши жедім. – Бұл жігіт – біздің жас сыншымыз, Серік Қирабаев – журналда істейді. Менің романымды басып ­жатыр, – деді маңғаз сөйлеп Ғабең. Отырған кісілерге таныстырғаны. Отырғандары негізінен өз балалары екен. Соның алдында ғана Роза деген екінші қызының Шәбал Бейсекованың інісі Бабасқа тұрмысқа шыққанын естігем. Шәбал – біздің елдің қызы. Сыртынан білем. Ел адамдары айтып отырады. Қаратайдың Бейсегі деген белгілі адам болған, інісін де көргем. Төрде отырған сол екенін аңғардым. – Ал, болдың ба, болсаң тұр, кеттік, – деді Ғабең. Алдымен батыл кірген маған артыммен шығу қиын болды. Шалбарымның арты жыртық. Дегенмен, артыммен шегіншектеп барып, есікке таянғанда бұрылып, кабинетке тез кіріп кеттім. Ғабең үйіне барғаным еске түскен сайын әрдайым осы оқиға ­ойымда тұрады. Қолжазбасын осы жолмен жинаған романның аяғын сол жылдың 10-12 нөмірлерінде жарияладық. Маған романның аяғы асығыс біткендей көрінеді. Басы асығыссыз, эпикалық кеңдікпен, үлкен суреткерлікпен басталған романның соңғы жағында оқиға жүйесі тым тез өрбіп, уақыт жылдамдықпен дамитыны осыны аңғартқандай. Егер бас жағын жарияламай тұра тұрып, тұтас күйінде біткен соң жария­ланса, оқырман қысымына түспес пе еді деп ойлаймын.

50-жылдардың басындағы идеология маңындағы айғай-шу Ғабеңді де айналып өтпеді. Тікелей сынға сылтауы болмағанмен, әрқилы мақалаларда іліп-тартып сыналып жүрді. «Қазақ батыры» повесінде («Қазақ солдаты» әуелде осылай болған) соғыс шындығы нашар көрсетілген деп сынағаны есімде. Соғыс кезінде жазған «Желкелері неден қышиды» деген бір очеркінен «ұлтшылдық» іздеді. Соның салдарынан 1952 жылдың соңғы кезінде өткен жазушының елу жылдығы тым жүдеу болды. Құттықтаулар да аз, орден бермеді, баяндама­ да сынға құрылды. Бірақ қазақ драма ­театрында әдебиетсүйгіш халық көп жиналып, жазушыға құрмет көрсетті. ­Бастысы – ел сүйіспеншілігі ғой. Бұдан кейінгі жылдары Ғабеңмен қарым-қатынасымыз ресми ғана өтті десе де болады. Мен баспасөз маңында істедім. Үлкен жазушыға, оның шығармашылығына деген құрметім өзгерген жоқ. «Социалистік Қазақстан» бетінде ол кісі жайлы бір мақала жариялағаным да бар. 1957 жылы Бейімбет ақталған соң, Ғабең партиялығын қайтып алып, қайтадан атқа міне бастады. «Бейімбет жау болса, мен де жаумын»­ деген сөзі оны осы уақытқа шейін партиядан да, жауапты қызметтен де ысырып келіп еді. Сондай қиын заманда ұсталмай қалғанының өзіне шүкіршілік. Әуелі жаңадан ашылған «Ара» журналына ­редактор болды да, кейін Қазақстан ­Жазушылар одағы басқармасының төрағасы болып сайланды. Бұл тұста мен Қазақстан Компартиясының Орталық комитетінде істедім. Ол кезде мәдениет бөлімі болмайтын, мәдениет жұмысын үгіт және насихат бөлімі меңгерушісінің бір орынбасары басқаратын. Маған сондай міндет жүктелді. Сыпайы, келісіп жұмыс істеген сияқтымыз. Менің де төрешілдік мінезім жоқ, Ғабең алдында баяғы күйде балаша сезінеміз. Ол кісімен сөйлесу керек болса, шақырмай өзім барам, оны-мұны асығыс шаруа болса, одақтың жауапты хатшысы Сейтжан Омаровқа тапсырамын, елгезек Секең әрқашан керек қағазды уақытында дайындайды. Осы жолмен одақтың пленумдарын өткізуге, тағы басқа шараларды жүзеге асыруына қолғабысым да тигені есімде. Әкімшілік қызметпен қоса, сыншылық қызметімді де жалғастырып жүрдім. Сәкен ақталып, бір томдық шығар­малары шыққан кезде, «Лениншіл жас» газетінің бірнеше санында «Сәкеннің ­поэзиясы» атты үлкен мақала жариялағам. Осы және басқа жазғандарымды жинап, бір сын мақалалар жинағын бастыруды ойлап, «Жазушы» баспасына ұсынғам. Ол баспаның 1959 жылғы жоспарына да кірді. Ол кезде сын жинақтарын шығару дәстүрі біздің әдебиетімізде қалыптаса қоймаған еді. 1958 жылы өзі баспаға ­директор боп барған Мұхамеджан Қаратаев «Туған әдебиет туралы ойлар», «Рожденная ­октябрем» деген атпен екі тілде мақалалар кітабын жариялаған. Соны көріп, біздің де талпынғанымыз ғой. 1958 жылдың тамызында мен басқа қызметке ауысып, Орталық комитеттен кеттім. Кешікпей менің жинағымның жоспардан түсіп қалғанын естідім. Сұрастырсам, Ғабит баспаның жоспарын алып қарапты да, көп нәрселерді сызыпты. Ішінде менің де кітабым кеткен. Оған келген кезде: «Ондай мақалалар әркімде бар, менің де жазғандарымды жинаса, бір жинақ болады»­ депті. Мен өзім сыйлап жүрген үлкен жазушының бұл мінезіне әрі таңдандым, әрі ренжідім, бірақ алдына барғам жоқ. Алда жазушылар съезі тұр. Сонда бір есесін қайтарармын деп ойладым.

Міне, менің алдымда сол съезде сөйле­ген сөзім жатыр, қолжазбам да, съездің стенограммасы да бар. Бұл – менің өмірім­дегі ең бір қатты сөйлеген сөзім. Ғабитке: «Менің ЦК-м Серік болды» деп айтқыз­ған сөз. Бұл сөздің қандай жағдайда айтыл­ғанын, оның мазмұнын білмейтін кейінгі ұрпақтың кейбір өкілдері Ғабеңнің сөзін тікелей түсініп, ЦК-да істеген кезінде Серік Ғабиттің соңына түсіп, тыныштық бермеген екен деп ұғады. Солай деп жазғандар да бар. Шынында, бұл сөз бірге жұмыс істеп, мен қызметтен кеткен кезде менің кітабымды жоспардан сызып тастаған адамға өкпеден туған еді. Ашумен автор одақ жұмысының көптеген кемші­ліктерін ашып, бәрін одақ басшысының жауапкер­шілігіне артқан. Сөзді түгелдей келтіріп жатпай-ақ қояйын. Ол әрі ұзақ, әрі орысша жазылған. Оқырманға түсінікті болу үшін оның негізгі қағидаларына тоқталу қажет болар деп ойлаймын. Сол кездің салты бойынша сөзді партия­ның әдебиетке жасап отырған қамқор­лығы мен талаптары жайында айтудан бастаппын да, біздің әдебиеттің кемшін тұстарын көрсетуге көшіппін. Алдымен бүгінгі заман тақырыбына арналған шығар­малардың жетімсіздігі және көркемдік сапасының төмендігі, жазушылардың өмірмен байланы­сының әлсіздігі, сынның әдебиет дамуына көмектесе алмай отырғаны туралы сөз болыпты. Сынның ағайын­шылық мінезден арыла алмай отырғаны жайында айтқан Ғ.Мүсірепов сөзін қолдай отырып, баяндама­шының өзі де батыл, өткір сынға барған жоқ. Әркімнің аузымен сөйледі деп, бір түйреп өтіппін. Баяндамада талдаудың жетімсіздігінен әдебиет табыстары­ қатарындағы шығармалар тиісті бағасын алмады. Т.Ахтанов романы жөніндегі ­Н.Тихоновтың, М.Қаратаев кітабы жөніндегі Г.Ломидзенің пікірлерін қоштайтынын ескертумен баяндамашы тыңдаушыларын алдаңқыратып кетті. «Қазақ әдебиеті» газетінің бетінде сыналған Қ.Бекқожин мен Х.Ерғалиев шығармалары жөніндегі көзқа­расын айтып, соңғы екі ақынның кітап­тарын әпербақан сыннан қорғауға тырысыппын. Осыдан соң, Қазақстан әдебиет сынының дамуына жағдай жоқтығына, шығармашылық іссапарға сыншылар жіберілмейтініне (менің де іссапарға сұраған өтінішім қанағаттан­дырылма­ға­нына), сыншылар кітаптарының шықпай­тынына арнайы тоқтаппын. Бізде жалғыз әдебиет журналы бар. Көлемі сегіз-ақ баспа табақ. Қазақстандағы бүкіл әдебиет жаңалығы осы журнал арқылы өтеді. Ондағы ең көлемді орын прозаға беріледі. Өлең-поэмалар да басылады. Ал сын журналдың ең соңғы беттеріндегі артылған орынға ғана орналасады. Сондықтан редакция сын мақала көлемін шағындауды ескертеді де жүреді. 5-6 әңгіме жазған жас прозашы не он шақты өлең жазған жас ақын жинақ шығарады. Сыншы кітабы шықпайды. Әдеби сынға өмірін арнаған Б.Кенжебаев, Е.Ысмайлов, Т.Нұртазиндер осы күнге шейін бір жинақ шығарып көрген жоқ, – дей келіп, «Бұл мәселеге Мүсірепов жолдастың теріс қарайтыны мені таңғалдырады. Осы тақырыпқа әңгіме бола қалса, ол өзін көлденең тартады. Менде де бір кітаптық мақала бар дейді. Ол рас, жолдас Мүсірепов, сізде әдебиет тақырыбына арналған мақалалар көп. Оларды жинап бастырам десеңіз, ешкім қолыңызды қақпайды. Өйткені әдебиетті жасаушы жазушы тәжірибесі – біз үшін үлкен сабақ. Онда әдеби шеберліктің мәселелері де сөз болады. Мұндай еңбектер С.Сейфуллинде де, М.Әуезовте де, С.Мұқановта да бар. Оларды жинап бастыру керек. Мәскеу баспалары осылай етеді. Олар Фединнің, Гладковтың, Исаковскийдің, Чуковскийдің жинақтарын шығарды. Сіздің де бұған құқыңыз бар, Мүсірепов жолдас! Құқыңыз­ды пайдаланыңыз. Ал, пайдаланбайды екенсіз, басқаға бөгет жасамаңыз. Сіз одақ­қа басшы боп келгенде, біз қуанып едік. Сізден көп үміт күткеміз. Онымыз ақтал­мады. Бұл Абайдың «дәрежең өскенше, тілеуіңді өзің де, ел де тілейді, дәрежең өскен соң өз тілеуіңді өзің тілейсің» деген сөзін еске түсіреді» деппін. Жоспардан шығып қалған тағы да жеті жас ақынның тағдырлары жайлы­ айтыппын. Ғабеңе батқан осы сөздер болса керек. Ышқынып кетті. Мұндай сөздерді, әсіресе, менен күте қоймаған болу керек. Зал толы. Жазушылар съезіне халық көп жиналатын әдеті. Жазушылардың өздерінен басқа шақырумен келгендер көп. Олар мен сөйлеп болғанда, ду қол шапалақтады. Сөздің оларға жасаған әсерін басу керек болды да, Ғабең мен сөйлеп ­болысымен, бірден жауап беруге ұмтылды. Бәрін де жұмсартып, екеуміздің арамызда бұрыннан келе жатқан бір кикілжің бар сияқты көрсетуге тырысты. «Менің ЦК-м Қирабаев болды» деді. Жұртқа бұл сөз кері әсер етіп, қайта қол соғылды. Әрине, мен дәл осы тұстағы Ғабең психологиясын түсінемін. Өмірдің азапты, ауыр соқпағынан көп өткен кісілер ғой, өмірлері күреспен өтті. 20-жылдардан бастап қазақ оқырмандары­ның өзін екі жікке бөліп, ауыр тағдыр айтыстырып қойды. Үлкен жиындарда кімді-кім жеңеді деп қарайтын. Сонда жалған да болса, халық көзіне өздерін өктем көрсету үшін алдап кетуге де баратын. 20-жылдар тарихын көп қараған маған ол мінез мәлім еді. Ғабең осы жолы сол кәрі әдісін қолданды. Аудиторияны алдап кетті. Мұны мен кейін съезд соңында қайта сөз сұрап алып айттым. Бірақ ол кезде залда жазушылар ғана қалған. Сөз терген көп жұрт Ғабең сөзіне иланып кетті. Ал, Ғабең болса, мен сөйлегеннен кейін: «Ал, мен қойдым, бірімізден соң біріміз справка беріп жату жараспас» деген сөзбен тоқтады. Осыдан біраз күннен кейін Сафуан ­Шаймерденов үйіне қонаққа шақырды. Барсақ, Сәбең, Ғабең бәйбішелерімен келіпті. Басқа адам жоқ. Қой сойған екен, бірден ет әкелді. Сәбеңе бас тартты. Мәкең (Мариям – Сәбиттің жолдасы) алдына тіл қойды. О кісілермен қатар отырған Ғабең қалжыңға сүйеп: – Сен екеуің, бірің – бас ұстап, екіншің тіл жегенде, біз не жейміз, – деді де Мариямның алдындағы тілді өзіне тартып алды. Оның ұш жағынан үлкендеу қып кесіп алды да: – Мә, тілің өткір болсын! Осымен қояйық, татуласайық! – деді. Мен рақмет айтып, тілді алып жедім. Ғабең қылығын ел мақұл көріп, мәз болып қалды. – Е, бәсе, дұрыс, – деді Сәбең. – Өзім де осылай болар деп шақырып ем, Ғабеңнің қолын ал, – деді Сафуан. Мен қолын ұстадым. Осымен өкпе тарқағандай болды. Сын деген дәрі сияқты ғой. Ащы да болса пайдалы. Менің сол съезде айтқандарым ешкім мақұл деп бас шұлғымағанмен, үн-түнсіз жүзеге асты. Үлкен жазушылардың сыншылдық ой-пікірлерін жинап бастыру қолға алынды. Әуелі Мұқаңның «Әр жылдар ойлары», Сәбеңнің «Өсу жолдарымыз» атты кітаптары шықты. Аға сыншылар да кітаптарын бастыру қамына кірісті. Менің жоспардан шығып қалған кітабым 1960 жылдың жоспарына кірді. Ал, Ғабең өзі де мақалаларын жинастыра бастады. Ол сәл кейіндеу «Суреткер парызы» деген атпен жарық көрді. Осы жылдары Ғабеңмен менің жақынырақ табысуыма, отбасымызбен араласуымыз Ғабиден Мұстафин себепкер болды. Бұл кісімен мен Мәжит Сейфуллин арқылы танысып, туыс боп араласа бастағам. Екі шал (Ғабитті «Қара шал», Ғабиденді «Сары шал» деуші ек) карта ойнайды. Оған мені де шақыратын болды. Әлжаппар мен Жұбан – осы топтың белсенді мүшелері. Арагідік басқа адамдар қатысып ойнайды. Ол кезде Жазушылар одағының Министрлер кеңесінің екінші демалыс үйінде екі үйі болатын. Әрқайсысында сегіз бөлме (екі жағынан кіретін 4 бөлмелі пәтер) бар. Барлығы 16 бөлме. Жазушылар үлкендеуі екі бөлмеден, жастары бір бөлме алып, жазды осында өткізеді. Мұқаңа, Сәбеңе, Ғабеңе, Ғабекеңе үкімет жеке-жеке саяжай бөлетін. Демалыс үйінің корпусынан да орын тиетін. Онда көбінесе артистер тұратын. Жаз бойы ел у-шу, «ойдағы ел, қырдағы елмен араласып», ерлер карта, әйелдері лото ойнайтын. Екі жағы қосылып, «тоғызыншы балл» ­деген карта ойынына жиналатын. Кейінгі бір жылдары екі шал инфаркт алып, тауға шықпай қалды. Бір жазын қалада өткізді. Демалыс күндері тау жаққа емес, ой жаққа, Талдықорғанға баратын жолдың үстінде Дмитриевкадан өте, Николаевкаға жетпей, өзеннің бір кең, ағашты алқабы болатын, сонда күнұзақ демалып, карта ойнап қайтады (ол жер кейін су қоймасына айналып кетті). Екі машинамен төрт отбасы ­барамыз. Әйелдер тамақ дайындайды, әңгіме­леседі. Біз карта ойнаймыз. Екі шал да содан кейін тауға шығуды тоқтатты. Қарғалыдағы тұтынушылар қоғамының демалыс үйінен саяжай жалдайтын болды. Бірер жылдан кейін Ғабиден сол жерден үй салдырды. Сөйтіп, сонда орнығып қалды. 1960 жылы күзде мен машина алдым. Жеке­мен­шікке машина алу салтқа кіре бастаған кез. Үлкен жазушылардың көбінің машинасы бар.

Кейінгі ұрпақ өкілдерінен әуелі ­Сафуан, содан соң Әбдіжәміл, үшінші боп мен алдым. Бір күні Жазушылар одағында Ғабең кездесіп қалды. – Әй, сен машина алды дей ме? – деді даусын соза түсіп ыңыранып. – Иә, алдым. – Оны өзің жүргізесің бе, шоферің бар ма? – Жүргізуді үйреніп жүрмін, әзірше шоферім жоқ. – Онда менің Анатолий деген шоферім бар, жақсы жігіт. Бір жылдай соны ұстай тұр. Мен машинамды сатып жібердім. Келесі жылы машина алған соң қайтып алам. Қазір басқа жұмысқа орналасып кетсе, айырылып қалам ғой. – Жарайды. – Онда, мен саған жіберейін. Анатолий келіп, машинаға ие болды. Бір күні Құсни марқұм телефон соғады. – Серік, Анатолийді бізге жіберсең қайтеді? – Жіберейін. Машинаға үйреніп қалған адам қолы қысқарып қалған болар деп ойладым. Құсни базарға, оны-мұны ­шаруаларына барып, қайтарады. Кейде Анатолий келіп: «Ғабең шақырып еді» дейді. Сонымен, машинаны кезек міне бастадық. Бұл жағдай екі үйдің өзара жақындасуына себеп болды. Ғабеңнің бәйбішесі Құсни маған өте тәрбиелі адам сияқты көрінетін. Әуелі барып жүрген кездерімде оның жұмыс істеп отырған күйеуінің үстіне баса көктеп кірмей, түскі тамақ кезінде есікті екі рет тықылдатып кеткенін көріп едім. Осының өзінде тәрбиеліктің белгісі болатын. Кейін араласа жүріп байқағаным – Ғабең сол үйдің ерке баласы екен. Еш уақытта әйелге есеп берген кісі емес. Келем деген уақытында келеді, кетем деген уақытында кетеді. Құснидың осы мінезділігін, төзімділігін Ғабеңнің пайдаланып кететін тұстары да аз болмаған. Ол кісінің серілігі, жүріс-тұрысы көпке аңызға айналғаны белгілі. Құсни Ғабеңнің еш ісіне араласпайды, отбасына, ас-суына ғана ие. Құснидың төзімділігін пайдаланудың бір көрінісі ретінде Рая Мұхамедияровамен алғашқы танысып жүрген кездерінде оны үйіне қонаққа шақыруын айтуға болады. Кіші қызының туған күнін атап өтуге жиналған кешке Рая келеді. – Мынау талантты жас – кино актриса, сенімен құрдас, танысып подруга болып жүріңдер, – дейді Ғабең қызына. Екеуінің таныстығы елге мәлім болып қалған кез. Кешке шақырылған Сәбит пен Мариям, Ғабиден мен Зейне тұрып кетіп қалады. Құсни да түсінеді, той дастарқаны бұзылады. Бұл – елге белгілі жағдай. Менің машинамның екеуінің қыдыруына да біраз қызмет еткенін білем. Анатолий – аңқылдақ жігіт, көрген-білгенін айтып келеді. Бірде оны өзім де көргем. Таңертең «Ғабең шақырып еді» деп кеткен Анатолий түске шейін келмеді. Күн демалыс еді. Бір жерге қонаққа шақырылғанбыз. Жандосов­-Морис Торез көшелерінің бұрышынан автобустан түссем, сол көше бойындағы бір будканың алдында менің машинам тұр. Таянып едім, артында қатар отырған Ғабең мен Раяны көрдім. Анатолий жоқ. Будкаға кірсем, темекі сатып алып тұр екен, маған көзін қысты да, шығып кетті. Олар кеткен соң, мен де шығып жөніме тарттым. Осындай жағдайлар Ғабең мен Құснидың арақатынасын біраз шиеленістіргені даусыз. Көп кешікпей Құсни ауруға шалдықты. Әуелде емделіп еді, кейін өзін керексіз сезінгендей, емделуін тоқтатып қойды. Ауруханада жатқан кезінде біз Әлия екеуміз бір-екі рет барып қайттық. Ғабең Мәскеуде жатып алды. Ол кезде республикадағы Жазушылар одағы басшылары Одақтық Жазушылар ұйымының да хатшысы саналатын. Жылына бір-екі ай сонда кезекшілік қызмет атқаратын. Сондай хатшылар үшін Жазушылар одағының бөліп қойған үйі бар. Ғабең сонда кезекшілік қызметін атқарды. Қасында Рая бары белгілі болды. Құсни нашарлаған тұста жақын жолдастары, туыстары телефон соғып, хабар да берді. Бірақ о кісі Құсни қайтыс болған күні ғана келді. Құсниды жерлеп қайтып, Сәкен Сейфуллиннің 70 жылдығына арналған мәжілісті ашқаны (1964 жылы мамырда) да есімде. Сол Құснидың артын жөнелтуге де Ғабең араласқан жоқ. Жетісін, қырқын, жылын қыздары әйелдерді жинап қана өткізді. Оны білгенім: бір күні Жұбан үйіне шақырды. Күн демалыс еді. Ғабитті шақырғанын айтты. Шәкен Айманов келеді деді, төртеуміз отырып карта ойнадық, тамақ іштік, кешке қарай тарастық. Ғабең, Шәкен үшеуміз Калинин көшесінің (Жұбан онда Төлебаев көшесінің бойында, Калинин­ көшесінен сәл төмен, қазіргі Мәлік Ғабдуллинге мемориалдық тақта қойылған үйде тұратын) бойымен ТЮЗ-ға қарай (Алматы қонақүйінің қазіргі орны бос тұрған Абылай даңғылы жақ бұрышында жастар театры болатын) аяңдадық. ТЮЗ-дың алдына келгенде, Ғабең бізге: – Сендер маған бір такси ұстап беріңдер. Балалар шешесінің қырқын беріп жатыр еді. Оларға мешайт етпей-ақ қояйын, – деді. Такси ұстап КИЗ-ға кетті (қазіргі Жандосов пен Манас көшелерінің бұрышында ертеректе Қазақтың жер шаруашылығы институты болған. Сол әдетпен ел әлі сол ауданды Киз – Казахский институт земледелия дейді). Онда Рая тұратын. Мен осы әңгімені айтқанда Мариям мен Зейне Құснидың қырқын Ғабитсіз қыздары әйелдерді жинап өткізгенін растады. Жетісін де, жылын да солай өткізгенін айтқан. Құснидың басына да көп уақыт ескерткіш қойылған жоқ. Жалпы­ Ғабең мұндай іске мән бермей ме, салақ па, білмеймін, өзінің көзі тірісінде өлген үш қызының да ешқайсысына ескерткіш қоймады. Бірде карта ойнап отырып: – Ел моланың басына үлкен ескерткіш қойғанды салтқа айналдырып алыпты. Бұл – дұрыс емес. Топырақтан жаратылған адамды жер қойнына берген соң шаруа бітуі керек. Бұрынғы қазақтардың қабірін жел айдап, құм, топырақ басып қалатын, жер қойнауына алатын, – дегенін естігенім бар. Мен оны өз жасағанын ақтап отырғаны ғой деп ойлағам. Кейін ғана ой тоқтаттым. Ғабеңнің өз басы да ұзақ жылдар иесіз жатты.­ Құсни өлгеннен кейін көп ұзамай-ақ Ғабең Раяны кіргізіп алды. Сол жылдары о кісі Жоғарғы кеңестің төрағасы болатын. «Алатау» шипажайының (Қалқамандағы «Алатау» емес, Министрлер­ кеңесінің екінші демалыс үйінің арғы қасындағы қазіргі балалар шипажайы) арғы жағында 15 нөмірлі саяжай сол қызметті атқарушыға бөлінген. Бұрын Сақтаған ­Бәйішев тұрғанын көргенім бар. Сол саяжайға шыққанда, жазда үйленді. Үйленер алдында Сәбит пен Ғабиденді шақырып ақылдасыпты деп естідік. Сәбең тым асығыс үйленуіне риза еместігін айтып кетіп қалыпты. Ал, Ғабиден – құрдасы, әзіл-қалжыңы жарасқан, батыл айтатын адам. «Әй, сен пайғамбар жасына келдің. Елдің жас әйеліне зорлықты көп жасап едің, алдыма­ келеді деп ойламайсың ба? «Кіші қатын кісі қатыны» дегенді ұмыттың ба?» депті. Бірақ оларды тыңдаған Ғабит жоқ, үйленді де тынды. Раяның сол үйде жүргенін біз кезекті бір карта ойнауға барғанда көрдік. Сол жылы сол саяжайда Ғабең өзбек жазушылары мен өнер қызметкерлерінің үлкен бір делегациясын қабылдады. Қазақ жазушыларынан да көп адам шақырған екен. Ішкі бөлмеге сыймай, есікті ашып қойып, біразымыз балконда отырғанымыз есімде. Сонда қонақты Рая күтті.

ІІ. ҒАБИТ МҮСІРЕПОВ

Сол жылы Интернациональная (қазіргі Сырбай Мәуленов көшесі) көше­сіндегі, 129-нөмірлі жазушылар үйі бітіп, бәріміз содан үй алып кіргеміз. Мен де төрт бөлмелі үй алғам. Жаңа үйдің құрметіне көршілер жиналып, кезектесіп қонақ шақырысқан. Ішіне одақтың басшысы, үй бөлуші Ғабитті ­Раясымен қосқан. Рая екіқабат екен. Асық жіліктің асығын тазалап, ырым етіп Ғабиттің қалтасына салғандар да болған. 1965 жылы қазақ жазушы­ларының үлкен бір тобы Батыс Қазақ­стан өлкесінің үш облысын (Ақтөбе, Орал, Гурьев) аралауға шықтық. Делегация басшысы­ – Ғабит. Екі топқа бөлінген жерде бірін Жұбан басқарып жүрді. Сонда Шалқарда бір қарт шопанмен әңгіме үстінде Ғабиттің пайғамбар жасына келгенін, жас тоқалы, кішкене қызы барын ­айтып мақтанғаны да есімде. Раяның келуімен Ғабиттің компаниясы кеңейді, театр, кино, өнер адамдары ішінен карташылар да, қошеметшілер де молайды.­ Жалпы Ғабең топ құрып, шулап отырғанды жек көрмейтін. Қошеметшіл әйелдермен де «тоғызыншы балл», лото, карта­ ­ойнап отыра беретін. Уақытын да ­аямайтын. Менің сондай тұстарда ұлы жазушының босқа кеткен есіл уақытына ішім ашитын. Осындай­ шулы компания кейін Ғазизаның тұсында да Ғабеңнің көп уақытын жеді. Қыста «Алматы» ­шипажайында демалып жатқан Ғабеңнің артынан карта ойнаған әйелдерді де көргенім бар. Бір қызығы – Ғабең соларды қабақ шытпай қарсы алады. Көкала түтіннің ортасында ­(о кісі темекіні көп тартатын және отырған орнында түтіндете беретін) сау адамның басы айналатын жағдайда ойнап отыратын. Ғабең мен Раяның тату өмірлері ұзаққа созылған жоқ. Бір-екі мысал келтірейін: Раямен қосылған кездің алғашқы айларында біз карта ойнауға шақырылдық. Барсам, Ғабиден, Жұбан келіпті. Төртеуміз ойынға кірісіп кеттік.

Түс мезгілі болғанда, Рая келіп үстелге шақырды. Тұрып, қол жуып қайтып келсем, Ғабиден үстелдің төменгі арақ-шараптар қойылған басында ас-дәмге қарап тұр екен. Үстел мол әзірленген. Бәрі бар десе де болады. Жұбан: – Мына шал бір кінәрат іздеп тұр, – деп күлді. Айтқандай, тұрды да, есіктен кіре берген Раяға қарап: – Лимонад бар ма? – деді. Рая сасып қалды. – Ағай, ол бала ішетін нәрсе ғой деп алмап едік, – деді. – Бұл иттің үйінде аяғы лимонад та болмайды, – деді Ғабиден құрдасын мұқатып. Осындай мол үстел дайындап күткен Рая бірер жылдан кейін-ақ осы елгезек,­ қонақжай мінезінен айни бастады.­ 1964 жылы Сәкен, Бейімбет, Ілияс – үшеуінің туғанына 70 жыл толған. Сол жылы Сәкен тойы атап өтілді. Тойларды қабаттастырмау үшін және жақсылап дайындау мақсатында Бейімбет пен Ілияс тойлары келесі, 1965 жылға қалдырылған. Олар сол жылы өтті. Ілияс тойы туралы хабар келген. Шақыру алсам да, бір шаруаларым ­болып, бара алмайтынымды айтқам. Бір кезде телефон шылдырады. Ғабиден екен. – Әй, не қып жатырсың? – деді ол бірден. – Не қылайын, үйдемін. – Мен мына иттің үйіне келіп едім (Ғабитті айтады). Ертең Ілияс тойына ерте жүреміз. Осында келіп қон деп шақырып еді (Ғабиден тауда саяжайда, Ғабит қалада тұратын). Үйінде ешкім жоқ, ішім ­пысып өлем ғой. Келсеңдерші, бірдеңе айналдырайық. Жұбан қайда? Мен Жұбанға телефон соқтым да, екеуміз келе қалдық. Ғабит те үйде жалғыз екен. Төртеуміз ойынға кірістік. Кешкі сағат 5-тің шамасы ­болатын. Түнгі 12-ге дейін ойнадық. Ас-су дайындап жатқан ешкім байқалмайды. Рая есікті ашып қалып, бізді көрді де, амандаспастан жаба салды. Содан қайтып көрінген жоқ, ойын біткен соң біз үйлерімізге кеттік. – Әй, сендер үйлеріңе барып, шай ішесіңдер-ау, мен мына иттің үйінде аш жататын болдым ғой, – деп Ғабиден қалды. Ғабитте үн жоқ. – Сол қалпымызда аш жаттық та, таңертең оразамызды ашпастан жолға шықтық, – деді кейін Ғабиден. Рая сол қалпында көрінбей қалған. Күйеу сыйлаған, оның қонақтарын құрмет тұтқан әйел сүйте ме? Араларындағы келісе алмаушылық бірде жұмсарып, бірде шиеленісіп жүріп, ақыры айырылысып тынды. Ғабең басшыларға барып, Раяға бөлек үй әперіп, шығарып салды. Жас адаммен отаса алмаған Ғабең енді өзін күтетін, егде адам іздеді. Сонда тапқаны – Ғазиза. Ғазизаны мен көптен білем. Кезінде Мұқаңа машинистка болған. Мұқаң оған екі бөлмелі жақсы үй әперген (қазіргі Қарасай, Сейфуллин көшелерінің қиылысында). Ғазиза апай ол үйіне Мұқаңды Валентина Николаева­мен қонаққа шақырып, рақмет айтқан, менің соған да қатысқаным бар. Біздің мұндайлық дәрежедегі жақындығымызға менің жерлес, бірге өскен жолдасым Жиенбек Рсалдин себепкер болып еді. Жиенбектің әйелі Ғафура – Ғазизаның сіңлісі. Араласпыз. Бәріміз Ғазизаны апай деп құрметтейміз. Еті пысық, бірақ жесірліктің зардабын көп тартқан адам. Күйеуі әскерден қайтпаған. Сіңлісінің бір баласын асырап алған, ол да ержетіп, үй болып кетті. Қолында шешесі бар еді, ол қайтыс болған. Жалғыз. Осындай күйде Ғарифолла Құрманғалиевтердің таныстыруымен Ғабитке жолықты. Тез келісті. Бұл келісімде де есеп бар еді. Ол кейін мәлім болды. Ғабит: «Ғазиза шебер машинистка, араб, қазақ шрифтерінің бәрін жақсы оқиды, таза басады, менің оны-мұны қағаздарымды ретке келтіреді» деп ойлады. Оны өзі кейін айтқан. Солай ойлап едім, ол ойым іске аспады деген. Ал, Ғазиза болса, өмір бойы жалғыз, жетімсіздікте өскен әйел қартайған шағында Ғабиттің арқасында дұрыс өмір сүруді ойлады. Бұл ойын іске асырды да. Алғашқы кезде Ғабиттің қағаздарын басуға көмектескенмен, еті үйрене келе: «Мен саған машинка басу үшін келгем жоқ» деп, машинкасын тастады. Еріккен, қолы бос әйел жиын-той, карта ойнау сияқты топтың ұйытқысына айналды. Өзі де мұндайды жек көрмегенмен, шектен тыс режим бұзу ұлғайған Ғабиттің басын айналдырып жіберді. Қонақ күту, қабылдау жағына да Ғазиза жанын ауыртқан жоқ. Ғабитке барған адамдар құр ауыз шығатын болды. Бұрын қарапайым көрінетін Ғазиза «Ғабиттің әйелі» деген аттың буына пісіп шыға келді. Біздің үйде қонақта отырып, Мариямға: «Сен Сәбиттің қатыны болсаң, мен Ғабиттің қатынымын» дегенін естіген жұрт жағасын ұстаған. Мәкең төзімді, мінезді кісі ғой, үндемеді. Біз бұрын жақсы көріп жүрген апамыздың өрескел сөзіне, мінезіне абыржып қалдық. Ғазизаның қаты­гездігінен қажыған тұста Ғабеңнің қыздарын сылтау етіп, Раяға кетіп қалып жүргенін, кейде сонда қонып та қалатынын жақын адамдары қазір еске алып жүр. Ал, өлер алдында Ғазизаның зорлап жинақ банкісіне апарып, бар жиған-тергенін өз атына­ жаздырып алғаны көпке мәлім, ол жайлы­ көзі көргендер баспасөз бетінде талай жазды. Ғабитпен бажа болған соң Жиенбектің де жалы күжірейіп шыға келді. Әкесі 1937 жылы ұсталып, шешесі тастап, күйеуге тиіп кеткен жетім жігіт еді. Мектепке бірге барған едік. Мені паналап Алматыға келген соң қолымнан келген көмегімді аяған жоқ едім. Консерваторияға оқуға түсуіне көмектестім, үйімде тұрды. Ғафураға да қолымнан үйлендірдім. Сол Жиенбегім Ғабит екеуміздің арамызға сөз айтып, шалды маған тағы қарсы қойды. Бір күні барсам, Жиенбек үйінің төріне Ғабиттің үлкен портретін іліп қойыпты. Күлдім. – Баяғыда үйде Сталиннің суреті ғана ілінуші еді. Басқа көсемдерді кеңсеге ілетін. Сенің көсемің Ғабит болған ба? Осы сөзім алдымнан шықты. – Сен, немене, менің суретімді Жиенбектен қызғанасың ба? – деді бір көргенде ­сызданып Ғабең.

Содан көп уақыт ресми амандықтан аспай жүрді. Оның сол көңіл күйі мен академияның сайлауына түскен күндерде де алдымнан шықты. Жиенбек те хабарласуын қойды. Ол осындай отбасылық өмірдің тартысында жүріп өмірден өтті. Қайтар алдында Раядан туған кіші қызын ұзатты. Құдасы – өзінің жерлесі, Ауыл шаруашылығы Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, белгілі гидрогеолог­ Серік Мұхамеджанов еді, оны өзі ризалық­пен қабылдап, тойын «Жетісу» (Панфиловшылар паркіндегі) мейрамханасында өткізді. Той үстінде көңілді отырды, ұзақ, аяғына шейін отырыпты (біз ­ертерек кетіп қалғанбыз), үйіне барған жерде приступ болып ауруханаға түскен. Содан тұра алмады. Жалпы шалдардың мінездері қызық еді. Мүмкін, заманы солай қалыптастырды ма екен? Бірдеңе естісе, қолма-қол өкпелеп шыға келетін. Оларды өкпелету үшін жамандау да қажет емес, екінші біреулерді мақтаудың өзі жеткілікті. Қаншама мақтау естіп жүрсе де, басқа біреудің атына айтылған жылы сөз оған жетіспей тұрғандай көрінетін, маған неге арналмады екен деп отыратын. Кейде қалжың сөздің өзін ауыр алатыны да болады. Ғабит мінезі басқа шалдардың бәрінен де ауыр еді. Карта ойнап отырып, быт-шыт боп ашуланып, картаны тастап, отырған үйдің асына қарамай кетіп қала салу ол кісінің әдетінде жиі болатын. Қонақ үстінде ашуланып, тұстас құрдастарына бутылка лақтырған да шағы болған. Бірге жүрген, әзіл-қалжыңы жарасқан достарының үстінен арыздар түсіп жатқан кезде оған ара түсу орнына «шоқ, шоқ» мінез көрсеткені де жасырын емес. Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар комитетінде қазақ жазушылары­ның­ шығармалары талқыланғанда, оларға қолдау жасамағаны да мәлім. Мен мұның бәріне басқаша көзбен, түсіністікпен қараймын. Ғабит – үлкен шебер жазушы. Оның өнері, алдымен, тілінде. Ал, тіл деген аударылмайды. Ғабит шығармаларының орыс тіліне өз дәрежесінде аударылмай жүргенінің өзі жазушы тілінің өрнектерін жеткізе алмаудан. Сондықтан Ғабит кітаптары орыстардың назарына аз ілікті. Қазақ жазушыларынан орыстар алдымен М.Әуезовті таныды. Одан кейін «Шығанақ», «Миллионердің» кезінде Ғабиден көзге түсті. «Ботакоз»,­ «Сырдариямен» Сәбит көрінді. Өзін осылардан кем санамайтын, тіпті қайсыбіреулерінен тәуірмін деп есептейтін Ғабит олардың табыстарына, сол себептен, қуана қоймады, оны ішкі қызғаныш, пендешілік сезім жеңді.

Осы жағдайлар оның жүйкесіне әсер етті. Өзі Жазушылар одағының басшысы болып, одақтық ұйымның хатшысы болған тұстарда орыстар оның өзін танығанмен, шығармаларын мойындап үлгермеді, «Ұлпаны» Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып, кейін түсіп қалды. Онымен бірге ұсынылған Жұбан Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты ­болып кетті. Осындай жағдайда Ғабеңді пендешілік мінездердің жеңіп кеткені жасырын емес. Өскен, қызмет істеген замандары да соған тәрбиелеген ­болар, Ғабең қайшылықты, күрделі кісі еді. Ол кісі уәде берді деп малдану қиын болатын. Белгілі бір жағдайларға қарай өзгеріп, айнып кете салатын. Креслоны жек көрмейтін, креслосы бар адамға жалтақтау әдетінде бар еді. Жайшылықта басшылықты ұнатпай, оның кейбір істеріне сын көзімен қарап, оппозициядағы адамша көрінетін ол бетпе-бет келгенде басшылар алдында сол пікірлерін айтпайтын. Отызыншы жылдардан бастап басшы қызметтерге араласқан ол басшы алдында пікірін ашық айту неге апарып соғатынын жақсы білген. Сол әдетінен кейін де өзгерген жоқ. Мұны мен Орталық комитетте істеп жүрген кезде байқағанмын, кейін де Жазушылар одағының президиумында, секретариатында бірге мүше боп жүрген кездерде де аңдадым. Екі рет 60 және 70 жыл­дығымен құттықтап, Д.А.Қонаев­тың алдына бірге барға­нымыз (секретариат мүшелері) бар. Сол кісінің алдында да шешіліп сөйлегенін көргенім жоқ. Қайта Ғабиден ойындағысын ашық айтатын, жалтақ емес еді. Әнуар Әлімжанов пен Олжас Сүлейменов одақ басшылығына сайланарда да Ғабиттің: «Қазақ тілін білмейді, қазақша кітап оқымайды, бұл – ұлт әдебиетіне зорлық қой» деп талай жерде айтқанын естідім. Бірақ оларды сайлайтын пленумдарда сөйлемеді. ­Олжас Жазушылар одағына бірінші хатшы­ болайын деп жатыр деп естіген бір «досы» Ғабитке барыпты. Ғабең ол кезде ауруханада жатқан. Осы хабарды айтып, Қонаевқа барып, тоқтатуды сұраған. Ғабең Ғабиденге телефон соғады: «Мен ауруханада жатырмын. Сен Қонаевқа бар, екеуміздің атымыздан айт, мынау сұмдық қой, әдебиет қазақ әдебиеті болудан қалады ғой» депті. Келген жігіт Ғабиденге барып, оны алып келеді. Қонаевқа бірден кіре алмайды, идеология жөніндегі хатшыда болады. Ол мәселенің шешіліп кеткенін, енді ол кісіге кірудің қажетсіздігін ескертеді. Салы суға кетіп Ғабиден мен Олжастың «досы» қайтады. Сөйткен Ғабеңнің Жазушылар одағының кезекті бір пленумында: «Олжастың одаққа келгені жақсы болды, оны жіберген Қонаевқа рақмет!» деп сөйлегенін бәріміз де естігенбіз. Тағы бір мысал: Ғылым академиясында сайлау өтетін болып, академиктік орынға Әбділда Тәжібаев пен Зәки Ахметов таласты. Жоғарыда айтқан Олжастың «досы» әр нәрсеге араласқыш. Сол Ғабитті, Әбділданы қосып қонаққа шақырады. Әбділданы қолдауын өтінеді. Ғабит тебіреніп сөз сөйлейді, Әбділданың әдебиетке қосқан үлесін, әлдеқашан академик болуы керектігін айтады.

Жиналған жұрт риза болысып,­ Ғабит қолдаған соң сайланып қалғандай көріп, Әбділданы құттықтай бастайды.­ Сайлау үстінде Орталық комитет те, академияның басшылары да Зәкиді қолдайды. Димекеңнің сәлемін жеткізеді. Осы кезде Ғабит сөйлеп: «Ал, жігіттер, тұрып дауыс берейік, Димекең айтса, не тұрыс бар? Зәкиді қолдайық» деп орнынан тұрады. Серікбай Бейсенбаевқа бұрылып: «Сен, Серікбай, бұра тартпа, Зәкиге дауыс бер» деп оны үгіттейді. Сөйтіп, сол жылы Зәки Ахметов академик боп сайланды. Әбділда сол сөзінен кейін Ғабитпен тіпті суысып кетті. Ғабиттің әдебиет, әдеби шығарма жөніндегі екіұшты пікірлері де аз емес. «Абай» романының алғашқы кітабы шыққанда «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясында отырып: «Мылжың кітап, маған берсе, тең жартысын қысқартар едім» дегенін, кейін сол романды мақтап мақала жазғанын Мұқан Иманжанов таңғалып айтатын еді. Мұқан – өтірік айтпайтын адам. Ғабеңнің жазу­шылығын сыйлайтын, өзі құрметтей­тін жазушының әлгіндей екі сөй­легеніне таңырқайтын.

Тұрсынзада Есімжановты мақтап, оның кітабына алғы сөз жазып, кітап Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылғанда, бұғып қалғанын мен көзіммен көргенмін. Әрине, бұлардың бәрін мен Ғабитті мұқату мақсатында жазып отырғаным жоқ. Естелік болған соң, есте қалған жақсы-жаман қылықтардың бәрі адал, шын айтылуы керек қой. Тарих мақтауды да, даттауды да көтермейді. Барды барша, жоқты жоқша айтуды сүйеді. Біртіндеп ұлы адамдардың пендешілік қылықтары ұмытылады. Артында қалатыны, ұзақ сақталатыны – олардың кітаптары. Ғабит те тарихта шығармаларымен қалады. Ғабиттің құрдастарымен қарым-қатынасы біркелкі болмағанын сөз еттік қой, кезінде Сәкенді өкпелетіп алғанын өзі де, көргендер де айтатын, Мұхтармен арасындағы әңгімені Әлжаппар Әбішев талай жазды. Сәбитпен де, құдалығына қарамай (Ғабиттің үлкен қызы Ғалияға Сәбиттің үлкен ұлы Арыстан үйленген) бір қалыпта қалтқысыз көңілмен өмір сүрді деу қиын. Құрбыларының ішінде қатты сыйласқаны – Ғабиден. Екеуі құрдас, бірге карта ойнайды, қатты қалжыңдасады. Бірін-бірі көргенде шыдап тұра алмайды, «тазды таз көрсе, басы қышиды» дегендей, міндетті түрде бірдеңе айтып, қажап отыруды әдетке айналдырған. Солармен бірге болған күндерде өзім куә болған екеуінің қалжыңы, әзілі, ойыны жайында кезінде Ғабиден туралы естелікте жазған едім. Оларды қайталамай-ақ қояйын. Ғабиден үйіне келгенде Ғабит біресе арақ ішем деп, біресе коньяк ішем деп, «мынаның екеуі де татымсыз екен, шампанская аш» деп, әйтеуір барлық бутылкаларын аштырып рәсуа етіп кететін. Бір жолы қызмет еткен мен: «Не құяйын?» деп сұрағанымда, «Ағаңның арағын аяйсың ба? Әрқайсысынан құйып қой, қалағаны­мызды ішіп отырайық» деген. Ғабиденді сараң деп қажайтын еді, мынасы­ – соған жасаған қысастығы. Ғабиден де ақысын жібермейді. Бір жерде­ екеуі қатысып карта ойнапты. Ғабит ­«Мизер» десе, Ғабиден «тоғыз» деп басып алыпты. Жерден алған картасы нашар болғанына қарамастан, Ғабиден «10» деп жария­лайды. Ғабит картасын ­тастай салады.­ Сөйтсе, қолында «8» ойыны бар екен, соған тәуекел етіп ойнаса, жерден карта­ шықпайды. Тоғыздан құлаған не, оннан құлаған не, тәуекел, бұларды қорқытайын деп, 10 жариялапты.­ Сөйтіп, алдап кетіп, «қорқақ» деп Ғабитті мазақ ететін. Осы мінезін Жұбан екеумізге де бір қайталағысы келіп еді, біз сезіп қалып, ұстап алғанда «әлгі итті сөйтіп қорқытып ала беруші ем» деп құрдасын еске алғаны бар. Жоғарыда айттым ғой, алпысыншы жылдардың аяқ кезінде бір жазда екеуі де инфаркт алып, тауға шықпай, қалада болды. ­Демалыс күндерін Дмитриев­каның арғы жағындағы бір өзен алқабында, ағаш ішінде өткізетін. Бір жолы одақтың үлкен «Зил» маши­насының үстінде жеткенше карта ойнадық.

Ғабеңнің жаңа алған бір туфлиі бар екен, біреуі аяғын қысып, шешіп қойып отырды. Ғабиден оны ақырын аяғымен сырғытып, маши­наның есігін ашып, ­насыбайын түкірген болып, түсіріп кетті. Машина тоқтаған жерде Ғабит туфлиін таба алмай, ақыры Ғабиденнен көріп тынды. Дмитриевка селосына машина жіберіп, аяқ киім алдырып, киіп қайтты. Екінші бір жолы, содан бір жеті кейін, демалыс күні тағы сол жерге бардық. Ғабиден, Ғабит, Ғали, мен – төртеуміз едік. Әйелдерден Құсни мен Ғалекең бәйбішесі Айтбала ерген. Зейне мен Әлия бара алмай қалған. Екі әйел тамақ дайындағанша, біз карта ойнап, тамаққа таяғанда, жуынып, бой сергітейік деп өзенге суға түстік. Ғабит асығыс киінді де, алды-артына қарамай кетіп қалды. – Ана ит бірнәрсені бүлдіруге кетті, – деді Ғабиден. Артынан ере жүрді. Біз де аяңдадық. Келсек, Ғабиденнің ағаш бұтағында ілулі тұрған пиджагын тығып тастапты. Ғабиден барып, оның карта ойнаған жерде жатқан көзілдіріктерін жинап алды. Екеуі беріспей біраз отырды­ да, енді райларынан қайтқан кезде, Ғабит пиджакты қай ағаштың түбіне тыққанын таба алмай қалды. Бәріміз іздеп таппадық.

Сол күні Ғабиден пиджаксыз қайтты. Мұндай әзілдері көп болатын. Ғабең – темекіні көп тартқан адам. Бірін сөндіріп, екіншісін тартып, бұрқыратып отырғаны. Мүштүктен тартады. Жайшылықта жинақы, таза адам, темекі тартқанда, оның күлін бір жерге түсіріп отыруды да ескермейді. Темекі күлі кез келген жерге үгіліп түсіп жатады.­ Ол тамақ ішіп отырған дастарқан ба, карта ойнап отырған үстел ме, бәрібір. Сонсоң үстел үстіне түскен күлді үріп, отырғандардың үстіне шашыратады. – Ит, жеген боғыңды дұрыстап жемейсің бе? – деп боқтайды Ғабиден. Менің бірде (инфаркт алған кезде): – Осы темекі денсаулығыңызға зиян емес пе, тым көп тартасыз, – дегенімде: – Сен білесің бе, сүрленген ет көпке шыдай ма, жас ет шыдамды бола ма? – деп кері сұрақ қойғаны бар. Суреткер адам ғой, образбен ойлап отыратын. Бірде ауруханада жатқанда көңілін сұрап барған маған: – Мен пеницеллиннің образын таптым, – деді, – ол өрт сөндіруші екен. Өртті сөндіргенмен, үй ішін түгел талқандап, бүлдіріп кетеді. Пеницеллин де сондай, ауруды жазғанмен, денеңді, іш құрылысыңды ойрандап кетеді екен. Әдемі табылған образ. Ойға келмеген. Ғабең ғана ойлап тапқан. Ғабең – қазақ жазушылары ішінде ең көп жасаған адам. Ғабиден екеуі құрдас еді. Қатар жасады. Ғабең Ғабиденнен бір жылға жуық кейін қайтты (Ғабиден қаңтарда, Ғабит желтоқсанда). 6-7 айдай үлкендігі тағы бар. Көп жасаған адам көп көреді. Қазақ жазушылары ішінде құрметті де, сыйды да көп көрген осы екеуі. Кейінгі ұрпақ өкілдерімен көп араласты. Ұлттық әдебиетіміздің өсіп жетілгенін көрді, талантты жаңа ұрпақты таныды. Құрдастарына жасаған мінезін кейінгі жастарға көрсеткен жоқ. Олардың жаңа шығармаларын оқып, көмектесті, қамқорлық жасады. Елуінші жылдардың басында Сафуан Шаймерденовтің «Болашаққа жол» атты тұңғыш романын қолдап, Жазушылар одағындағы талқылауда баяндама жасағанын көзіммен көргем. Сонда Сафуанға көп үміт арта сөйлеген. Мұхтар Шаханов пен Мұхтар Мағауин жөнінде жазған «Екі Мұхтар» деген мақаласы көпке мәлім. Сонда екеуінің сәтті ізденістеріне қуаныш білдірген. Баяндамалары мен мақалаларында көптеген жастардың аттарын атап, әдебиет болашағын танығанын байқатады.

Өзінің айтуы бойынша, Сәкен ұсталарынан аз күн бұрын келіп: «Заман беті бұзылып барады, біз кетеміз. Сен аман қаларсың. Сені мынау үй (өлкелік партия комитетін айтады, Ғабит сонда істеген) сақтар. Кейінгі жастарға басшы­ боп сен қаларсың, соларға қамқор бол» депті. Шынында, сол міндетті тағдыр Ғабитке жүктеді. Сәбит барда сонымен бөлісті. Сәбең де жастарға көмектесуден шаршамайтын еді. Ерте кетіп, артын Ғабитке тастап кетті. Бүкіл әдебиет қауымы, үлкені бар, кішісі бар, оны аға тұтты. Атын да атамай «Ғабе» деді. (Ғабитті «Ғабе», Ғабиденді «Ғабеке» деуші ек). Елі де құрметтеді. Көп жылдар КСРО Жоғары кеңесіне, Қазақстан Жоғарғы Кеңесіне депутат сайлады, Орталық Комитетінің мүшесі болды. Ол көрген құрметті бұған дейін бірде-бір жазушы көрген жоқ. Сәкен, Бейімбет, Ілиястар қырықтан жаңа асқан кезінде өтсе, Мұхтар алпыстан аса, Сәбит жетпістен аса қайтты. Сондықтан Ғабитке ­деген халықтық құрмет арманда­ кеткен арыстарға деген ел ілтипаты еді. Сол ағаларына бұйырмаған атақ та Ғабитке тиісті болды. Қазақ жазушылары­ ішінен жалғыз Социалистік Еңбек Ері атанды. Екі рет (1957-1961, 1964-1966) одаққа басшылық жасады. Ол да ағаларына ерекше құрмет көрсететін. Олардың ­аттарын ілтипатпен атайтын, қылықтарын сүйсініп, сағынып еске алатын. Сәкен, Бейімбет, Ілияс, Мұхтар, Сәбит – бесеуін «алыптар тобы» деп атандырған да сол. Олардың әрқайсысы жөнінде естелік-эссе жазды. Мұхтар мен Сәбит қайтқанда тебіреніп сөйлегені көз алдымызда. Өзі де сол «алыптар тобының» арты болды. Соңғы жылдары Ғабит Жазушылар одағының Ақсақалдар алқасын басқарды. Сонда әдебиеттің сапасы, көркемдік жетістігі, жастарды тәрбиелеу мәселелеріне зор көңіл бөлгенін ерекше атауға болады. Ол тіл білмеген, сөзді орнына қолдана алмаған адамды жазушы деп танымайтын. Оны талай айтты. Жазушы тілі, көркем әдебиет тілі тақырыбына оның сөйлеген сөздері, жазған мақалалары, жасаған баяндамалары – өз алдына бір кітап боларлықтай. Ақсақалдар алқасы көркем әдебиет тіліне арнап арнайы конференция өткізді. Алқаның тапсыруымен мен оны ұйымдас­тыруға қатыстым. Конференцияны да кіріспе сөзбен мен аштым. Ғабең сонда керемет баяндама жасап еді. Ұзақ сөйледі, көп материал келтірді, көп сын да айтты (Конференция материалдары кітап болып басылды). Соның бәрі әдебиетке деген ағалық қамқорлық болатын. Ағаны еске алғанда, бұлар ешуақыт ұмытылмайды. Сондықтан оның еңбегін, кітаптарын қандай сүйіп оқысақ, есімін де құрметпен атаймыз. Қазіргі жаңа ұрпақта кешегі кеңес дәуірінде туған әдебиетке, жасалған өнер туындыларына оқымай, көрмей, білмей тұрып, қол сілтей салатын «соқырлық» пайда болғанын көріп жүрміз. Бұл – ұлттық мұраны өркендетпейді, оны сыйламауға үйретеді. Сол бір қиын ­заманда кім қалай өмір сүрді, не жазды, қалай жазды, оның өзі қандай жазушы,­ ақын, өнерпаз екендігін білу үшін олардың еңбегін оқу, көру керек. Тек осылай қарағанда ғана кімнің кім екенін түсінеміз. Ғабиттің де ұлы тұлға екенін білеміз, мойындаймыз.

 

Серік ҚИРАБАЕВ,
академик, Мемлекеттік
сыйлықтың лауреаты

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий